Даудың басы – абердин-ангус сиыры
Даудың басы – абердин-ангус сиыры
724
оқылды
Баршаға мәлім, Бейім­бет Майлин жазған «Дау­дың басы – Дайрабайдың көк сиыры» атты әңгіме бар. Өміршең шығарманың атауы бүгінгі күнге мәтел бо­­лып жеткен. Өткен ға­сыр­­дың басында көк сиыр­дан шыққан дау, ХХІ ға­сыр­­да ангус тұқымды тү­лік­­ке тірелетін түрі бар. Еліміздегі бірқатар фермер Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровпен кездескенде «Мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасында кеткен ол­қы­лықтарды айтып берген. Соның бірі – мал басын көбейту үшін «ан­гус» тұқымының импортына баса назар аударудағы кемшілік. Бұл мәлімет министрлік сайтында 31 қаңтар күні жарияланды. «Қа­зақстан фермерлер одағы тірі мал экспортына тыйым салуды қол­дайды» атты материалдағы де­рекке сүйенсек, фермерлер ми­нистрге бельгиялық көк сиырдың көрсеткіші ангустан әлдеқайда жо­ғары екенін айтқан. Яғни, олар­дың айтуынша, бельгиялық тұ­қым етті де, сүтті де ангустан ана­ғұрлым көп береді. Сондай-ақ министрмен кез­де­суде «Қазақстан фермерлер ода­ғы» бірлестігінің мүшелері тірі малдың экспортына тыйым салу мерзімін 6 ай емес, 60 айға (5 жыл) дейін ұзартуды ұсынған. Одан бөлек, басқосуға келгендер агроөнеркәсіп кешендегі өзекті мәселелерді ортаға тастап, мал шаруашылығындағы пробле­маларды талқылаған. Айтайын дегеніміз – бұл емес. Қаңтар айының соңында Ауыл шаруашылығы министрлігінің тірі мал экспортына шектеу қоюы­на «Қазақстанның ет одағы» бірлестігі қарсылық білдіріп, бри­финг өткізді, бірлестікке мүше фер­мерлер өз уәждерін келтірген. Осы оқиғадан кейін БАҚ пен әлеуметтік желіде «Министрлік пен Ет одағының арасында ақ­парат­тық соғыс басталды» дегенге сая­тын алыпқашпа ақпарат тара­ған. Іле «Ет одағының» басшысы Асыл­жан Мамытбековтен арнайы сұхбат алып, мән-жайды білмек болғанбыз, ол материал «Айқын» газетінің №13 санына (29.01.2019) https://aikyn.kz/asylzhan-mamytbekov-ministrlik-pen-et-odaghy-arasynda-tartys-zhoq/ шықты. Сұхбатта Асылжан Сарыбайұлы екі тарап арасында ешқандай тар­тыстың жоқ екеніне сендіруге ты­рысып бағып, саладағы жетіс­тік пен кемшіліктер жайында егжей-тегжейлі баяндап берген. Әйтсе де, тартыс тоқтамаған се­кілді. Ангустың тиімсіздігі жайлы та­ра­ған ақпаратқа Асылжан Ма­мытбеков те қарап қалмай, facebook-тегі парақшасында пікір жазды. «Асылтұқымды таңдаған, қай елден әкелуді шешкен фер­мер­дің өзі. Ангусты шетелден әкел­ген де фермердің өзі, сонда кім қателесіп отыр? Мүмкін, мұ­ны айтып отырған фермер емес шы­ғар?!» Иә, «ангусқа» қатысты сын­ның Сарыбайұлының шым­байы­на бататын жөні бар. Себебі Қа­зақстанға әкелінген асылтұқымды мал­дың дені А.Мамытбеков ми­нистр болып тұрған кезде жүзеге ас­ты. Жоғарыдағы сұхбатта ай­тыл­ғандай, 2011-2016 жылдары елі­мізге 56 183 бас ірі қара әке­лінген. Әрине, оның барлығы бір­дей ангус емес, 56 мың – бар­лық асылтұқымның есебі. Демек, бұл қазіргі іс басын­дағы министр мен экс-министр­дің арасындағы текетірес аяқтал­ған жоқ дегенді білдірмей ме де­ген көңілге күдік ұялатады екен. Рас, шенділер мен топтардың ара­сындағы дау-дамайда шаруа­мыз жоқ. Бізге керегі Қа­зақ­стан­ның агроөнеркәсібінің дұрыс жол­ға түсіп, орнықты дамуы. Айтқандай, дауға негіз болған ангус – 1775 жылы Шотландияның солтүстік-шығысындағы Абердин және Ангус елді мекеніндегі жер­гілікті малдың қоспасынан шық­қан тұқым. 1873 жылы селек­ция­лық түлік алғаш рет Америкаға экс­портталады, одан ары Кана­даға жетеді. Бүгінде мал экспорт­таушы мемлекеттердің ішінде ангус асырамайтындары сирек. Қазақстанға да жылдам жерсініп, бейімделгені ангус екені рас. Қа­зір ауылда ангустың атын есті­ме­ген, түрін көрмеген адам аз деуге де болады. Материал дайындау ба­рысында Солтүстік Қазақстан облысындағы «Мәмбетов және К» сенім серіктестінің бас дирек­торы Еркебұлан Мәмбетовке қоңырау шалып, жағдай сұрадық. Кәсіпкер 2012 жылы елге 200 бас ангус тұқымын әкеліпті, қазір саны еселеп өсіп, жыл сайын 200-250 бас еркек тайыншаны тұқым­дыққа сатып отыр. «Еліміздің әр өңірінен қожалық иелері келіп алып кетеді. Менің білуімше, Ірі қара мал тұқымының ішінде нө­мірі бірінші – ангус. Қыстың ая­ғы, көктемнің басында туған бұ­заулары тез өсіп, жетіледі де, күзде тірі салмағы 450-500 келі тар­тады, 250 келі таза ет береді. Жер­гілікті сиыр тұқымына ангус бұ­қаны қоссаңыз, бірден келесі жылы түсі қара, тоқал бұзау туа­ды. Яғни, бірден өзіне тартып ала­ды. Одан артық қандай тиім­ді­л­ік керек? Әзірге ангус тұқы­мы­нан проблема көрген жоқпыз», – дейді ол. Айта кету керек, ангустың кем­шілігі туралы интер­нет­тен де мәлімет іздегеніміз­бен, мар­дымды ештеңе тап­падық. Тез май жинап се­міретінін және бұ­зауында байланбаса асау­сып кететінін, агрес­сивті мінез-құл­­қын ғана жа­зып­ты. Иә, «сиыр шы­­ны­мен пұл болды», пұл болға­ны сол, ет экс­пор­ты та­қы­рыбы ай­­­нала­сында «әңгіме» де кө­бейіп, асылтұ­қым­­ды салыс­ты­ра­тын жағ­­дайға же­­­­тіп қал­дық. Бұл да қажет шы­ғар. Әйтсе де, бізге дәл қазір ке­регі – көр­сет­кіш жә­­не өнім сапасы. Бір жағынан қа­зіргі кү­ні әр асыл­тұ­қым­ды мал­дың атында же­ке палата құрылып, жұ­мыс істеп жатқаны бел­гілі. Әр фермер өз қолындағы мал тұ­қымын мақтап, бюд­жет­тен бө­лі­нетін қаржыны көптеп алуды көз­дейтіні де анық жайт. Әйтсе де, қазақ даласының кең­дігі мен климатының ерекшелігі түлік тұқымының қандайының бол­са да басын көбейтуге мүмкіндік беріп отыр. Біздіңше, 2011 жыл­дан бері әкелінген асыл­тұқымды мал басы мен жергілікті «Ақбас» және «Әулиекөл» тұқым­дарының тиім­ділігі мен өнім­ділі­гін си­пат­тай­тын ортақ ғылыми тұжырым­дама жасалуы тиіс. Сонда ғана «сиыр дауына» нүкте қойылуы мүмкін.

ПІКІР:

Бауыржан РАЗАҚ, Республикалық «Ангус» палатасының директоры: – Ангус тиімсіз дегенді айтқан фермердің неге сүйенгенін білмейміз. Ал онымен салыстырғанда, бельгиялық көк сиыр тұқымына көп күтім қажет. Оған сәбіз, қызылша секілді қосымша көкөніс беріп асырамаса, біздің жайылымға жібере салса, өліп қалуы мүмкін. Екіншіден, бельгиялық тұқымның бұзаулары өте ірі болады да, бұзаулаған кезде қосымша күш қажет етеді. Мысалы, кесарь тілігі дейміз ғой, кейде бұзауын сондай жолмен алуға тура келеді. Ал ангустың бұзауы туғанда кішкентай болып туады да, бірден өсіп-жетіледі. Яғни, бұзаулаған кезде проблема болмайды. Сондай-ақ буаздық кезеңде іш тастау немесе бұзаудың туа сала өліп қалуы деген жағдайлар да өте сирек кездеседі. Ангус – біздің климатқа, жайылымға тез бейімделетін тұқым екеніне көзіміз жетіп отыр. Фермерлер олардың қасқырдан да жақсы қорғана алатын қасиетке ие екенін айтып мақтайды. Қазіргі күні Қазақстандағы ангус тұқымды сиырдың саны 90 мыңға жетіп қалды. Ангус негізінен етті бағыттағы тұқым, туғанда 25 келі болған бұзауының салмағы 6 айда 180 келіден асады. Ерекше күтімнің қажеті жоқ. Ерте жетіледі, құнажындары 14-15 айында бұқаға шығып, төлдеуге дайын болады. Сондықтан жұртшылыққа дұрыс ақпарат тарағанын қалаймыз.    width=Бауыржан БАЗАР