Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдаған болатын. Министр жүргізілген талдау жұмыстары мен штабтық-ұйымдастыру шаралары биыл 10 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар Президент әскери білім беру ісінің және дайындық үдерісінің сапасын арттыру жөнінде тапсырма берді. Айбынды әскер – ел қорғаны. Олай болса, Отан қорғаушылар әскери өмірдің қыр-сырын білуі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы да осыны қамтыды. Біз Отан қорғаушылардың қазіргі таңдағы жүргізіп жатқан іс-қимылдарына шолу жасап көрдік.
ЖАТТЫҚСАҢ ШЫҢДАЛАСЫ
Жаттығу, жаттығу, тағы да жаттығу. Міне, осы арқылы жас сарбаз шыңдала түседі. Соның бір мысалы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері оқу-жаттығу өткізді. Танкистер тапсырмаларын «Мәтібұлақ» полигонында жүзеге асырды. Бөлімше марш жасап, әскери көлікті бүркемелеуді, күзет пен жауынгерлік оқ атуды ұйымдастыруды орындады. Сабақтың қорытындысы бойынша жақсы нәтиже көрсеткен аға лейтенант Ерғали Амангелді басшылық еткен роталық-тактикалық топ көзге түсті.– Роталық-тактикалық топ – бұл тек жауынгерлік немесе оқу-жаттығу міндеттерін орындау кезінде қалыптасатын уақытша жиынтық бөлімше болып саналады. Маған оқу-жаттығу кезінде мотоатқыштар взводы, барлау және инженерлік-саперлік бөлімшелері қарады, – дейді 3-танк ротасының командирі, аға лейтенант Ерғали Амангелді.Орындалған іс-әрекетті оқу-жаттығудың жетекшісі, 1-танк батальонының командирі, майор Нұрлан Кубашев бақылады. Оның айтуынша, бақылау жүргізу одан әрі оқу-жаттығуды талдау мен зерделеуге қажет. «Роталық-тактикалық топ барлық нысананы дәл көздей отырып, тапсырмаларды уақытылы орындады. Және ең маңыздысы аз уақытта ол уақытша әскери ұжымды біріктіре отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз етті» деп атап өтті ол.
ЖЕҢІСКЕ – 75 ЖЫЛ
Әскерде шымыр болған адам жеңілмесе керек. Бүгінгі күні әртүрлі спорт түрінен жарыстар өткізу ісі жақсы жолға қойылған. Міне, сондай жарыстың бірі де бірегейі болып табылатын Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Армия орталық спорт клубында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған қоян-қолтық ұрыстан чемпионат аяқталды. Турнирге 14 командадан 109 спортшы қатысып, өз бақтарын сынады. Шараның ашылу салтанатында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы, генерал-майор Мұрат Бектанов:– Заманауи қоян-қолтық ұрыс – бұл жекпе-жек түрі ғана емес, сонымен қатар әлемдік жекпе-жек түрлері арасында функционалдық элементтерді біріктіретін қорғаныс және шабуыл тәсілдерін оқытудың әмбебап жүйесі. Қазіргі таңда қоян-қолтық ұрыс әлемде жауынгерлік жекпе-жектің қарқынды және жылдам дамып келе жатқан түрі болып саналады. Қоян-қолтық ұрыс күресушілерінің жан-жақты дайындығы, жекпе-жек көріністері, сондай-ақ сенімді қорғанысы мен жабдықталымы жаңа спорт түрін әлемге танымал етті, – деді.Аталмыш турнирде жалпы командалық есепте 9 салмақ дәрежесі бойынша 14 776 әскери бөлімінің командасы жеңіске жетсе, екінші орынға «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының командасы жайғасып, Десанттық-шабуылдаушы әскерлері командасы жүлделі үшінші орынды иемденді.
БІЛІКТІЛІК АРТА ТҮСЕДІ
Қорғаныс министрлігінің жауынгерлік жоспарына сәйкес, ақпан айынан бастап наурыз айына дейін зениттік-зымыран (техникалық) дивизиондары, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері, радиотехникалық, құрлық әскерлерінің байланыс батальон командирлері курстық даярлықтан өтеді. Бұл жиын Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында ұйымдастырылады. Оқу бағдарламасында тактикалық мамандық, техникалық даярлық, әскерлерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі және әскери топография сияқты пәндер қарастырылған. Оқуды ЖОО-ның профессор-оқытушылар құрамы жүргізеді. Сонымен бірге Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің офицерлері үшін 248 оқу сағаты, құрлық әскерлері үшін 229 оқу сағаты бөлінді. Бағдарлама теориялық және практикалық сабақтан құралған. Курстық дайындық қорытындысы бойынша, офицерлер алған білімдерін көрсетіп, одан кейін курсты сәтті аяқтағаны туралы сертификат алып шығады. Командалық буынның біліктілігін арттыру курстары Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында 2016 жылдан бастап өткізіледі. Осы уақыт ішінде 200-ден астам офицер оқудан өтті. Курстық даярлықты өткізудің негізгі мақсаты – командалық дағдыларды жетілдіру, сеніп тапсырылған бөлімшелерді басқару және олардың жауынгерлік мақсатын тиімді пайдалану мәселелерінде командалық құрам сардарларының жауынгерлік және тактикалық даярлық деңгейін арттыру.ҚАРУЛЫ КҮШТЕР – АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ
Жемқорлық салдарынан мемлекет зардап шегуде. Әрине, қорғаныс саласында да бірқатар осындай келеңсіз жағдай орын алған болатын. Енді оған жол берілмейді. Бұл туралы жақында Қорғаныс министрлігінде өткен жемқорлыққа қарсы заңнаманың орындалуын бақылау комиссиясының кеңейтілген отырысында айтылды. Қорғаныс министрі, генерал-майор Н.Ермекбаевтың төрағалығымен өткен жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары О.Бектенов пен Қарулы Күштер Бас штабы және құрылымдық бөлімшелері басшылары қатысты.– Қарулы Күштер қатарында болып жатқан сыбайлас жемқорлық фактілеріне ешкім төзуге ниетті емес. Біз үнсіз қалмауымыз керек. Әскерді осындай әлеуметтік зұлымдықтан тазарту шараларын қолдануымыз керек. Лауазымды тұлғалар үшін «жемқорлық» сөзі төзбеушілік пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақтылық сезімін тудыруы керек. Қарулы Күштер – мемлекет тұрақтылығының негізі, сондықтан біздің қатарымызда сыбайлас жемқорлықты азайту маңызды, – деп атап өтті Қорғаныс министрі.Сонымен қатар отырыс барысында Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында әскери қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру және азаматтардың сенімін арттыру үшін «Қарулы Күштер – Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесі, жеке және заңды тұлғалардың кедергісіз қол жеткізу терезесі ашылды. Отырыс қорытындысы бойынша, барлық дәрежедегі және деңгейдегі командирлерге әскери ортадағы сыбайлас жемқорлықты жою бойынша жұмысты жандандыру тапсырылды.