«Генерал Солтүстік Кипрде жүр» деген ақпарат тарады. Заңгерлердің айтуынша, Солтүстік Кипр мен Қазақстан арасында күдіктілерді экстрадициялау туралы келісім жоқ. Заңгер Бағдат Амандосұлы: «Қазақстанға Израиль, Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, Косово және Солтүстік Кипр күдіктілерді ұстап бермейді. Себебі, бұл мемлекеттермен екі жақты келісімшарттар жоқ. Олар бізге қылмыскерді ұстап беруге міндетті емес», – дейді. Сонымен қатар үй қамақта жүрген Күдебаевты көзден таса қылмай қадағалауы тиіс қызметкерлерге де заң бойынша 7 жылға дейін жаза қарастырылған. Күні кеше сот генералдың 23 наурызда Қырғызстан арқылы Түркияға өтіп кеткенін растаған болатын. Ұлттық қауіпсіздік комитеті оның шекарадағы бақылау-өткізу пунктінің ешбірінен өтпегенін хабарлады. Қазір қашқын генералды іздеумен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен прокуратура айналысып жатыр. Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығына Қаңтар оқиғасы кезінде «қызметін асыра пайдаланды» деген айып тағылған. Прокурор оны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрағаннан кейін Күдебаев денсаулығының нашарлығын сылтау етіп, сот отырысына бармады.