Қазақ мәдениеті мен руханиятын ілгерілетуге үлес қосып жүрген белгілі дирижер, композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Әли Алпысбаев Астана төрінде «Елге арнау» атты шығармашылық концертін өткізбек. Концерт 8 сәуір күні сағат 17.00 «Астана» концерт залында өтеді. Әли Алпысбаев – ел ішінде таралған көптеген әннің авторы. Сондай-ақ бірқатар музыкалық қойылымдарға әуен жазған.
Әли Алпысбаевтың өнерге келуіне әпкелері себепкер болған екен. Ол бұл жайында «Түркістан» газетіне берген сұхбатында айтқан: «Жастайынан музыка мектебінде оқыған әпкелерім музыкаға бейім болуыма септігін тигізді. Оған қоса, өзім де бала күнімде үлкен оркестрдің өнерін тамашалаған кезде дирижер болуды армандайтынмын. Орыстар «Дирижер – музыканың патшасы» деп атайды. Сондықтан мен бәрінен биік тұратын дирижер маман иесі атануды мақсат еттім. «Қайтсем де дирижер боламын!» деп ойладым» дейді.
[caption id="attachment_248412" align="alignleft" > ©turkystan.kz[/caption]
Сол бір балалық арманы оны жетелеп Шымкент мәдениет институтына, сосын Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына әкелді. «Бұл таңдауыма еш өкінбеймін. Құрманғазы атындағы, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрлерімен, Астана қаласының оркестрімен ірі концерттік залдарда өнер көрсеттім. Қазақстаннан ары асып, Қытай, Түркия, Польша, Үндістан, Корея, Болгария және Ресейдің ірі қалаларында көптеген халықаралық музыкалық форумдар мен фестивальдарға қатыстым. Аллаға шүкір, дегеніме жеттім» дейді дирижер.
Әли Алпысбаев негізінен көптеген ән, бірқатар ірі күй-поэмалар және қыл қобыз, домбыра, қобыз, фортепиано, виолончель, флейта аспаптарымен сүйемелдеп орындайтын шығармалар жазған. Әсіресе, «Ауылдағы той» әнін көапшілік халық әні деп қабылдаса қателеседі. «Ол әннің авторы – менмін. Ол әнді марқұм Әбен Дәуренбеков екеуіміз бірігіп 80-жылдары жазған едік. Бір күні ол «Әли, екеуіміз бір ән жазайық та. Бір бауырым үйленгелі жатыр еді. Сонымен байланыстырсақ қалай?» деп ұсыныс тастаған еді. Алдымен қайырмасын шығардық. Қалғанын екі-үш күнде жаздық. Бүгінде ол ән қазақ тойларының әнұранына айналды. Ешбір той бұл әнсіз өтпейді» деген дирижер ертеңгі өтетін шығармашылық концертін дәл осы әнмен аяқтайтынын сөз етті.
Ә.Алпысбаевтың әндері мен шығармаларынан құралған «Ауылдағы той», «Әнімді сізге арнадым», «Аққұсым» атты жинақ кітаптары жарық көрді.