Қыс басталысымен еліміздің барлық аймағында мал ұрлығы өршіп кетеді. Соғым кезінде еттің өтімділігі артады да, оңай олжа тапқысы келетіндер жылқыны үйірлеп айдап кетуден тайынбайды. Өткен жылды барымташыларды топтап ұстаумен қорытындылаған жетісулық тәртіп сақшыларына биылғы алғашқы айлар да оңай соқпай тұр. Ұрылар айылын жияр емес. Бір айда – қаңтарда ғана облыс аумағында мал ұрлығына қатысты 100 дерек тіркеліпті. Соның ішінде барымтаны тұрақты кәсіп көзіне айналдырып алған қылмыстық топтардың да жиі көрініс бере бастағаны полиция қызметкерлерін алаңдатып, тұрғындарды қобалжытуда. Өткен қаңтар айында мал ұрлығын майшелпекке айналдырған төрт қылмыстық топ қолға түсіпті. Қазіргі кезде олардың қанша қылмысқа қатысы бар екені анықталуда. Әзірге малды топтап әкетуге қатысты он үш ұрлық істегендері дәлелденген. Қылмыстық топтың бірі Шелек ауылында қолға түскен барымташылар бандасы. Ұрылар жергілікті фермерлердің 86 бас жылқысын қолды қылған. Оның біразын сойып, сатып үлгерген, аман қалғандары иелеріне қайтарылып, қылмыскерлер қамауға алынған. Қылмыс үстінде тұтылғандардың дені тепсе темір үзетін жас жігіттер. Біреуі «оқуымды төлей алмағандықтан осындай қадамға бардым» десе, тағы біреуі «Алматыда тұрып жатқан жалдамалы пәтерге төлейтін ақша таппай қысылғандықтан топқа қосылдым» деп ақталмақ болыпты. Облыстық полиция департаментіндегілердің айтуынша, Алакөл, Еңбекшіқазақ, Кеген, Ұйғыр, Жамбыл, Қарасай, Іле аудандары аумағында мал ұрлығы жиілеген. Қылмыстық топ ұрланған малдың етін сату үшін Алматы қаласындағы көтерме сатып алушылармен тығыз байланыс орнатқан. Әрқайсысының нақты белгіленген міндеті болған. Біреулері малды қай жерден, қашан ұрлауға болатынын анықтаса, екіншілері сол нұсқау бойынша шұғыл қимылдап, төрт түлікті қолды қылып отырған. Үшіншілері – тізбектің ең соңғы бөлігі ұрлық малды сатумен айналысқан. Болат АБАҒАН, Алматы облысы