Мәжіліс депутаты су тасқыны салдарынан баспанасынан айрылған азаматтарға жедел үй салып беруді ұсынды 

Мәжіліс депутаты су тасқыны салдарынан баспанасынан айрылған азаматтарға жедел үй салып беруді ұсынды 

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ғалымжан Елеуов Премьер-министрдің бірінші орынбасары Р.Склярға және Премьер-министрдің орынбасары А.Көлгіновке депутаттық сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, жыл сайын болатын су тасқындары азаматтарымыздың өмірі мен мүлкіне  қауіп төндіріп қана қоймай, отандастарымыздың моральдық-психологиялық деңгейіне де кері әсер етуде. Үкімет, су тасқынына қарсы жүздеген миллиард теңге бөледі. Алайда, нәтиже жоқ десе болады. Мысалы, биыл Ақтөбе облысының Қобда ауданында  су тасқынынан  79 үй, дәмхана, мектеп пен спорт кешені, ал Ойылда 25 үй зардап шекті. Ал Батыс Қазақстан облысының  Ақсай қаласы мен жанындағы ауылдарда 180-ге жуық үйді су басты. Сонымен қатар, Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы ауылында жауған жаңбыр мен еріген қар суы салдарынан 2 рет су тасқыны болып, тасжол бұзылып, маңындағы ауылдарға қауіп төндірген. Ол 259 отбасының ғана  көз-жасы емес, тұтас халықтың басындағы қиындық! «AMANAT» партиясы  зардап шеккен тұрғындарға  құрылыс материалдарымен көмек көрсетуде. "Адамгершілікпен көмек беру  әрбір азаматтың парызы деп білемін. Сондықтан да, бұл  жаппай мәдениетке айналғаны абзал! Су кетер. Су кеткенмен үйлерден дымқыл кетпейді, адамдардың жүрегінде  сызат қалады, азаматтар үйдегі дымқылдан туберкулезге,  басқа да  психологиялық қысымға  душар болады. Осы орайда мынадай сұрақ туындайды – біз неге  жыл сайын  өзіміздің азаматтарды  осындай қиын жағдайда қалдырамыз? «AMANAT» фракциясы Үкімет су тасқынына қарсы келесі шараларды  шұғыл қабылдауы қажет деп есептейді:

  1. Үкімет жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарындағы тасқыннан зардап шеккен барлық отбасыларға жедел түрде материалдық көмек көрсетуі тиіс.
  2. Тасқынның салдарынан баспанасынан айырылған азаматтарға жедел үй салып беру  басты міндет.
  3. Еліміздің барлық аумағында Су тасқыны қаупі бар жерлердің картасы жасалуы қажет.
  4. Су тасқыны қаупі бар жерлердің барлығында тасқыннан қорғайтын дамбалар, контррегуляторлар, су өтетін өткелдер салу аса маңызды. Тасқынның салдарымен күреспей, оның алдын алу қажет.
  5. Жаз кезінде Қазақстанда су ресурстарының жетіспейтіндігін есептесек, жаңа дамба, плотиналар салу  елді мекендерді қорғап қана қоймай, ауыл шаруашылығына көмектестетіні анық.
  6. Су тасқыны қаупі бар көптеген жерлерде жергілікті атқарушы билік үй салуға жол берген. Соның нәтижесінде жеке тұлғаларға да, мемлекетке де орасан зор шығын келіп отыр.
Бұл жерлерді кім бергенін тексеріп, заңсыздыққа жол берген лауазымды тұлғалар  жазасын алуы тиіс. Жауапты  заңда белгіленген мерзімде  берулеріңізді сұраймыз", – деп жазды ол.