Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Нұр-Сұлтан қаласындағы Паралимпиадалық жаттығу орталығына барып, ұлттық құраманың Жапонияда өтетін Паралимпиада ойындарына дайындығымен танысты. 2018 жылдың 4 шілдесінде Елбасының қатысуымен ашылған орталықта Қазақстан құрама командасының оқу-жаттығулары, шетелдік командалармен бірлескен жиындар, сонымен қатар түрлі спорттық бәсекелер өтеді. Еске салсақ, 2019 жылдың мамыр айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев орталыққа келгенінде Токиода өтетін Паралимпиада ойындарында табысты өнер көрсетуі үшін Қазақстан құрамасына ұйымдастыру жұмыстары мен қаржылық қолдау көрсетілетінін айтқан болатын. Бүгінгі таңда Қазақстанның Паралимпиадалық құрама командасының құрамына спорттың 13 түрінен 523 спортшы кіреді. Олар жаттығатын орталық жазғы және қысқы паралимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар мен спорттық резервтің сапалы әрі кәсіби жаттығуына арнап салынған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мұндай орталық АҚШ, Ұлыбритания, Жапония және Оңтүстік Кореяда ғана бар. Премьер-министрдің орынбасарына орталықты Ұлттық паралимпиадалық комитеттің төрағасы Қайрат Боранбаев таныстырды. Ол еліміздегі паралимпиадалық қозғалыс қызметі мен мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы бұқаралық спорттың дамуы туралы да әңгімеледі.
«Орталық құрылысын жүргізгенде де, жабдықтау кезінде де мүмкіндігі шектеулі жандардың барлық қажеті ескерілді. Мұнда спортшылар спорттың 14 түрі бойынша жаттыға алады. Ай сайын шамамен мүмкіндігі шектеулі 6 мыңға жуық спортшы жаттығады», – деді Қ. Боранбаев.Оның айтуынша, орталықта әмбебап цифрлы тренажерлар мен топтық жаттығуға ыңғайлы аймақтан тұратын жаттығу, ойын және күреске арналған үш спорт залы жұмыс істеп тұр. Бір атап өтерлігі, орталықты жабдықтауға паралимпиадашылардың өздері де атсалысқан. Мәселен, арбада отырып билеу бойынша Қазақстан құрамасының мүшесі Ардақ Отарбаев осындағы мүгедектер арбасын жуатын орынның авторы. Ералы Тоғжанов Паралимпиадалық жаттығу орталығының қазіргі заманға сай инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық жабдықталуына жоғары баға берді. Ол отандық паралимпиада спортының тарихында көру қабілеті төмен спортшылар арасында тұңғыш рет ұйымдастырылған голболдан Қазақстан Кубогының ашылу салтанатына қатысты.
«Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау әрдайым ел басшылығының бақылауында болған және бола бермек. Мемлекет қазір мүмкіндігі шектеулі жандардың өзін дамытуға және толыққанды өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасап отыр. Паралимпиадалық жаттығу орталығының ашылуы соған дәлел. Сіздердің әрқайсысыңызда жеңіске деген ынта-жігер бар. Бірақ жеңіс биігін бағындыру үшін бүгіннен бастап тер төгу қажет. Сіздерге ел үшін жауапты сындарда жоғары жетістік тілеймін!» – деді Ералы Тоғжанов спортшыларға арнаған сөзінде.Екі күнге созылатын байрақты бәсекеге еліміздің 5 өңірінен 40-тан аса голболшы қатысып жатыр. Голбол – Паралимпиада ойындарының бағдарламасына енгізген спорт түрі. Қазақстанға 2017 жылы келген спорттың бұл түрінен бүгінге дейін 3 чемпионат ұйымдастырылыпты. Биылғы бәсеке командаға халықаралық аренаға шығуға жол ашады. Айдана БЕГІМ