Шахматтан әлем чемпионаты өтеді

Шахматтан әлем чемпионаты өтеді

7 сәуір мен 1 мамыр ара­лығында Астанадағы St Regis қонақ үйінде шахматтан әлем чемпионы атағы үшін матч өтеді. Онда Әлем чемпионы атағына Ян Непомнящий (ФИДЕ) және Дин Лижень (ҚХР) таласады. Бұл спортшылар халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) әлем­дік рейтингінде екінші және үшін­ші орындарды иеленеді: Ян Непомнящийдің рейтингі – 2793 болса, Дин Лиженьнің рейтингі – 2788. Қандай нәтиже болса да бұл матч 17-жаңа шахмат тәжінің иегерін анықтайды. Астанада өтетін әлем чемпи­онаты алғашқы 40 айналымға 120 ми­нут, келесі 20 айналымға 60 ми­нут және 61-айналымға 30 се­кунд қосып, қалған айналымдарға 15 минут уақыт бақылауымен 14 партиядан тұрады. Тең есеп бол­ған жағдайда қарсыластар ра­пидтан плей-офф ойнайды. Әлем чемпионатына ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович, шахматтан 14-әлем чемпионы Владимир Крамник, шахматтан 15-әлем чемпионы Виши Ананд, әйелдер арасындағы шахматтан 4 дүркін әлем чемпионы Хоу Ифань, сондай-ақ гроссмейс­терлер – Даниил Дубов, Виорел Бологан, әйелдер гроссмейстері, Латвияның бұрынғы экономика министрі және қаржы министрі Дана Рейзнице-Озола сияқты бірқатар атақты қонақ келеді деп күтіліп отыр. Чемпионат аясында қонақтар бір мезгілде семинарлар мен ойын сеанстарын өткізеді. 2023 жылғы әлем чемпионатын өткізу бары­сында Қазақстан Республикасы мен әлемнің әйелдер құрама командалары (рапид және блиц) арасында халықаралық матч өтеді, сондай-ақ 14 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында Future World Champions 2023 I кезеңі өтеді. Бұл кезең 2023 жылғы Қазақстан Рес­публикасы балалар Кубогының финалына қатысатын үміткер­лерді анықтайды.

«Алдағы әлем чемпионаты – шахмат әлемі үшін де, Қазақстан үшін де маңызды оқиға. Қазіргі уақытта елімізде шахмат трендте. Біз шынымен де қызығушылықтың артып келе жатқанын байқаймыз. Осыған байланысты Қазақстан жас ұрпақ үшін шахматты дамы­тудың бағдарламасын қабылдады. Қазір Федерация алдында шах­матты түбегейлі жаңа деңгейге көтеру, жас шахматшыларға кере­мет мүмкіндіктер жасау және жаңа таланттардың іргетасын қа­лау міндеті тұр», – деп атап өтті Қазақстан Шахмат феде­рация­сының президенті Тимур Турлов.

Азат ҚАЗАҚ