Шекарадағы қатынастың құқықтық негізін реттейді

Шекарадағы қатынастың құқықтық негізін реттейді

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, онда депутаттар бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алып, екі ратификациялық заңды қабылдады. Оның бірі – Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Қазақстан-Түрікмен мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялау. Ол туралы депутаттар алдында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Алдажұманов баяндама жасады. Айтуынша, келісімнің басты мақсаты – Қазақ­стан мен Түрікменстан арасындағы мемлекеттік шекарадағы қатынастардың құқықтық негізін өзара белгілеу және реттеу. Одан әрі:

– Белгіленетін режим адамдардың, көлік құралдарының мемлекеттік шекараны кесіп өту және өткізу және ол арқылы жүктерді және өзге де мүлікті өткізу тәртібін қамтиды. Бұдан басқа, ол шаруашылық, кәсіпшілік, зерттеу, іздестіру немесе өзге де қызметті жүргізуге, сондай-ақ шекарада қоғамдық-саяси, мәдени және өзге де іс-шараларды өткізуге қатысты болады, – деп толықтырды Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қа­уіп­сіздік комитетінің мүшесі Константин Авершин.
Сондай-ақ мәжілісмендер Қазақстан мен Тө­тенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп қатерін азайту жөніндегі орталық арасындағы ел аумағында оның болу шарттары туралы келісімді ратификациялады. Оларға орталықтың біздің еліміздің аумағында болу шарттары белгіленеді. Заң жобасының басымдықтары туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин атап өтті. Ал Мәжілістің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов қосымша баяндама жасады. Сонымен қатар пленарлық отырыста депутаттар бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында бизнесті жүргізу, экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауар­лардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) экспортын ілгерілету мәселелері бойынша түзету­лер, сондай-ақ төрт ратификациялық заң жобасы бар.