Жылу энергетикасын дамытудың алғышарты

Жылу энергетикасын дамытудың алғышарты

Мәжілістің Экология және табиғат пайдалану комитетінде «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер таныстырылды. Жиынға комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин жетекшілік етіп, оған Мәжілістің вице-спикері Альберт Рау қатысты. Заң жобасын Азия даму банкі тартқан халық­аралық сарапшылардың техникалық қолдауымен Энергетика министрлігі әзірледі. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бұған дейін мұндай жеке салалық заң болмаған.

– Заң жобасы жылу энергетикасы саласындағы сая­сат үшін құзыреттер мен жауапкершілікті қайта бөлуді көздейді. Энергетика министрлігіне қазіргі уақытта Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жүзеге асыратын жылу энергиясын тасымалдау функциясы бекітілетін болады. Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық­қа жататын жылу энергиясын елді мекендердің тұтыну бөлігінде жылумен жабдықтау жүйелеріне жауапты болады. Сонымен қатар жылу желілеріндегі бақылау функциялары жергілікті атқарушы орган­дардан Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетіне беріледі, – деді А.Сәтқа­лиев өз баяндамасында.
Оның айтуынша, заң жобасының өзекті аспектісі – жылу энергетикасын дамытудың мас­тер-жоспарын енгізу. Мастер-жоспар аумақтарды дамыту, тұрғын үй құрылысы, халық санының сер­піні, өнеркәсіпті дамыту жоспарлары мен бағдар­ламаларымен және басқа да факторлармен өзара байланысты жылу энергетикасының жоспарлы үдемелі дамуын қамтамасыз етуге арналған. Энергетика министрі бүгінде Қарағанды облысы Шахтинск қаласының мастер-жоспарын әзірлеу бойынша пилоттық жоба іске асырылғанын атап өтті. Сонымен қатар құқықтық олқылықтарды жою және жылу энергетикасы саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейтуге қажетті нормативтік-құқықтық база қамтамасыз етіледі.
– Бұл жоба тарифтік реттеудің нақты және толық қағидаттарын және жылу энергиясына реттелетін тарифтер сәйкес келуі тиіс өлшем­шарт­тарды, атап айтқанда тарифтік әдістемені жетілдіру, экономикалық негізделген тарифті қамтамасыз ету, инвестициялар тарту мүмкіндігін белгілейді. Жылумен жабдықтау субъектілеріне емес, халықтың осал топтарына тікелей бюджеттік қолдауды жүзеге асыру тетігі қарастырылған», – деп толықтырды баяндамашы.
Ілеспе түзетулер аясында Кәсіпкерлік кодекске және төрт заңға, соның ішінде «Электр энергетикасы туралы» және «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Баяндамадан соң мәжілісмендер заң жобасын талқылауға көшті. Олар Энергетика министріне жылу электр станцияларын жөндеу және салу, тарифтерді реттеу және тағы басқа сауалдарын қойды. Заң жобасын талқылау одан әрі жұмыс тобында жалғасады. Оған Экология және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов жетекшілік етеді.