Энергетика министрлігі елде сәуірден бастап бензин мен дизель қымбаттайтынын мәлімдегелі бері халықтың көңілі алаң. Үкімет бұл қадамға «мәжбүрлі» түрде барғанын айтып әлек. Енді жанармаймен жарысып, азық-түліктің, басқа да тауарлардың бағасы қымбаттауы мүмкін. Мұны сарапшылар қазірден-ақ айтып жатыр. Сондықтан жанармай бағасын көтеру әрекетін қалай бағалағанымыз жөн? Үкімет тағы бір даудың отын тұтатты ма?
Отқа май құйғанның әлегі
Мәселені қозғамас бұрын бір нәрсені еске салғымыз келеді. Былтыр болған Қаңтар оқиғасының шығуына газ бағасының қымбаттауы себеп болғаны жасырын емес. Сол кезде Энергетика министрлігі бағаны түсірмеу үшін қарсыласып бақты. Енді ондай өрт тұтанбасына сенді ме, Энергетика министрлігі жанармай бағасын қымбаттатын болып шешті. 5-10 пайыздық межеде емес, бензинді 11 пайызға, дизельді бақандай 20 пайызға көтеретінін мәлімдеді. Яғни, АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасы литріне 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін, дизель 230-260 теңгеден 295 теңгеге дейін қымбаттайды.
Министрліктің сылтауы сол баяғы – «басқа елдерге қарағанда жанармай ақысы бізде төмен». Негізі, бұл сөзді Үкімет мүшелері көптен бері айтып қалып жүрді, ақыры іске асыруға көшкендей. Бұған қоса, қымбаттату арқылы тапшылық жойылатынын да алға тартқан. Бірақ министрлік есебі басшылардың сөзіне керағар. Соңғы бес жылда бензин шығару көлемі 70 пайызға артқан, тіпті дизель отынын шығаруда рекордтық көрсеткішке жетіпті. 3 мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін мұнай көлемі 3 млн тоннаға көбейген. Жылына шамамен 17 млн тонна мұнай өңделеді. Мемлекет 350 мың тонна дизель көлеміндегі дефицитті қымбат бағадағы импорттық отынмен жабуға мәжбүр болған. Аса көп көрсеткіш емес. Онда қайдағы тапшылық? Сөйтсек, министрлік негізгі фактордың бірі ретінде транзиттік көлік ағыны арқылы шетелге дизель кетіп жатқанын айтыпты. Отандық отын бағасы көрші елдермен салыстырғанда айтарлықтай арзан екен. Бұл орайда Қазақстан жанармайы арзан он елдің қатарына кіретінін қосыпты. Мысалы, Ресейде дизель отыны орташа есеппен санағанда, литрі – 345 теңге. Біздегі нарық бағасынан 45 пайызға қымбат. Қырғыз Республикасында 64 пайызға қымбат, яғни литріне 390 теңге. Өзбекстандағы баға бізбен салыстырғанда, екі есеге қымбат, литріне 480 теңге. Егер бағаны көтерсек, қазақстандық дизель отынын түрлі жолдар арқылы шетелде сатудан түсетін пайда 50-120 пайызды құрап, ақшалай 140 млн доллар табыс келеді-мыс. Дегенмен бұның бәрі министрліктің болжамы ғана. «Тапшылық пен шетелге кетіп жатыр» деген сөз тек – сылтау ғана сияқты. Үкімет бәрібір бағаны көтеруге мүдделі. Бірнеше облыста газдың бағасы да көтерілмек. Сол арқылы түсетін табысты молайту ғана ойларында. Өздерінің дәрменсіздігін осылайша жасырғысы келеді. Мәселен, жыл басынан бері, айналдырған 3 айда Ұлттық қордан 1 трлн теңгеге жуық қаржы алынған. Қорға қол сала беру тек шығынға қарай жұмыс істеп жатқанның көрсеткіші.
«Инфляция өткен жылдары қатты қарқынды болғанын білеміз. Мейлі, Үкімет жанармай құнын көтерсін, бірақ ең болмаса инфляцияның бәсеңдегенін күтуі керек еді. Шындығында, бұл әрекет инфляцияны одан әрі өсіре береді. Халыққа ауыртпалық алып келетіні анық», – дейді ол.Әйтсе де, қымбатшылықтың қарқыны мұнымен шектелмейтін секілді. Өйткені алдағы уақытта да жанармай бағасы өсе бермек. Ол кезде пайызбен емес, еселеп есептеуіміз ғажап емес. Экономист Бауыржан Мұқановтың сөзінше, 2025 жылы жанармай шамалап есептегенде 500 теңгенің маңайына барады.
«2025 жылы Еуразиялық ортақ энергетикалық нарық құрылады. Ол кезде Ресей, Беларусь сияқты елдермен жанармай бағасы теңесуі тиіс. Алдын ала экономикалық, әрісі саяси келісімдер жасалып қойған. Десек те, Үкімет осыған дейін бағаны қолдан ұстап келді. Нарық заңына сүйенсек, бағаны өсуі қалыпты дүние. Тек бұл жерде Үкіметтің айыбы өзгерісті болайын деп жатқанда ғана хабарлайды, алдын ала халыққа ақпарат беріп отыруы тиіс еді», – дейді.Қорыта айтқанда, шешім қабылданып үлгерді, енді жанармай бағасы қымбаттайтыны сөзсіз. Халыққа тікелей жанармайдың құны көтерілгені емес, соның әсерінен болатын азық-түлік қымбатшылығы уайым. Онсыз да бас бермей келе жатқан инфляцияның қарқыны тіптен үдей түспек. Отандық өндірісі кенжелеп қалған елдің Үкіметінен алдағы уақытта оң өзгеріс күтудің өзі оғаш секілді.