Жыл басталар тұста жаңа баспанаға қоныстанған бір топ қызылордалықтың қуанышы ұзаққа созылмады. Үш айға жетпей жаңа үйдің сапасы сыр бере бастады. Бұл қаланың сол жағалауында салынған тұрғын үйлерге қатысты тіркелген екінші жағдай. Сол жағалаудағы бұл арендалық тұрғын үй баспанаға зәру тұрғындарға жаңа жыл қарсаңында табысталған. Апатты үйде үреймен күн кешіп отырған халыққа бұл үлкен қуаныш сыйлады. Алайда үш айға жетпей, олардың қуанышы су сепкендей басылды. Жаңа үйдің сапасы сыр бере бастаған. Бүгінде сол жағалауда бой түзеген жаңа тұрғын үйдің сыртқы келбеті ғана емес, ішкі жағдайы да мәз емес. Үйдің есік-терезелері тозған. Ал тұрғындар кімге шағымданарын білмей дал. Қызылорда қаласының сол жағалауында бой түзеген бұл тұрғын үй 3 бөлмелі 60 пәтерден тұрады. Құрылысты «СК Дәнекер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.
«Осы үйге көшіп келгенімізге 3 ай болды. Сол жағалауда салынған №65 үйдің құрылыс жұмыстарына бақылау болмаған сияқты. Жертөледегі құбыр тесіліп, су тоқтаусыз кетті. Суағарлар да дұрыс жасалмаған. Күн санап іргетасы үгітіліп, құлап жатыр. Үйдің артынан құрылыс кезінде қазылып, топырақ алынған. Сол жерге жаңбыр мен қар суы жиналып, көлшікке айналды. Балаларымыздың осы шұңқырға түсіп кетпесіне ешкім кепіл бола алмайды. Бұған қоса, балалар ойнайтын ойын алаңы да жоқ», – дейді тұрғын Ғалия Сыханова.Тағы бір қызылордалық Азамат Әбдіғали үйдің сырты бүтін болғанымен, іші «түтін» екенін алға тартады.
«Үйдің сыртынан қарасаң, бір міні жоқ сияқты болып көрінгенімен, күн санап тозып барады. Қазірдің өзінде жылу батареяларынан су тамшылап, унитаздары сынып жатыр. Пластикалық терезелеріне масадан қорғайтын қорғаныштары салынбаған. Ауланы жарықтандыру қаперге алынбаған сияқты. Кеш батса, тас түнекке айналады. Қысқасы, жайлы өмір сүруге ешқандай мүмкіндік қарастырылмаған. Сондықтан жергілікті әкімдік пен мердігер мекеме осы мәселелерді шешуге ден қойғаны жөн деп білеміз», – дейді тұрғын.Бұған дейін де дәл осы сол жағалау аумағынан бой түзеген тағы бір 40 пәтерлік тұрғын үйдің сапасына қатысты шу шыққан болатын. Бұл тұрғын үй кешенінде пайдалануға берілмей жатыр, есік-терезелерінің қисық салынғаны, құрылыс жұмыстарының сапасыз жүргізілгені анықталған еді. Сол кезде Қызылорда қаласының әкімдігі қүрылыс нысаны жеке кәсіпкердің қаражаты есебінен салынғаны айтылып, олқылықтарды қалпына келтіруге тапсырма берілгенін мәлімдеді.
«Үйіміздің сапасына айтылар сын көп. Биылдың өзінде 4-кіреберісте төртінші қабаттан бастап жылу құбырлары жарылып, су алып кетті. Қабырғалары көгеріп, сыз тартып жатыр. Есік-терезелері мен унитаздарының арзан материалдардан жасалғаны көрініп тұр. Үйіміздің айналасы құрылыс қалдықтарына толы. Бір сөзбен айтқанда, бұл қыстан амалдап шықтық. Келер қыста жағдайымыздың қалай болатынын елестетудің өзі қиын», – дейді тағы бір тұрғын Қалдыгүл Майханова.Аталмыш мәселеге орай Қызылорда қаласы әкімдігінің құрылыс бөліміне сұрау салғанбыз. Бөлім бұл тұрғын үй кешенін апатты деп танылған үйлерде тұрып жатқан тұрғындарға қүрылыс компаниясынан арнайы сатып алынғанын мәлімдеді. Оған облыстық бюджеттен 993 миллион 750 мың теңге бөлініпті.
«Сол жағалаудағы бұл тұрғын үй құрылыс компаниясы тарапынан салынып, облыстық қазынадан бөлінген қаржыға апатты үй тұрғындарына арнайы сатып алынды. Сондықтан оның сапасына негізінен құрылыс компаниясы жауапты болып табылады. Дейтұрғанмен, біз тұрғын үйдегі 60 пәтердің ішкі жағдайына 2 жылға дейін кепілдік бере аламыз. Аталмыш үй тұрғындары өз пәтердегі ақау жайында бізге хабарлаған жағдайда, қайта қалпына келтіруге көмектесеміз. Есік-терезелерінің, унитаздарының сынған, бүлінген жерлерін жөндейміз. Ал сыртқы жағдайына келер болсақ, қазір бұл аумақта бірнеше тұрғын үй ғимараттарының құрылыстары жүргізіліп жатыр. Сол себепті де балаларға арналған ойын алаңдары, жарықтандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілетін болады», – дейді бөлім әдіскері Нұржан Қани.Апатты үйдің азабынан әрең құтылған халық енді сапасыз үйге қоныстанып салы суға кетіп отыр. Сондықтан да олар құрылыс жұмыстарына жауапсыз қараған мердігерлерге бақылауды күшейту қажет деп санайды.
Қызылорда облысы