ЕҰУ-дағы баспасөз туры: ғалымдардың инновациялық жобалары таныстырылды

ЕҰУ-дағы баспасөз туры: ғалымдардың инновациялық жобалары таныстырылды

ҚР Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Еуразия ұлттық университеті  БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турын өткізді. Оның барысында университет ғалымдары 20-дан астам ғылыми әзірлемелерін таныстырды. «Ядролық технологиялар паркі» АҚ,  ENU-Lab  ғылыми-өндірістік   орталығының, ғылыми-зерттеу зертханаларының өнертабыстары паш етіледі. ЕҰУ-дың Ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева баспасөз туры аясында журналистерге университет ғылымының дамуы туралы баяндады. Өткен жылы ЕҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді. Бұл бағытта оқу ордасы әлемдегі зерттеу университеттерінің үздік дәстүрлері бойынша заманауи ғылыми-өндірістік экожүйені дамытып, бизнеспен және өндіріспен сабақтастықты нығайтуда. Сонымен қатар  университет коммерцияландыру идеяларын қолдау үшін өз гранттарын тағайындайды. Университет ғалымдары әртүрлі бағытта 200-ден астам ғылыми жобаны жүзеге асыруда. ЕҰУ-дың ғылыми қызметі 13 факультетте және 31 ғылыми-зерттеу орталығында жүргізіледі. Ғылыми дәрежесі бар профессор-оқытушылар құрамының үлес салмағы 67%  құрайды, бұл еліміздегі орташа көрсеткіштен екі есеге артық.

«Бүгінде Мемлекет басшысының жеке бақылауымен жүргізіліп жатқан отандық ғылымды кешенді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясат өзінің алғашқы жемісін беруде деп айтуға толық негіз бар. Университет ғылымы бұған айқын дәлел. Біз сутегі энергетикасын дамыту, инновациялық құрылыс материалдарын, 3D принтерлерді, жасанды интеллектіні пайдалана отырып, жаңа технологияларды әзірлеу үшін нақты сектордың ірі компанияларымен ынтымақтастықты дамытып жатырмыз. Жақында біз Qazbiofarm холдингімен отандық фармация мен биотехнологияларды дамыту бойынша меморандум жасадық. Ядролық технологиялар паркі қазірдің өзінде көптеген инновациялық әзірлеме  өндіруде. Біздің міндетіміз – университет ғылымының ел экономикасының нақты секторына қосатын үлесін арттыру. ЕҰУ бүгінде әлемнің үздік 300 жоғары оқу орнының қатарына кіреді және QS World University Rankings рейтингінде 277-орында», – деді проректор.
Баспасөз туры аясында журналистерге 20-дан астам ғылыми жоба таныстырылды.  «Ядролық технологиялар паркі» АҚ энергетика, құрылыс, ауыл шаруашылығы және медицина үшін экологиялық қауіпсіз өнімнің 12-ден астам түрін шығарады. Өнертабыстардың бірі –  Beta sorb  инновациялық гидрогелі. Радиациялық тігілген суперсорбент өнімділікті 30%-ға арттырып, суару шығындарын 50%-ға дейін азайтады, сонымен қатар құрғақшылыққа төзімділікті және топырақ ылғалдылығын сақтауды қамтамасыз етеді. 1 грамм суперабсорбент 300 грамм суды сақтай алады. Ғалымдар тағы бір бірегей «Кровлен» өнімінің технологиясына тоқталды. Бұл құрылыста, химия және металлургия өнеркәсібінде гидрооқшаулағыш және шатырға арналған материал ретінде қолданылады. Оның беріктігі, икемділігі, сыртқы ауа райына, соның ішінде күн радиациясына төзімділігі бар. Ғалымдар бұл қасиетке полимерлі қоспалары бар каучуктың арнайы сорттарын соңғы радиациялық технологиялармен өңдеу арқылы қол жеткізді. Ядролық технологиялар паркі, сонымен қатар «Экоизол» сауда белгісімен жоғары сапалы гидро, жылу, шу оқшаулағышын жасайды. Еуропалық сападағы экологиялық таза өнім жылу шығынын 30% азайтады, 25 дБ шуды сіңіру арқылы дыбыс оқшаулауды жақсартады, жоғары деңгейдегі гидрооқшаулауды қамтамасыз етеді. Пенополиэтиленді қолдану мерзімі ұзақ, ол 50 жылға дейін өз сапасын жоғалтпайды. «ТермоИзол» сауда маркасымен мұнай-газ саласы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық үшін термоорнықтырылған оқшаулағыш пен тотқа қарсы ленталар шығарылады. Олар магистральдық құбырларды қорғау үшін қызмет етеді. Ғалымдардың барлық бірегей әзірлемелері өндіріске енгізілген және қазақстандық нарықта қолжетімді. Олар ЕҰУ Ядролық технологиялар паркі негізінде өндіріледі. Сондай-ақ технологиялар паркі медициналық бұйымдарды, азық-түлікті радиациялық өңдеумен, жәндіктерді залалсыздандырумен айналысады. Пандемия кезінде қан алу үшін 205 млн астам пробирка, түрлі мақсаттағы 2 млн-нан астам медициналық жиынтық өңделсе, ал өткен жылы 25 млн пробирка, 400 мың жеке медициналық бұйымдар залалсыздандырылды.   ENU-Lab  ғылыми-өндірістік орталығында журналистерге құрылыс саласындағы заманауи технологиялар ұсынылды. Олардың бірі өзекте мәселеге айналған көпқабатты үйлердегі әлсіз дыбыс оқшаулау мәселесін шешуге бағытталған. Ғалымдар өнеркәсіп қалдықтарынан шуды оқшаулайтын жеңіл бетондар жасауды жоспарлап отыр. Жақсартылған дыбыс оқшаулағышы бар материал көпқабатты ғимараттардың ішкі бөлімдерін салу кезінде қолдануға арналған. Жобаға еліміздегі ірі құрылыс холдингтері қазірдің өзінде қызығушылық танытуда. Себебі бұл технология көппәтерлі тұрғын үйлердегі «жұқа» қабырғалар мәселесін шешуге мүмкіндік береді. ЕҰУ ғалымдары, сонымен қатар жоғары беріктігі бар бірегей цементті әзірлеуде. Ол әдеттегіден 2,5 есе мықты бетон алу үшін қажет және бөгеттерді, көпірлер мен су электр стансаларын салуға пайдалануға болады. ЕҰУ инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі, физика-математика ғылымдарының докторы Максим Здоровец журналистерді ДЦ-60 ауыр иондары үдеткішінің жұмысымен таныстырып, ғылыми өнертабыстар туралы айтып берді. Олардың ішінде зертхана цехында құрастырылатын трек мембраналарына негізделген суды тазартуға арналған фильтрлі сүзгілер бар. Сүзгінің артықшылығы – ашық көздерден 2 000 литрден астам суды тазарту әлеуеті. Инженерлік бейіндегі зертхана Қазақстанда шығарылатын трек мембраналары арқылы су-май эмульсияларын бөлудің жоғары тиімді әдістерін жасауды қолға алды. Ғылыми жоба құрамында мұнайы бар ағынды сулар мен пайдаланылған майларды тазарту арқылы елдің экологиялық проблемасын шешуге бағытталған. Түрлі мұнай өнімдерін қайта пайдалану арқасында ресурстарды үнемдеуге жол ашылады. Трек мембраналары жұқа полимерлі пленкалардан жасалған. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Еуразия физика-энергетикалық және ғылымды қажетсінетін технологияларды зерттеу институты» ҒЗИ директоры Қайрат Күтербеков термоэлектрлік модульдер мен натрий-ионды батареяларға арналған нанокомпозиттік материал өндіруге кеңінен тоқталды. Жоғары тиімді термоэлектрлік материалдардың басты артықшылығы – улы компоненттердің болмауы, төмен баға, жоғары энергия мен жылу энергиясын электр энергиясына айналдырудың үлкен тиімділігі және қызмет ету мерзімі ұзақ. Өнімдер термоэлектрлік генераторлар мен жартылай өткізгіш тоңазытқыштар шығаратын кәсіпорындарда пайдалануға арналған. Ғалымдар тобы онкологиялық ауруларды емдеудің тиімді әдістерін зерттеп жатыр. Бұл жобаның бірегейлігі – препаратты жасау және оны нанотасымалдаушылар арқылы рак клеткаларына тікелей енгізу. ЕҰУ-дың аға ғылыми қызметкері Илья Корольковтың айтуынша, бұл жобаның артықшылығы – нанотасымалдаушылардың өзіндік ерекшелігінде және оларды өзгерту әдістерінде. Ғалым атом энергетикасы мен иондаушы сәулеленуден қорғау үшін материалдардың жаңа түрлерін жасау технологияларын әзірлеу туралы егжей-тегжейлі айтты. ЕҰУ Ақпараттық технологиялар факультетінің жасанды интеллект технологиясы кафедрасының аға оқытушысы Нұрзада Амангелді қымбат датчиктерді, бірегей камералар мен суперкомпьютерлерді пайдаланбай  автоматты ым-ишарамен жеткізілетін қазақ сурдоаудармасының қолжетімді жүйесін жасаумен айналысуда. Инновация жасанды интеллектке негізделген және есту қабілеті нашар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға және олардың білім беру және басқа процестерге кедергісіз интеграциялануына бағытталған. Жүйені қарапайым компьютердің көмегімен пайдалануға болады. Ғалым Еуразия ұлттық университетінің коммерцияландыру әлеуеті бар ғылыми жобалар мен идеяларды қолдауға арналған  Jana asu  байқауында грант жеңіп алды. ЕҰУ-дың докторанты Ғани Балбаев толық буынын қалпына келтіруге арналған жаңа киілетін роботталған экзоскелеттің жасалуын паш етті. Жоба жасанды интеллект негізінде жасалады және механикалық байланыстар қолданылады. Құрылғы жеңіл, шағын, киюге және белсенді қозғалыстарға ыңғайлы. Физик ғалымдар тобы ядролық энергетика және иондаушы сәулеленуден қорғау үшін құрылымдық материалдардың жаңа түрлерін жасау технологияларын әзірлеумен таныстырды. Олар радиациялық жүктемелерге төтеп беруге және қорғауға қабілетті ядролық және термоядролық реакторларды жобалау мен құруда қолданылатын болады. ЕҰУ оқытушы-зерттеушісі Жұмат Каргин металлургия өнеркәсібінің қалдықтарынан өндірілетін гематит ұнтағын алу технологиясы туралы айтып берді. Оны бояғыш және тыңайтқыш ретінде, сондай-ақ емдік мақсатта суспензия және магнит өндіруде қолдануға болады. Оның айтуынша, елімізде жыл сайын болатты өңдеу кезінде тотығу процестері есебінен 70-100 мың тонна таза темір жоғалады. БАҚ-тың қызығушылығын жасыл технологияларға негізделген постдокторант Әлия Темірбекованың ғылыми жобасы да тудырды. Ол алғаш рет бағытталған нанобөлшектермен қапталған мультиспектрлі, бактерицидті-фунгицидті жарық диодты шамдарға негізделген көкөністер мен жемістерді ұзақмерзімді сақтаудың эксперименттік зертханалық қондырғысын әзірледі. Оның айтуынша, әлемде көкөністер мен жемістерді ұзақ уақыт сақтайтын мұндай кешенді қондырғы әлі жоқ. Бүгінде ғалымдар алғашқы сәтті зертханалық сынақтарды жүргізуде. Баспасөз туры барысында ғалым Дина Сатыбалдина қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды бақылау үшін «электронды  мұрын» әмбебап мультисенсорлы газ аналитикалық жүйесін таныстырды. Ол әріптестерімен бірге «ақылды» қаланың бұлтты экологиялық мониторинг жүйесіне арналған бағдарламалық жасақтама мен IT құрылғыларының желісін дайындайды. Әзірлеу «электронды  мұрын» түріндегі ауа сапасын экспресс-бағалаудың көп тапсырмалы портативті құрылғыларын әзірлеуге кететін уақыт пен шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Шахмаран Сейілов IT-Alem жұмыс үстелі желілік тренажерін құру туралы айтты. Бұл студенттерге желілік және IT технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын алуға көмектеседі. ЕҰУ ғалымдары Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасын насихаттау үшін «Ахметтану» зияткерлік жүйесін әзірлеуде. Сондай-ақ «Қызықты ономастика» мобильдік қосымшасы құрылуда, оның көмегімен қазақ атаулары мен географиялық атаулардың тұжырымдамасын білуге болады. ЕҰУ Цифрлық даму және қашықтықтан оқыту департаментінің директоры Гүлмира Бекманованың айтуынша, ғылыми-лингвистикалық негіздер мен IT ресурстар жобасы қазақ тілінің функцияларын кеңейтуге және мәдениетін арттыруға бағытталған. Айта кеткен жөн, «Жас ғалым»  жобасы бойынша ЕҰУ ғалымдарының қатарына 86 постдокторант қосылды. «500 ғалымның тағылымдамасы» жобасы аясында 50-ден астам ЕҰУ ғалымы екінші жыл қатарынан әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуде. Соңғы бес жылда ЕҰУ ғалымдарының жарияланымдық белсенділігі екі есеге артты. Мақалалардың жартысынан көбі Web of Science базасының Q1, Q2 журналдарында жарияланады. Университеттің кейбір ғалымдарының мақалалары жылдан-жылға өз пәні бойынша әлемдегі ең көп сілтеме жасалатын 0,1% кіреді.