Түркістан облысында қызыл кітапқа енген қызғалдақты жұлушылардың жеке басы анықталып жатыр. Әлеуметтік желіде қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды жұлып, табиғатқа зиян келтіріп жүрген азаматтардың видеосы тарады. Онда табиғат аясында демалушылар қызғалдақтардың үстімен жүріп, таптап бара жатқанында көруге болады. Оқиға «Шымкент – Түркістан» тасжолы бойындағы Темірлан ауылының маңында болған. Бұл туралы экобелсенді Ғани Назарбек әлеуметтік желіде жазба жариялады. Ал Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған бейнежазбадағы азаматтардың жеке басын анықтау жұмыстары жүргізіліліп жатқанын жеткізді.
«Грейг қызғалдақтарын қызықтап, суретке түсу үшін келген азаматтар мен қонақтар, аталған өсімдіктің Қызыл кітапқа енгеніне назар аударуы керек. Егер жұлу, зиян келтіру жағдайы орын алса, ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабына сәйкес, қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз. Осы баптың санкциялары 3000 АЕК-ке (1 АЕК – 3450 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салуды немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуды, болмаса 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді, не мүлкі тәркіленіп, 5 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыруды, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді», - делінген ақпаратта.