«ӨКМ Операторы» ісі: Астанада сот отырысы өтеді

«ӨКМ Операторы» ісі: Астанада сот отырысы өтеді

«ӨКМ Операторы» ісі бойынша сот отырысы Астанада өтеді. Байқоңыр ауданының №2 сотында өткен алдын ала сот отырысында судья Кемеңгер Имашев сот отырысының мерзімін белгіледі. Бұл туралы Aikyn.kz  Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

«17 сәуірде сағат 10.00-де іс бойынша басты сот отырысы өтеді», – деді Кемеңгер Имашев.
«ӨКМ Операторы» ісі бойынша айыптылар қатарында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бұрынғы вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев, бұрынғы қаржы директоры Рустам Темірбек және «ӨКМ Операторының» экс-бас директоры, Украина азаматы Светлана Коротенко бар. Олар «ӨКМ Операторы» ЖШС-да миллиардтаған қаржы жымқырды деп айыпталып отыр. Антикор мәліметінше, заңсыздық 2016-2019 жылдары «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің қызметкерлері жасаған. Еске сала кетейік, былтыр Қаңтар оқиғасынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында «ӨКМ Операторының» жұмысы туралы айтты. Оның айтуынша, утилизациялық алым мәселесі халықтың наразылық акциясына шығуына түрткі болды. «Халықтың «Оператор РОП» дейтін компанияның қызметіне қатысты күдігі мен күмәні көп. Бұл жеке компанияға қарсылық ұйымдастырып, наразылыққа дейін ұласты. Үкіметке утилизациялық алымын тоқтатуды және оны «Оператор РОП» алым жинауын тоқтату бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын. Мұны мемлекеттік ұйым жасауы керек», – деді Президент. Осы оқиғадан кейін утильалым үшін артық төленген ақшаны «Жасыл даму» қайтарып беретін болды. Алайда «Жасыл даму» да жарытпады.