3 миллион көрермен: аз ба, көп пе?
3 миллион көрермен: аз ба, көп пе?
409
оқылды
2019 жылы Қазақстан­дағы театрларға 3 мил­лион­­дай көрермен барып­ты. Өткен жылы бас-аяғы 65 театр жұмыс істеген: оның 52-сі – мемлекеттік, 13-і – же­ке­меншік театр. Ал 2018 жылы қойылым ұсын­ған театр­лар саны 68 бол­ған. Ranking.kz жүргіз­ген ста­тис­ти­ка осылай дей­­­ді. Өткен жылы 16,6 мың рет спек­­такль қойылған. Бұл көр­­сет­кіш 2018 жылмен салыс­тыр­ғанда 0,2% төмендепті. Былтыр отандық театр сахналарында 343 жаңа қойылым ұсынылған. Ал 2018 жылы оның саны 350 бол­ған екен. Көрермендер жиі баратын ме­кеме – драма театрлар (35), қуыр­шақ театрлары (12) және жас көрермендерге арналған театр­лар (5). 2018 жылы жұмыс істейтін театр­лар мен ұсынылатын қойы­лымдар саны көп болғанымен, былтыр театрға 2,9 млн көрермен барып, алдыңғы жылмен салыс­тыр­ғанда 3,9% жоғары нәтиже көр­сетті. Оның ішінде 43,4%-ы – жас көрермендер, яғни бала­лар көрінеді. Ең үлкен театрлар еліміздің ірі қалаларында орналасқан. Атап айтар болсақ, Алматы теа­тр­­ларына – 603,7 мың, Нұр-Сұл­тан театрларына – 410,6 мың жә­не Шым­кент театрларына 304 мың кө­рермен барыпты.  width=

40 миллион көрермені бар театр

2018 жылы Ресей драма театр­ла­­рына баратын көрермендер саны 40 миллионға жетіпті. Бұл – бұрын-соңды болмаған көр­­сеткіш. Мәдени орындарға бара­тын ресейліктер саны жылдан-жылға өсіп келеді. Мәселен, көр­меге 140 миллион көрермен бар­са, театрға 40 миллионға жуық көрермен барған екен. Ресей­ліктер мұндай көрерменнің Кеңес Одағы тұсында да болма­ға­нын айтады. Театр жылының маңызы неде? Яғни, әрбір ре­сей­лік көрермен үшін театр қол­­жетімді болуы тиіс деп есеп­тей­ді. Демек, әрбір ресейлік үшін мәдени салаға көңіл бөлу ма­ңызды. Жалақысының белгілі бір пайызын мәдени нысандарға баруға жұмсайды деген сөз. 2019 жылы көрермендер саны 50 мил­лион­ға жуықтапты. Әлеуметтік желіде театртану­шы­лар көрермендерге «театр де­ге­німіз не?» деген сауал тастап­ты. Сауалға көпшілігі – «өмір» десе, кейбіреулері – реализм деп жауап қайтарған. Әлеуметті мазалайтын сауал­дың бірі – спектакльдің бағасы. Мәселен, Ресей театрларында бір билеттің құны – 15 мың рубльге дейін жетеді. Қазақстанда драма театрлардың орташа бағасы – 2 000 теңге. Бұл – қазақ драма театры­ның бағасы. Ал орыс дра­­ма театрының бағасы одан да жоғары. Шетелдік әртістер қ­а­тысқан спектакльдерде баға 8 мың­ға дейін барады. Ал күнде­лік­ті бағасы – 3 мың теңге.

Көрермен тартып әлек болып жүр

Көрнекті жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Өкпек жо­лау­шы» пьесасы Лондонда қо­йылды. «Мен бұл пьесаны 46 жа­сымда жазыппын. «Өкпек жо­лаушы» Гибралтар бұғазы ар­қылы Лондонға жеткенше та­лай уақыт өтті. Бірақ жет­пей қалған шығармалар қан­ша­­ма?! Сондықтан Лондон теа­тры­на көп рақмет! Маған спек­такль қатты ұнады. Лондон театры­ның ерекшелігі де сол, олар өз­дерінің имиджі үшін жұмыс іс­тейді. Сондықтан бір пье­саны сахналамас бұрын оның көрермендер тарапынан қа­лай қабылданатыны алдын ала ес­керіледі. Әсіресе, ағылшын­дар­дың пьесаның мән-мағынасын жақсы түсінгені қуантты. Спек­такль ағылшын тілінде болса да актерлердің шеберлігі болар, бар­лығын түсініп отырдық» де­ген еді. Дулат Исабеков Лон­дон театрларының бір ерекшелігі, спектакльге билет бірнеше ай бұ­рын сатылып қоятынын, ал­дын ала тапсырыс беретінін айт­қан еді. Біздегідей сол күні кешкісін театрға барып, билет сатып алу деген жоқ. Театр менеджменті жақсы қалыптасқан. Көрермен де күні бұрын билет алып, онлайн тапсырыс беруге дағдыланған. Сол секілді Мәскеудегі «Боль­шой театрға» да билеттер күні бұрын сатылып қояды. Көрермен көбіне онлайн билетке тапсырыс бергенді құп көреді. Алдын ала тап­сырыс бермесеңіз, өзіңіз қала­ған спектакльге билет таба алмауыңыз мүмкін.    width= Нұр-Сұлтан қаласы Мәде­ниет басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Фазыл­қайыр «Театр жылының» ашылу рәсімінде театр билеттерінің ба­ғасы арзан екенін айтып, он­лайн сатылымды жетілдіру мә­се­лесін көтерген еді. Ол үшін на­с­ихат жұмыстарын арттыру, қо­нақүйлермен байланыс орнату қа­жетін жеткізді. Қазақ драма театрларында «Кө­рерменмен байланыс» бөлімі бар. Олар билет сатумен, насихат жұ­мыстарымен айналысады. «2019 жылы 5 премьера қо­йыл­ды. Бас-аяғы театрда 98 спек­­т­акль көрсетілді. Жыл­дық кө­­рермен саны – 46 019 адам. Олар­дың арасында қайырым­ды­лық шаралары да өтті. Ара­сын­да гастрольдік сапарлар бол­ды. Билеттің сатылғанына бай­ланысты нақты санын анық­тап отырамыз. Колледж, мек­­­тептерге барып, билеттер са­ты­лады. Жарнама бөлімі кө­рер­мен тартумен айналысады. Қазір көрерменнің көбісі би­лет­ті онлайн сатып алады. Қаң­тар айын­да студенттер демала­тын­дық­тан, көрермендер саны аздау болады. Театрға келетіндердің негізгі бөлігі – студенттер, оқу­шы­лар», – дейді Қалибек Қуа­нышбаев театрының көрер­менмен байланыс бөлімінің ад­ми­нистраторы Мағира Қана­пия­нова. Ал Мұхтар Әуезов атындағы драма театрдың Көрерменмен байланыс бөлімінің басшысы Мақсат Нұралиев «Көрермен жоқ деп айтуға болмайды. Әуе­зов театрының қалыптасып қал­ған аты бар. Жарнама бөлімі де жақсы жұмыс істейді. Жылдың әр мезгілінде көрермен саны әртүрлі. 300-400 адамнан төмен түскен емес. Кей кездері тіпті кө­рер­мен сыймай қалатын кез­дер де болады. Әсіресе, кей спектакльдерге орын болмай қалатын сәттер өте көп», – дейді.  

P.S.

Қазақстандықтар тапқан табысының 40 пайызын азық-түлікке жұмсайды екен. Ал мәдени орындарға жұмсалатын шығын 3 пайыз ғана. Оның ішіне мейрамхана, көрме, театр, тағы басқа мәдени нысандар кіреді. Демек, қазақстандықтар театрға барудан гөрі жиған-тергенін ішіп-жемге жұмсағанды артығырақ көретін секілді.

  Г.ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ