РФ Федералдық күзет қызметінің бұрынғы офицері Глеб Каракулов Астанадағы елшілік аумағындағы бункерде Владимир Путинге телефон орнатқанын айтты, - деп хабарлады dossier.center. Оның айтуынша, Ресей президентінің барлық резиденциялары «бункер» деп аталады. Бұл жерде ол ұзақ уақыт бола алады. 2022 жылғы қазанда Астанада өткен «Ресей — Орталық Азия» саммитіне Владимир Путин қатысқан. Каракулов бұрын Қазақстандағы елшілік аумағында елшінің кабинетінде немесе келіссөз жүргізілетін орында байланыс орнатқан. Алайда сол жолы бункерде болған. «Түсініксіз жағдай. Басқа мемлекет аумағында болған кезде бүкіл қауіпсіздікті өздері қамтамасыз етеді. Елшілік аумағы да күзетіледі», —дейді ол. Еске сала кетейік, ФКҚ президенттік байланыс басқармасында қызмет еткен инженер, капитан Глеб Каракулов 2022 жылы Астанаға Владимир Путинмен іссапарға келген кезде қашып кеткен. Инженер Путин мен премьердің сапарлары кезінде байланыс үшін жауапты бөлімде жұмыс істеген. Ол соғыс басталғалы жұмыстан кетуді ойлаған, алайда жаңа төлқұжат алғанша жоспарын кейінге қалдырған. РФ Федералдық күзет қызметінде 2009 жылдан бері қызмет еткен.