Бас прокуратура өкілдері қазақстандықтар қай елдерден экстрадицияланып жатқанын мәлімдеді. Құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысының нәтижесінде кейінгі 3 жылда іздеудегі тұлғалардың саны 5 мыңнан 2,5 мыңға дейін, яғни екі есеге төмендеген. Бүгінде 284 адам аса ауыр, 1 553 адам ауыр, 574 адам орташа және онша ауыр емес қылмыс жасағаны үшін іздестіріліп жатыр. 2023 жылдың басынан бері халықаралық іздестіруге жарияланған 684 адамның 473-і ұсталды. Ресей, АҚШ, Түркия, БАӘ, Қырғызстан, Өзбекстан және Украинадан бүгінде елге 95 азамат қайтарылған. «Бұл қылмыстық қудалау органдарының үйлестірілген қызметі, іздестіру дерекқорларының күнделікті мониторингін ұйымдастыру және прокурорлық тексерулерді жүргізу, сондай-ақ халықаралық әріптестермен тығыз өзара іс-қимыл нәтижесінде мүмкін болды. Ұйымдық және құқықтық шаралар кешенінен басқа, қылмыскерлерді ұстау үшін цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізіліп жатыр. Бет-әлпетті танудың отандық алгоритмі жасалды, оның көмегімен 20-дан астам күдікті анықталды» делінген хабарламада. 2022 жылдан бастап іздестіру жұмысының тиімділігін арттыруды қамтамасыз ететін «электрондық іздестіру журналы» жүйесі іске асырылып жатыр.
М.ХАҚНАЗАР