Мәжіліске денсаулық сақтау мәселелері бойынша заң жобасы ұсынылды. Оны Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният таныстырды. Жиынға Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов жетекшілік етті. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген. Ол медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға, пациенттердің құқықтарын қорғауға және медициналық көмектің сапасын жақсартуға бағытталған. А.Ғиният министрлік медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың әртүрлі үлгісіне талдау жүргізгенін айтты. Денсаулық сақтау министрлігі заң жобасының шеңберінде медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық құқықбұзушылықтарды ізгілендіру және Қылмыстық кодекстің 317-бабының санкциялық шараларын төмендету жөніндегі нормаларды ұсынды.
«Мысалы, денсаулыққа байқаусызда орташа және ауыр зиян келтіргені үшін айыппұл мөлшері мен қамауға алу мерзімін азайтып, пациенттің денсаулығына ауыр зиян келтірілген немесе қайтыс болған жағдайда «бас бостандығынан айыру» жазасының мерзімдерін қайта қараумен «бас бостандығын шектеуге» ауыстыру», – деді Ажар Ғиният.Сондай-ақ министр кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру жүйесімен 2023 жылы жалпы сомасы 4,6 млрд теңгеге 304 мыңнан астам медицина қызметкерін, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің есебінен 2,7 млрд теңгені және МӘМС есебінен 1,8 млрд теңгені қамту ұсынылып, оны республикалық бюджет комиссиясы қолдағанын айтты.
«2023 жылдан бастап сақтандыруды жұмыс берушінің есебінен жүзеге асыруды ұсынамыз, ал 2025 жылдан бастап сақтандыру сыйлықақысының сомасын медициналық ұйым мен медицина қызметкерлерінің арасында бөлу ұсынылады, бұл ортақ кәсіптік жауапкершілікке әкеледі», – деді А.Ғиният.Аталған заң жобасы және медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың ұсынылған моделі құқықтық қауіптерді азайтуға, жұмыс істеп тұрған кәсіби кадрлардың кетуін азайтуға, олардың қорғалуын арттыруға, жастарды өз болашағын медицина мамандығымен байланыстыруға ынталандыруға мүмкіндік береді. Заң жобасын талқылау барысында депутаттар сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты.
«Сақтандыруды енгізуден медицина қызметкерлері нақты қандай пайда көреді?» – деген сауал қойды депутат Дәулет Мұқаев. «Біріншіден, әрбір қызметкерді кәсіби сақтандыру, екіншіден, пациенттердің де құқығын қорғау. Сондықтан әр қызметкер өзінің кәсіби функциясын орындау кезінде «мен ертең сотталып кетемін-ау» деп қорықпауы керек. Сонымен қатар заң жобасында тек сақтандыру емес, кәсіби біліктілігін арттыру, қосымша еңбекақы төлеу туралы нормалар қамтылған. Көмек көрсету кезінде медицина қызметкерінің жұмысына араласпау, әлеуметтік қолдау көрсету, марапаттар беру де көзделіп отыр», – деп жауап берді министр.Заң жобасын талқылау жұмыс тобында жалғасады. Оған Әлеуметтік-даму комитетінің мүшесі Гүлдара Нұрымова жетекшілік етеді.