Женева консерваториясының концерт залында «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің, тенор Медет Шотабаевтың және «Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт» ұйымы музыканттарының «Bridge of Times» концерті өтті. Женевада орналасқан БҰҰ бөлімшесі жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігі бұл жобаны «Қазақконцерт» өнерпаздарымен бірлесіп, олардың әлемдік турнесі аясында женевалық La Haute École de musique de Genève, le Centre d'Accueil de la Genève Internationale (CAGI) және les Ateliers d'ethnomusicologie (ADEM) қолдауымен жүзеге асырды. Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, бұл – жергілікті аудиторияға бағытталған кейінгі кездегі ең ірі мәдени іс-шара. Қобыз, жетіген, шертер, ортеке, сыбызғы және тағы басқа 30-дан астам ұлттық музыкалық аспапта өнер көрсеткен қазақстандықтарды көрермен жылы қарсы алды. Сондай-ақ аудитория халықаралық байқаулардың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тенор Медет Шотабаевты ыстық ықыласпен қабылдады. Аншлагпен өткен концерттің соңында қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды.