Арғынбек Қабылқақ: Дәрілік өсімдіктерді қолдан өсіруді заңдастыруымыз керек

Арғынбек Қабылқақ: Дәрілік өсімдіктерді қолдан өсіруді заңдастыруымыз керек

Фармацевт-ғалым Арғынбек Қабылқақ елімізде өсетін шипалы өсімдіктерден дәрі және дәрумендер әзірлеп жүр. Біз Арғынбек Қабылқақпен қазақ шипагерлігінің қыр-сыры жөнінде және еліміздегі шипалы өсімдіктер туралы әңгімелескен едік. Ол елімізде дәрілік өсімдіктерді заңсыз теру, жинаудың алдын алу үшін дертке дауа болатын өсімдіктерді қолдан өсіруді заңдастыру және оны саудалау желісінің жұмысын жолға қоюды ұсынып отыр. Емдік өсімдіктерден қандай сырқат­тар­ды емдеуге арналған дәрілер жасалады? Олар­ды жинау, әзірлеу қалай жүзеге асы­ры­лады? Елімізде осындай өсімдік түрлері көп пе? – Қазақтың даласында өсетін сантүрлі дә­рілік өсімдіктерден көптеген сырқатқа ши­па болатын дәрі-дәрмек, дәрумен, био­­­­­логиялық қоспа, жақпа май, жап­сыр­ма­лар әзірлеуге болады. Қанды сұйылту, қан айналыс қызметін жақсарту, бауыр жә­не жүрек-қан тамырларына көмегі бар, көп аурудың дауасы болатын дәрілік өсім­діктер елімізде көп екенін біле бермейміз. Қа­зақ шипагерлері осындай дәрі та­ғайындағанда науқастың қан айналысы қыз­метін жақсартуды негізгі мақсат қыла оты­­рып емдейді. Сонымен бірге нау­қас­тың ішкі бес мүшесінің байланысының те­­пе-теңдігін сақтау үшін жұмыс істейді. 5 мүше дегеніміз – жүрек, өкпе, бауыр, бүй­рек және көкбауыр. Осылардың ішкі тіл алысымдылығы жақсы болғанда адам ауырмайды, денсаулығы мықты болады деп саналады. Адамның ішкі ағзалары да адамның өмір сүріп жатқан сол кездегі қо­ғамына ұқсайды. Мысалы, бауыр ауыр­са, қан айналымы бұзылады. Бүйректе дерт болса, тізе және буындар ауырады, адам­ның көңіл-күйі болмайды. Жүрек-қан тамырының тығындалуы өкпе мен көк­бауырдың әлсіздігінен болады. Осы­ларды негізге ала отырып, қазақ даласында өсе­тін дәрілік шөптерден адамның ден­саулығына пайдалы дәрі-дәрумендер жа­сап шығуға болады. Жабайы өсетін дәрілік өсімдіктердің санын білу үшін біз үш жылдай өңірлерді араладық. Қазақ­стан­да ондай өсімдіктің 400-ге жуығы бар еке­нін анықтадық. Алайда біз бара ал­ма­ған өңірлер қаншама? Сондықтан елі­міз­де өсетін шипалы өсімдіктер санының нақ­ты қанша екенін дөп басып айта ал­маймыз. Алайда табиғи таза өсімдіктер бай­лығы мол екен деп оларды қазып алып, тауысып тастауға болмайды. Себебі ша­мадан тыс ору, жинап алу салдарынан си­рек кездесетін өсімдіктер жойылып кетуі мүмкін. – Бір сұхбатыңызда Қазақстандағы дә­рілік өсімдіктері қолдан өсіру жөнінде бас­тама көтеріпсіз. Осыны қалай іске асы­руға болады? Басқа елдерде осындай тә­жі­ри­бе бар ма? Сиреп, жойылып бара жатқан дәрілік өсімдіктерді көбейтуге септігі тие ме? Қай өңірлерде шипасы мол өсімдіктер көп өседі, осыған тоқтала кетсеңіз. – Біз өсімдіктерден, жәндіктерден жә­не түрлі түсті металдардан дәрі-дәрмек жа­саймыз. Сирек кездесетін дәрілік өсім­дік­терге тоқталсақ, елімізде құртшөп де­ген бар. Ол туберкулез, құлғана, мерез се­­­­­кілді көптеген ауруларда жақсы көмек­те­­­седі. Женшеньді ақбала дейміз, ол Қа­тон­қарағай, Марқакөл жақта өседі. Аю­балдырған, Дабырбалдырған, Күшәла се­кілді керемет дәрілік өсімдіктер бар. Өзі­міз жиі көретін тобылғы, мәңгі жасыл бо­лып тұратын аршамызда шипалы, киелі өсім­діктердің санатына жатады. Мысалы, сұңғыланың Қытайда үш тү­рі өсетін болса, Қазақстанда 7 түрі кез­де­седі екен. Одан адамның денесіндегі күйік­ті, үсікті тыртықсыз жазуға болатын дә­рі жасалады. Сосын, таудың ұшар ба­сын­­да, жазда ерімейтін қар-мұздың жа­нын­да қарғалдақ, кей жерде «қожашөп» деп аталатын гүл өседі. Оны «шөптің пат­шасы» деп атайды. Өте суық жерде өсе­ді, тамыр жаяды, гүлдейді. Сол шөптен жа­салған дәрі денедегі суықты шығарады, ревматизм, буын ауруларына ем, суық тиіп бала көтере алмай жүрген әйелдерге беріледі және босанғаннан кейін бала жол­дасы түспей қалған кезде қарғалдақтан жа­салған дәрі шипа болады. Сонымен қа­тар әйел адамның ішкі құрылысы ау­ру­ларына пайдаланылады, қатты әл­сіздікте, адамның торласқан кеңістік деп ұсақ ка­пиллярлардағы үзілістерді қалпына кел­тіруде пайдасы мол. Адамның денесіндегі ұя­шықтарды оятады. Қарғалдақ гүлі қы­тай, қазақ, ұйғыр шипагерлігінде бағалы дәрі саналады. Қызылмия – дегеніміз де шөптің төре­сі. Кез келген шөптен біріктіріп дәрі жа­са­­ғанда оны қоспаса болмайды. Өйткені ал­лергия беретін өсімдік қасиетін басу үшін, адам ағзасына уытын жойып, кері әсе­рін азайтып, шөптің адамға дәрілік қа­сиетін арттыру үшін, ыстық-суық қа­сие­­тін теңдестіру үшін оны кез келген шөп­тен істелетін дәріге қосады. Қы­зыл­мия сонымен қатар көкбауыр жұмысын жақсартады. Бауыр қызметін, өкпенің жұмысы үшін пайдалы. «Қазақстандағы қы­зылмияны неге көп қазып алып жа­тыр?» деп сұрайтын болсақ, бізде өсетін қы­зылмия сапасы өте жоғары, ерекше сорт болып саналады. Өсімдіктен жа­са­латын дәрінің көбісіне қосылатындықтан, оған деген сұраныс өте жоғары. Қызыл­мия­ны шетелден кеп заңсыз қазып ала­тын­­дар қатары көбейіп кеткені алаң­да­тады. Елімізде ол құрып бара жатыр. Ол көп­жылдық шөптектес өсімдікке жата­тын­дықтан, оны егіп тастаса бірнеше жыл­да қаулап көбейіп кетеді. Жасанды өсіру­ді қолға алсақ, оның бұдан да сапалы сор­тын шығара алар едік. Алтынтамыр өсімдігі де суықта, теңіз дең­гейінен биікте өседі. Алтынтамыр қан­да­ғы түйіндер мен бөгеттерді ашады. Ол іш­кі ағзадағы өспелерге, бауырдағы, бүй­рек­тегі, жатырдағы өспелерге, миға шық­қан өспелерге, әртүрлі қатерлі және қа­тер­­сіз ісіктерге пайдалануға болады. Со­ны­мен қатар жүрек-қан тамырларын аша­­ды. Оны мөлшерден асырмай, аса мұ­қият пайдаланғанда көп нәрсеге көмегі тиетін дәрілік қасиеті бар. Жалпы, шипагерлікте шөптің көп тү­рін пайдаланамыз. Әрі дәрілік өсімдіктер Қазақстанда табиғи жағдайда өсетіндіктен шетелдерде оның сапасы ең жоғары деп қа­былданады. Сондықтан оларды заңсыз жи­наушыларға тыйым сала отырып, сұра­ныс­тың өте жоғары екенін ескеріп, сирек әрі жойылып бара жатқан немесе қорғала­тын дәрілік өсімдіктерді қолдан егуді заң­­дастырсақ деген ұсынысым бар. Оны егіп, жинап экспортқа шығару жолы заң­ды болса, мемлекетке келетін кіріс көзі де ар­тар еді. Әрі шалғайдағы ауыл халқын жұ­мыспен, табыспен қамтудың бір жолы бо­лады. Осындай жолы бар болса, табыс ізде­гендер сирек кездесетін өсімдікті отап тас­тау секілді заңсыздыққа бармайды. Осы саланы жүйеге келтіріп реттейтін нор­мативтік-құқықтық актілер қажет. Сон­да ауыл тұрғындары дәрілік өсімдікті бақ­шасына не үйінің маңына егеді, оған аса үлкен алқап та қажет емес. Тіпті, үлкен жер телімін жалға алып, осы кәсіпті қолға алу­ш­ы­лар да табылады. Дәрілік өсімдікті өсі­руді заңдастырсақ, көп мөлшерде өсі­ріп сатып қана қоймай, олардың түрлерін бу­дандастырып, шипалық қасиеттерін жақсарта түсуге мүмкіндік туар еді. Қытайды мысал ретінде алайықшы, Юна­нь өлкесінің көп жеріне дәрілік өсім­дік егіледі. Алтай қазақтары да дәрілік өсім­дік егумен табыс табады. Бір сотық жер­дің келтіретін пайдасы 4-5 млн теңге ша­масында. Табиғи жолмен өсетіндіктен аса бір күтіп-баптауды қажет етпейді. Таңқурайды алып қарасаңыз, ер адам­ның қуатын арттыратын дәрілік түрі бар. Келермен деген өсімдік бар, ол Күршімде өсе­ді. Іштегі қабыну, бауырдағы қатерлі ісік­­­терге, асқазан жараларына көмек­те­се­ді. Қытайлар осыны егіп, сатып, көп та­­бысқа кенеліп отырған жайы бар. Өсім­діктер жөніндегі білім деңгейі төмен бол­ған соң, оларды қолдану жағын көпшілік жақ­сы біле бермейді. Тибет жусаны деген­ге сұраныс өте жоғары. Оның да тұқымы Қа­зақстанда бар. Одан кейін ақжусанды алайық. Кейде арқар жусан деп те айты­ла­ды. Тауда өседі. Оны қолда өсіруге де бо­­­лады. Көздің, дененің, бауырдың сар­ғаю типіндегі барлық қабынуды басады. Бұл өсімдікті қазақ даласының кез келген жерінен табасыз. Осындай мол қазынамызды ғылыми тұр­ғысынан зерттеп, оның қай ауруларға шипа екенін әспеттемейміз ғой. Шетелде бол­са, бір профессор тек бір ғана дәрілік өсім­дікті зерттеуге бар ғұмырын сарп етіп, ем­дік қасиетін насихаттап-ақ абырой-бе­дел­ге кенеледі. Семей, Шығыс Қазақстан, Алматы, Же­тісу облыстарының таулы, табиғаты шұ­­­­райлы жерлері дәрілік өсімдіктерге бай. Күшәла, қожашөп, алтынтамыр, бәй­шешек дейсің бе бәрі бар. Кез келген өсім­дік өседі. Сол жақтан «алапат» деген өсімдіктің жабайы түрін көріп таңғалдым. Осыншама көп дәрілік өсімдікті қолдан өсіріп, демалыс аймағын салып, ауруына шипа іздегендерді неге тартпаймыз?! Сол жердің тұрғындарына осы өсімдіктерден қайнатпа, тұндырма, шай секілді түрлерін әзір­леуді үйретсек, олар да қосымша та­быс табар еді... – Айтпақшы, заңсыз оталып жатқан өсім­діктер көп пе? – Дәрілік өсімдікті орақпен орып ал­са, түбірі мен тамыры қалғандықтан ол ке­йін қайта өседі. Менің ішім ашитыны – трак­торға үлкен соқа тіркеп жыртып, не қазып алатындардың бейберекетсіздігі. Қызыл­мия­ны тамырымен қазып алады. Сондық­тан ол келесіде өспей қалады. Еңлікшөп деген бар. Одан 40-50 түрлі косметикалық зат жасалады. Беттің әжімін кетіреді, бетті ағартады, ерінді қызартатын помадаға пайдаланылады, шашқа жағатын май алынады. Сол көп оталып, азайып бара жатыр. Өйткені тамырымен қазып алады. Ақжүрек деген дәрілік өсімдік бар. Кей жерде оны үшқұлақ деп атайды. Астма, аллер­гия, өкпе ауруларының емі. Кез кел­ген жөтелді жазады. Етті сұңғыла, жер­қа­зық деген шөптер азайып барады. Қазақ­стан­да сарышаянды теріп алып өткізіп жатыр. Даладан теріп, тұқымын құртып жі­бергенше, жәндіктің жабайы түрін қол­да бағып, көбейтуге болады. Жасанды жол­мен көбейту жағы заңмен реттелсе де­ген ұсынысым бар. – Бір сөзіңізде өсімдіктерден 30-дан ас­там дәрі жасадым депсіз, олардың құра­мы­на қандай өсімдіктер пайдаланылады? – Маған қаралған сырқаттың тамырын ұс­тап, мазалап жүрген ауруын емдеу үшін бір­неше шөптен әртүрлі мөлшерде ара­лас­тырып дәрі дайындап беремін. Өйткені әр адамның ағзасы әртүрлі. Дәрі де соны ескере отырып әзірленеді. Ауру жеңіл бол­са, дайын тұрған дәріні ұсынамыз. Өсім­­­дік­терден дәрі әзірлеуге кіріскеніме 13 жыл­дан асты. Бала кезімізде аталарымыз, аға­ларымыз дәрішілікпен айналысқанын кө­ріп өстік. Бастапқы білімді сонда ал­дық. Мен алғашқы дәріні Қытайда жүр­ген­де Бейжің университетін тәмамдаған соң жасадым. Ол жақтағы әзірлеген дәрі­лерім­ді қазір жетілдіріп жүрмін. Сонымен қатар ауруды сауықтыру және оңалтуда мүм­кіндігі мол дәрумен түрін көбейтуге кіріс­тім. Зертханамызда даярлап қойған көптеген дәрілік өсімдіктердің қоры бар. Алай­да оның көбісін шетелден тапсырыс­пен алдырамыз. Ол өсімдіктер қазақ дала­сын­да да өседі. Соны жинау, әзірлеу желісі заң­дастырылмаған әрі жолға қойылмаған. Та­ғы бір айта кетер жайт, дәрі жасау ба­ры­­сында мына шөптің емдік қасиеті жо­ға­­ры екен деп оны бәріне қоса салмаймыз. Дә­рі жасауда сезімге, болжамға ерік бе­ру­ге болмайды. Бәрі дәрігерлік көзқараста ұзақ зерттеу мен қалыптасқан ғылыми тұжы­рымдарға байланысты жасалады. Ең алғ­ашқы өнімді жасағанымда дәрі са­ла­тын пакетім де болмап еді. Қазір бәрін ар­найы зертханада, аппараттарда жасай­мыз. Өсімдікті кептіріп, ұнтақтап, үгіту, оны сығымдап таблетка, маржан секілді тү­рін жасау тек арнайы құрылғы арқылы жү­зеге асырылады. Айта кетерлігі, дәрілер та­за табиғи шөптердің қосындысынан ғана жасалады. Олардың құрамында аз де­генде 8 кейде тіпті 40-тан астам өсімдік кіреді. Ең маңыздыларына тоқталсам, адам­дарға пайдасы мол дәрумендердің ішін­де жүрек-қан тамырындағы тығын­далу, бұлшық етінің босауы, әлсіреуі, жүрек ритмінің бұзылуы, жүрекке қан же­тіспеу секілді ауруларда тағайын­дала­тындары бар. Ол жүрек шаншулары мен талмада көп көмектеседі. Бүйрек, бауыр тағы да басқа ішкі құрылыс қызметтерін жақ­сартатын дәрілеріміз бар. – Сосын бірқатар дәрілерді шығаруға шет­елден рұқсат алынды деп айтыпсыз. Осы тұсты нақтылай кетсеңіз? – Мен Түркияда және Черногория мем­лекетінде тұрдым. Жасаған дәріле­рі­мізді «биологиялық қоспа» ретінде осы елдерде тіркетіп, саудалап келдік. Оған қа­зіргі қолданыстағы атауларымызды пай­даландық. Жыл сайын төленетін жар­насы қомақты болғандықтан 2020 жылдан бас­тап оны тіркеуді тоқтаттық. Қазір со­ларда елімізде қайта тіркетіп, шығаруды қолға алуды жоспарлап отырмыз. – Қазақтың халық шипагерлігінің бү­гін­гі жағдайына тоқтала кетсеңіз. Бұрынғы дәстүрден жоғалтқан тұстарымыз бар ма? Жаңа тұстары қандай? Қытай, тибет ха­лық­тық емдеу әдістерінен ерекшелігі неде? – Қазіргі қазақ дәстүрлі шипагерлігі мен емшілігі шатасып кетті. Шипа­гер­лік­тің емдеу жүйесі бар. Ол қазақтың ши­па­гер­лік баянатын негізге алады. Ғылыми жағы тағы бар. Қазіргі күнде қазақтың ши­пагерлігіне жақсы назар аударылып ке­леді, халықтың сенімі де артты. Бола­шақта өсіп-өркендей түсетініне сенеміз. Айта кетер жайт, бұрыннан келе жатқан ши­палы өсімдіктерден дәрі жасау дәс­түрінде жоғалтып алған тұстарымыз көп. Қазір сол олқылықтың орны толтырылып, жаңа тұстарын іздестіріп жатырмыз. Оған кіріскен жандар қатары да артуда. Біздің жолымыздың қытай, тибет ха­лық­тық емдеу әдістерінен өзгешелігі неде деп сұрасақ. Қазақтың шипагерлігінің олар­ға ұқсайтын және ұқсамайтын тұста­ры бар. Кейбір дәрі жасаудағы тәжірибеміз қытай және тибет халықтарында кездес­пей­ді. Тамыр ұстау жүйесі де оларға мүл­дем ұқсамайды. Қазақтың қан алуы бөлек. Ысқыма деген емдеу тәсіліміз бар. Көне­ден келе жатқан қытай, тибет емшілігінде су, от, ауа, топырақ, күн сияқты бес нәр­се­ні басты назарда ұстайды. Қазақтың на­зариясы алты тұғырға бөледі. Ыстық, суық, қараңғы, жарық, топырақ, кеңістік деп жіктеледі. Ішкі 12 мүше, сыртқы 12 мү­ше болып бөлінеді. 24-ті бүтін болса, не­сібі толық адам деп санайды. Сондай-ақ әртүрлі өсімдіктің буына салып емдеу, хи­миялық заттардың буына салып емдеу жа­ғы бізде айрықша. Қуаты күшті, тү­зілістері күрделі химиялық заттармен ем­деу бізде өте көп. Соны болашақта бө­лек сала ретінде зерттеп, дамытуды ойлап жүр­мін. – Қазір дәстүрлі емес жолмен емдейтін түр­лі емдеу орталықтары көп ашылды. Олар­да Қытайда өсімдіктерден жасалған дәрі көп ұсынылады. Сондай дәрілерде сіз­дер де жасай аласыздар ма? – Әрине жасаймыз, тіпті импорттық дә­рі­лерден де сапалы етіп жасай аламыз. Қытайда жасалатын осындай дәрілердің құрамында ауруды тез басатын нәрселер көбірек болады. Қазақ шипагерлігінің ұс­танымы бойынша дәрі-дәрмекке ауру­ды басатын нәрселер қосылмауы тиіс. Дәрі таза табиғи өсімдіктің өзінен ғана жа­са­лады. Қазақ шипагерлігі әзірлеген дәрі бастапқыда ауруды қоздырады. Неге десеңіз, қолыңызға тікен кіріп кетсе, сол жеріңіз ауырып, отырып қаласыз ғой. Ол бір-екі күн сыздап ауырып барып тоқтай­ды. Біз де осындай жолмен емдейміз. Сон­да ғана дәрінің басқа ағзаларға залалы аз болады. Сонымен қатар жүректі емдесе, бауырға да шипа болатын тұстары бар. Себебі қазақ даласында табиғи жолмен өскен өсімдікте ешқандай химиялық қо­сын­дылар жоқ қой. Химиялық дәріге қара­ғанда шөп дәрілердің нәтижесі сәл баяу болады. Әсері 10-15 күннен кейін ғана белгілі бола бастайды. Себебі олар­дың құрамында ауруды басатын, көңіл-күйге қуат беретін, гормондық қоспа бол­майды. Яғни, әсері баяу болғанымен түбе­гейлі нәтижесі жақсы шығады. – Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Жәнібек АМАНГЕЛДІ