Жансая Темірбекқызының елордадағы №2 көпбейінді емханада неонатолог-дәрігер болып жұмыс істегеніне 13 жылға жуықтаған. Оның аялы алақанының арқасында мыңдаған сәби қатарға қосылып, сөнген үміт қайта тұтанды. Әсіресе, жас анаға неонатологтың білгенін үйретіп, қамқор болғаны маңызды. Өйткені босану кезеңінен кейін шақалақ пен ана жалғыз қалады. Күйзеліс кезеңінің осы сәттен басталатынын ескерсек, білікті маман жағдайды біршама жеңілдетеді. Себебі жас босанған аналардың тәжірибесі аз.
– Жансая ханым, өткен жылғы дерек бойынша елімізге 100 шақты неонатолог дәрігер жетіспейді екен. Осы орайда неонатолог дәрігердің міндеті мен жауапкершілігіне тоқталсаңыз...
– Ең бірінші, неонатолог дәрігер кім екеніне тоқталып өтсем. Өйткені көпшілік бұл саланы біле бермейді. Неонатолог – жаңа туған нәрестенің кіндігі кесілген-нен бастап, 28 күнге дейін бала денсаулығын бақылайтын дәрігер. Соның ішінде ауру балаларды да назардан тыс қалдырмаймыз. Неонатологтар жаңа туған нәрестенің денсаулығына, емдік-диагностикалық шараға, күтіміне жауап береді. Сонымен қатар нәресте күтіміне медбикелердің де үлесі зор. Бірінші кезекте ұжымның бірге жұмыс атқаруы маңызды. Неонатология саласы – өте күрделі сала. Дамыған мемлекеттердің стандарты бойынша бізде неонатолог дәрігерлер жеткілікті. Ал ел стандарты бойынша неонатолог дәрігерлер жеткіліксіз. Мысалы, АҚШ-та салмағы 1000 грамм төмен нәрестені емдеп, жанын сақтап қалу үшін шамамен 75-150 мың доллар кетеді. Орта Азия мемлекеттерінің ішінде осындай нәрестелерді емдеп, жанын сақтап, сапалы күтім жасауға шамамен 5-10 мың доллар кетеді. Орта Азия мемлекеттерін алып қарасақ, соның ішінде елімізде жаңа туған нәрестелер өлімі көрсеткіші төмен. Яғни, мемлекет тарапынан, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан жүргізіліп жатқан шара, неонатолог және медбикелердің күні-түні жасаған еңбегі жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Бірақ әлі де алға ұмтылуға, дамуға жол бастау керек. Сондықтан медбикелермен бірге нәрестелерге барынша жағдай жасап, сапалы күтім жасауға тырысып жүрміз. Осылайша, сапа көрсеткішін арттыру арқылы өлім көрсеткішін төмендетеміз.
– Байқауымызша, көпшілік бұл мамандықты таңдай бермейді. Өзіңіз ЖОО-да дәріс оқисыз...
– ЖОО-да студенттер алғашқы бес жылда жалпы медицина бойынша бакалавриат, екі жыл жалпы тәжірбиелі дәрігер бойынша интернатурада білім алады. Содан кейін неонатология кафедрасына емтихан тапсыру арқылы екі жыл резидентураға түседі. Неонатология саласы күрделі болуына байланысты көбіне студенттер резидентураға түсе алмайды. Неонатолог мамандығын таңдау үшін студентте ең бірінші балаға деген махаббат, білім, төзім, сабыр, адамгершілікпен қатар жаңаны үйренуге бейімі болуы керек.
– Жаңа туған сәбидің өмірі үшін күресесіздер. Шақалақ үшін алғашқы үш тәуліктің маңызды екенін айтып жатады.
– Жаңа туған сәбидің өмірі анасының жүктілікке дейінгі, жүктілік барысы, босану мен туғаннан кейін екі жылға дейінгі кезеңнің қалай өткеніне тікелей байланысты. Аталған кезең бала денсаулығы мен дамуы үшін өте маңызды. Соның ішінде перзентханадағы алғашқы үш күнге тоқталатын болсақ, сол аралықта нәрестенің сыртқы ортаға бейімделуі, қалыптасуы, анасы мен нәрестенің қарым-қатынасы, байланыс процесі жүреді. Ең маңыздысы, нәрестені ана сүтімен қоректендіруге үйрету керек. Сол үшін неонатологтар, медбикелер жас аналарға барынша өзін еркін сезінуге, сәбиіне мейірім төгуге кеңес беріп, ана сүтінің маңызын түсіндіруге тырысамыз.
– Неонатолог реанимация жайын да жақсы білуі қажет. Бала өмірін сақтап қалу маңызды. Осындай жедел көмек көрсетіп, бала өмірін сақтап қалған оқиғаңыз есіңізде ме?
– Бала өмірін сақтап қалу үшін жансақтау бөлімінде үздіксіз жұмыс істеген сәтім жетерлік. Осы орайда мына бір оқиға есіме түсіп отыр. Ең алғаш 600 грамм болып туған шақалақтың өмірі үшін күрескеніміз әлі күнге есімде. Айталық, сол сәбиге жансақтау кезеңінде мүлтіксіз интубация жасадық. Жағдайының біршама жақсарғанын көргендегі көңіл күйімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әрі өзі сондай кішкентай. Перзентханадағы мерзім ішінде бәріміз оған бауыр басып, жақын тартып кеттік. Салмағы екі келіге жеткенше, үйіне аман-есен шыққанша бақылауымда болды. Әрбір нәтижелі реанимация шараларынан кейін, неонатологтың арқасынан жүк түскендей болады. Кішкентай пациенттердің дін аман болып, өмірге бейімделіп кетуі үшін талмай еңбек етіп келеміз.
Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ