Коронавирус қаржы нарығына жетті
Коронавирус қаржы нарығына жетті
190
оқылды
Қауіпті вирус әлем бай­ларының қалтасын қаға бастады. Апта басында әлем­нің ең бай деген 500 адамы қаржы нарығының нашарлауынан жиынтығы 139 млрд АҚШ доллардан айырылды. Bloomberg агенттігі жазғандай, S&P 500 мен Dow Jones-тің ак­ция портфельдерінің ин­дексі тәулігіне 3 пайыздан төмендеген, бұл соңғы екі жылдағы құлдыраудың ең жоғары көрсеткіші ретінде тіркеліп отыр. Миллиардтарынан айы­рыл­­­ғандар тізімін сәнді заттар өндірумен аты шыққан LVMH компаниясының басқарма төрағасы Бернар Арно мен Amazon.com Inc негізін қа­лаушы Джефф Безос бастап тұр. Әрқайсысы бір күнде 4,8 млрд доллардан айырылған. Одан кейінгі орын­да 4 млрд долларын жоғалт­қан Zara компаниясы­ның бас атқарушы директоры Амансио Ортега тұр. Әлем бай­ларының алғашқы ондығынан орын алғандар кем дегенде 2,3 млрд доллардан айырылды. Коронавирус шыққан Қы­тай әлемдегі сәнді заттар нары­ғының 40 пайызын тұтынады. Соны пайдаланған париждік LVMH компаниясы былтыр ғана Азиядағы (Жапонияны қоспағанда) үлесін 30 пайызға ұлғайтқан еді. Ал қазіргі күні Қытайдың сәнқұмар халқының эксклюзив заттарды ойлауға мұршасы келер емес.
Бұл індет Қытайдың өз эко­номикасына да соққы болып тие бастады. Оның алғышарт­тары біліне бастады да. Мы­салы, Хайнань провинция­сы­ның билігі қарызға батып қал­ған конгломерат компания – HNA Group-ты тығырықтан шы­ғарудың амалын іздестіруге кірісті. Себебі Қытайдағы бірнеше авиакомпанияның қожайыны саналатын HNA коронавирустың салдарынан әуе тасымалын қамтамасыз ете алмай отыр, егер бұл жағдай жал­ғаса берсе, компания қар­жы­лық міндетін орындай алмай қалуы әбден мүмкін. Сондықтан компанияны шұғыл құтқару жоспары жасалды, соған сәйкес HNA-ның әуе тасымалы сала­сындағы активтерінің негізгі бөлігі Қытайдың ірі әуеком­паниялары – Air China Ltd., China Southern Airlines Co және China Eastern Airlines Corp-қа сатылмақ.
Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) коро­навирус биыл Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жолау­шылардың әуе қатынасына деген сұранысын 13 пайызға төмендетуі мүмкін екенін есеп­теп шығыпты. Осыдан бірер ай бұрын әуе көлігімен жолаушы тасымалдау көрсет­кіші 4,8 па­йызға өсетінін болжаған халық­аралық қауымдастық енді басқаша болжам жасап отыр. Өйткені қауіпті вирус барлық болжам мен жоспарға өзгеріс енгізе бастады. Мәселен, сарап­шылар биыл аймақтағы жо­лаушылар тасымалы 2019 жыл­мен салыстырғанда 8,2 пайызға төмендейді дейді. Бұл Азия-Тынық мұхиты авиаком­паниялары 27,8 миллиард дол­лар жоғалтады дегенді білдіреді, ал оның негізгі бөлігі Қытай тасымалдаушыларына тиесілі (12,8 миллиард доллар) болмақ. IATA басқа аймақтардағы авиаком­паниялар індет салда­рынан 1,5 миллиард доллар кірістен айырылатынын да болжап үлгеріпті. Егер IATA-ның әлемдегі 290 авиакомпа­нияның басын қосқан ірі ұйым екенін, оның үлесінде бүкіл­әлем­дік әуе сапарларының 82 пайызы барын ескерсек, бір­неше елдің әуе тасымал­дау­шылары биыл қомақты табыс­тан қағылатынын болжауға болады.
Халықаралық ұйымдар Қы­тай мен әлем экономикасына жасаған бүгінге дейінгі болжам­дарына түзету енгізіп жатыр. Мысалы, Халықаралық валюта қоры Қытайдың жалпы ішкі өнімі биыл 6 пайызға өседі деп болжаған-ды. Ал күні кеше бұл болжамын 0,4 пайызға төмен­детуге мәжбүр болды. ХВҚ коро­навирус эпидемиясы әлем­дік жалпы ішкі өнімнің өсуін 0,1 пайызға дейін төмендетеді деп санайды. Қордың басқару­шы директоры Кристалина Георгиева мұны Эр-Риядта өткен үлкен жиырмалықтың қаржы министрлері мен орта­лық банктер басшыларының жиынында айтты. «Корона­вирус жаһандық төтенше оқи­ғаға айналды, Қытай экономи­касына соққы болып тиді. Қытай билігі дағдарысқа қарсы шаралар қабылдап, эпиде­мия­ның экономикаға теріс әсерін азайту үшін жұмыс істеп жатыр», – деді.
Оның пікірінше, қауіпті вирустың қашан аяқ тартары белгісіз, дәл осы белгісіздік нақты болжам жасауға кедергі келтіріп отыр. «Вирустың қаншалықты тез таралатыны және Қытай мен әлем эко­номикасына әсер етуші өзге елдердің қалыпты жағдайға оралуына байланысты көптеген сценарий орындалуы мүмкін», – деді ол. ХВҚ-ның бастапқы сце­на­рийі бойынша жылдың екінші тоқсанында Қытай эко­номикасы қалпына келеді. «Осы сценарий бойынша Қытайдың ЖІӨ өсімі 2020 жылы 5,6%-ды құрайды. Бұл қаңтардағы болжамнан 0,4 пайызға төмен. Бірақ біз, сонымен қатар вирустың таралуы ұзақ және әлемдік ауқымда жалғасатын ауыр сце­нарийді де қарастырып жатыр­мыз, ал мұндай жағдайда эко­номикалық өсу ұзаққа созы­лады», – дейді ол. Мұндай ауыр сценарийдің салдары ауыр болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан Еуро­комиссия COVID-19 корона­вирус инфекциясының та­ралуын баяулату мақсатында 232 млн еуро көлемінде қаржы бөлу туралы шешім қабылдады. Еуроодақ қаржының бір бөлігін жақын арада, қалғанын алдағы айларда бөлмек. Дағдарысқа қарсы бас­қару­шы еурокомиссар Янев Ле­нарчич бұл қаржының бір бөлігі – 114 млн еуро Дүниежүзі­лік денсаулық сақтау ұйымының бюджетіне бағытталатынын же­т­кізді. Сонымен бірге бұл қар­жыдан денсаулық сақтау жүйесі өте әлсіз елдерге де кө­мек ақша аударылады. Ал 100 млн еуро инфекция таралуының алдын алу және қарсы іс-қимыл шараларын зерттеуге жұмсал­мақ. Еурокомиссар корона­вирус­тың таралуы Еуроодақ елдерінің экономикасына кері әсер ететінін мойындап отыр. Сондықтан дағдарысқа қарсы іс-шаралар дәлелденген ғы­лыми мәліметтер мен аурудың таралуына қатысты тәуекел­дерді бағалауға негізделіп қа­был­дануы керек дейді.   Айдана БЕГІМ