Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен келді. Жұмыс тобы құрамында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова және өзге де лауазымды тұлғалар бар.
Үкімет басшысының орынбасары бастаған топ алдымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ музейіне бас сұқты. Мұнда қара шаңырақтың тарихы, жетістіктері, тұлғалары мен түлектері жайлы мәлімет берілді.
Сонымен қатар ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев өткен жылы университеттің оқу ғимараттары мен жатақханаларына жүргізілген жөндеу жұмысының барысына тоқталды.
«Жөндеу кезінде ғимараттардың сыртқы қасбеті жаңартылып, барлық бөлменің қабырғалары қайта сыланып, әрленді. Есік-терезе, еден төсеніштері мен жиһаздар сатып алынды. Сонымен қатар электр жүйесі қайта жүргізілді. Жатақханалардағы әр секцияға заманауи душ кабиналары қойылып, сантехникалық жабдықтар ауыстырылды», – деді ректор.
Содан соң вице-премьер бастаған жұмыс тобы бас ғимаратта орналасқан оқу орнының Жағдаяттық басқару орталығының қызметімен танысты. Орталық басшылары қауіпсіздік және бақылау жүйесі барысын көрсетіп, университеттің ақпараттық бағдарламалары мен байланыс орталығының жұмысы туралы ақпарат берді.
Сонымен қатар Алтай Көлгінов университеттегі Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығында болып, дәрілік препараттар әзірлейтін құрылғылармен танысты.
Арнайы сапармен келген вице-премьерге ректор Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ қалашығы құрылысының ΙI даму кезеңі жайлы мәлімет беріп, болашақта салынатын жатақхана, оқу корпустары мен қызметтік тұрғын үй жобаларымен таныстырды.
Алматы