«Шымсити» шағынауданының көгілдір отын мен жарық мәселесі, «Игілік» тұрғын алабының халқын мезі еткен инфрақұрылым жайы бүгін «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы отырысында қаралды. Комиссия төрағасының орынбасары Бауыржан Қуанышбеков бастаған жиынға партияның қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Жанар Бектаева, фракция жетекшісі Қайрат Имашев, Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов, сондай-ақ, қалалық тұрғын үй, энергетика және инфрақұрылымды дамыту, құрылыс, орта сапасы және бақылау басқармасының басшылары мен мамандары, қалалық мәслихат депутаттары мен партиялық бақылау комиссиясының мүшелері қатысты. Мәселеге қанық болған комиссия мүшелері тиісті сала мамандарының уәжін тыңдады. Мамандардың айтуынша, қаланы сапалы электр қуатымен қамту саласында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Аймақтың даму жоспарына сәйкес 2025 жылы қала 100 пайыз электр жүйесімен қамтылады. Аталмыш шағынаудан тұрғындарының базынасы партия филиалының жіті бақылауына алынды.
Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ