«Жер аманаты» жалғасын тапты

«Жер аманаты» жалғасын тапты

Елімізде «Жер аманаты» комиссиясының жұмыстары қайта жалғасты. Таяуда Түр­кістан және Алматы облыс­тарында жиын өтті. «AMANAT» партиясының осы жобасы арқылы былтыр 3 млн гектар жер қайтарылған болатын. «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалында аймақтық «Жер аманаты» комис­сиясының отырысы өтті. «Жер ама­наты» жобасы аясында ұйым­дастырылған жиынға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтын­сары Үмбетәлиев төрағалық етті. Комиссия отырысына Сауран ауданының әкімі Ғ.Үсенбаев және облыстық жер қатынастары мен ауыл шаруашылық басқарма басшылары, жер ресурстарын басқару департаменті басшысы, облыстық прокуратураның өкілі қатысты. Бас қосуда Сауран ауда­нының әкімі Ғалымжан Үсенбаев өткен жылы «Жер аманаты» пар­тиялық жобасы аясында ат­қарыл­ған жұмыстарға есеп берді. Сауран ауданының жалпы аумағы 721,745 гектарды құрайды. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 388 843 гектар. Оның ішінде суармалы жерлер – 44 441 гектар болса, жайылым жер – 344 402 гектар.

«Түркістан облыстық жер қа­тынастары басқармасы тарапы­нан 2022 жылға ортақ пайдалануға Сауран ауданы бойынша берілген жоспар: 126,9 гектар. Оның ішінде: 48,5 мың гектар жер учас­кесін мемлекет меншігіне қай­тару арқылы, 78,4 мың гектар жер телімін меморандум арқылы қайтару жоспарланған. Оның орындалғаны 120,4 мың гектар жер телімін құрады. Мемлекет меншігіне қайтару жолымен 58,6 мың гектар жер теліміне мем­лекет қажеттілігіне алу туралы қаулы қабылданған. Ал 61,8 мың гектар жер телімі шаруа қожалық иелерімен меморандум жасау ар­қылы елді мекеннің ортақ жайы­лымы ретінде келісілді. Осы уа­қытқа дейін Сауран ауданына қарасты ауылдық округтерде ортақ жайылым үшін жалпы ауданы 22665,0 гектар болатын жайылым жер теліміне сәйкес­тендіру құжаты, яки мемлекеттік акт алынған. Алдағы уақытта мем­лекет қажеттілігіне алу жұ­мыс­­тары толығымен аяқталған соң, олар әр ауылдық округ әкім­дігінің меншігіне берілетін болады», – деді Ғалымжан Қарабайұлы.
Облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшысы­ның міндетін атқарушы Б.Дос­жанов және облыстық жер қа­тынастары басқармасының бас­шысы Е.Тілеген «Жер ама­наты» комиссиясында Сауран ауданы бойынша бірқатар кемшіліктерге тоқталып өтті. Олардың ай­туын­ша, Сауран ауданы бойынша жайылым жер телімдерін тү­ген­деу жұмыстарын жүргізу бары­сында «АШЖБ» базаға мал басы тір­келмеген 358 жер иелеріне тиесілі 29 993 гектар учаске анық­талған. Алматы өңірінде де «AMANAT» партиясының облыс­тық филиалы жанындағы ай­мақтық «Жер аманаты» комис­сиясының отырысы өтті. «Жер аманаты» жобасы аясында ұйым­дастырылған жиынға «AMANAT» партиясы Алматы облыстық фи­лиалының төрағасы Қуат Бай­ғоджаев төрағалық етті. Отырыс­қа облыстық мәслихат хатшысы Талғат Байеділов және облыстық жер қатынастары мен ауыл ша­руашылық басқарма басшылары, жер ресурстарын басқару депар­таменті басшысы, сондай-ақ ШҚ өкілдері қатысты. Төраға өңірде пайдаланылмай жатқан және Қазақстан Республикасының заң­намасын бұзып берілген жер­лерді мемлекеттік меншікке қай­тару бойынша күн тәртібінде мәселелерді таныстырды. Күн тәр­тібіндегі бірінші және екінші мәселелер бойынша Алматы об­лы­сының жер қатынастары бас­қармасы басшысының м.а. Қыдырбаев Қайрат Үмітбекұлы баяндама жасады. Комиссия мүшелерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалып, қаралған мәселелер бойынша ұсынымдар қабыл­да­нып, шешім шығарылды. Атал­ған шешім хаттама түрінде жа­уап­ты мекемелерге жол­данатын бо­лады.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ