Қазақстанның өнерлі азаматтары сахнада ғана емес, футбол алаңында да кездесуде. Мұндай мүмкіндікті оларға «AMANAT CUP»: өнер және медиа қызметкерлерінің ел чемпионаты берді. Өткен жексенбіде Алматы қаласында футболдан өнерлі жастар арасында қызықты тартыс өтті. Онда еліміздің ең үздік деген 8 медиа командасы ойнады. «AMANAT» партиясының кубогына арналған жарыс алғаш рет өтіп отырған жоқ. Партияның «Жастар Рухы» жастар қанаты тұрақты түрде қолдау көрсетіп келе жатқан ойын мәдениет саласында жүрген қызметкерлердің демалыс уақыттарын тиімді пайдалануға бағытталған. Жастар арасында салауатты өмір салтын дәріптеуді көздейді. Жыл сайын ел чемпионатының ауқымы кеңейіп келеді. «Тұрақты негізде өтетін «AMANAT» партиясының кубогына арналған жарыс еліміздің әр қаласынан жиналған жас өнер саңлақтары мен мәдениет майталмандарын жинауда. Біріншіден, бұл қатысушылар үшін жұмыстан тыс уақытта пайдалы басқосу болса, екіншіден, саламатты өмір салтын қалыптастыру. Жастардың спортпен шұғылданып, дені сау ұрпақ тәрбиелеуіне жастар қанаты жан-жақты үлесін қосуда», – деді «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев. Чемпионат нәтижесі бойынша ақшалай сыйлық пен бас жүлдені «LF QURMAN» құрамасы алса, екінші орынды Қостанай облысының «ARQALYQ» командасы жеңіп алды. Ал үшінші орынды «ZHAMBYL» командасы иеленді. «Биылғы матчтың ерекшелігі – финалдық ойынның Youtube арнамызда тікелей эфирден көрсетілуі. Біз ашықтықты қолдаймыз», – деп атап өтті жарыстың ұйымдастырушысы, тележүргізуші Нұрсұлтан Құрман. Сондай-ақ, турнир қорытындысында 5 номинация бойынша үздік ойыншылар марапатталды. Атап айтқанда, «Үздік қақпашы» – Мейірбек Жұбатов (LF QURMAN), «Үздік шабуылшы» – Рауль Мақсотов (MADENIET ORAL), «Үздік қорғаушы» – Сұлтан Бақыткириев (ARQALYQ), «Үздік ойыншы» – Елдос Өмірхан (LF QURMAN), ал «Жаңа есім» – Әлиасқар Тағайбеков (ZHAMBYL) болды.