«Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблі Еуропада төртінші концертін берді. Брюссельдегі өнер кеші аншлагпен өтті. Бұл концерт Қазақстан мен Еуроодақтың дипломатиялық қарым-қатынасының 30 жылдығына арналды. Қазақтың көне музыкалық аспаптары – қылқобыз, сыбызғы, даңғыра, шертер мен сазсырнайдың үні Брюссельдің «Бозар» үздік концерт залында әуеледі. «Ұлы дала» көшпенділерінің әуені бельгиялық көрерменді тәнті етті. Кеште Нұрғиса Тілендиев, Дәулеткерей Шығайұлы, Абай Құнанбайұлының, сонымен қатар еуропа өнер шеберлерінің шығармалары орындалды.
– Концертті «Тұран» ансамблінің 15 жылдығына арналған бағдарламамен бастадық. Халқымыздың бай мұрасын және бүгінгі жастардың, музыканттардың ата-бабаларымыздың дәстүрін қалай дәріптеп, жалғастырып жатқанын көрсеттік. Италиялықтардың классикалық музыкасымен бірге француз композиторларының музыкасын, Қазақстанның заманауи музыкасын орындадық, – дейді Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова.Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, опера әншісі Медет Шотабаевтың, танымал пианист және концертмейстер Динара Мирманованың өнері ешкімді бейжай қалдырмады. Көрермендер қайта-қайта қол соқты.
– Қиялды қозғаған ғажайып концерт болды. Әртүрлі аспаптардың әдемі үйлесімі, классикалық туындылармен үндескен көшпенділер мәдениеті керемет әсер қалдырды. Көрермендер, оның ішінде мен де бармын, бәріміз риза болдық. Қазақстан мен Еуроодақтың дипломатиялық қарым-қатынасына 30 жыл толу мерейтойына арналған концерт үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді, – дейді Еуропаның сыртқы іс-әрекеттер қызметінің дирекциясы басқарушысының орынбасары Люк Девинь.Қазақконцерттің өнер сапары Нидерланд, Аустрия, Хорватия мен Словенияда жалғасады.
– Біз ұзақ уақыт дайындалдық. Осыған дейін Еуропада бірнеше концерт қойдық. Қай жерге барсақ та, қай мемлекетте болсақ та, халықтың қазақ өнеріне деген қошеметі, ықыласы жоғары. Біздің концертке келгеннен кейін көрермендердің Қазақстанға деген, қазақ мәдениетіне деген қызығушылығы артты. Барлық сайттар мен туристік агенттіктерге «Біз Қазақстанды көргіміз келеді» деп жазып, комментарий қалдырып жатыр екен, – дейді «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің музыканты Мақсат Медеубек.