Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесу өткізді. Келіссөздер алдында «Ақорда» резиденциясында ресми қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшыларына рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұраны шырқалды. Содан кейін президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев шағын құрамдағы кездесуден кейін екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен келіссөзді кеңейтілген құрамда жалғастырды. Тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аудара отырып, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың негізгі мәселелерін жан-жақты талқылады. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін Әзербайжан Президентінің бұл сапарының маңызы зор екенін айтты.
– Әзербайжан – бізге маңызды және сенімді серіктес қана емес, бауырлас әрі жақын мемлекет. Ғасырлар бойы қалыптасқан достық пен өзара қолдаудың мызғымас байланыстарына сүйене отырып, біз бүгінде шынайы стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында дамып келе жатқан тиімді мемлекетаралық ынтымақтастықты жолға қойдық. Елдеріміз арасында қарқынды және сенімді саяси диалог орнады. Үкімет деңгейінде үйлесімді жұмыстар атқарылып, көпжақты платформалар аясында сындарлы өзара іс-әрекет жүргізіліп келеді, – деді Президент.Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасында ауқымды шарттық-құқықтық база қалыптасқанына тоқталды.
– Біз былтыр Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық ынтымақтастықты тереңдету туралы декларацияға, сондай-ақ Ынтымақтастықты дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді бағдарламасына қол қойдық. Бүгін тағы бірқатар маңызды құжат қабылданады. Сонымен қатар Сіздің бүгінгі сапарыңыз аясында ынтымақтастығымыздың саяси тұғырнамасына тың серпін беретін Жоғары мемлекетаралық кеңес құрамыз. Бұл екіжақты қатынастарға тың серпін беретіні сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.Президенттер екі елдің сауда-экономика саласындағы қарым-қатынастарының айтарлықтай ілгерілеп келе жатқанына көңілдері толатынын мәлімдеді. Былтыр екіжақты тауар айналымы 40 пайызға артып, жарты миллиард долларға жетті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Әзербайжанның экономикалық әлеуетін толыққанды пайдалана отырып, бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізуге мүмкіндік бар деп санайды.
– Ең алдымен, Қазақстанға ресми сапармен шақырғаныңыз үшін тағы да алғыс айтамын. Бауырлас қазақ жеріне келгеніме қуаныштымын. Біздің қарым-қатынасымыз нығайып келеді. Халықтарымыздың арасындағы байланыстың тарихы терең әрі біз әрдайым бір-бірімізге бауыр ретінде қараймыз. Бүгін осы берік іргетастың негізінде келешегімізді бірге құрып жатырмыз. Біз бұған дейін талқылаған ынтымақтастықтың барлық саласының әлеуеті мол. Гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың айрықша маңызды екенін айта кеткім келеді. Қазақстанның Әзербайжандағы, сондай-ақ Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндерінің ұйымдастырылуы елдерімізді одан әрі жақындата түсіп, халықтарымыздың терең тарихы мен бай мәдениетін паш етеді. Біздің ойымызша, мемлекетаралық қарым-қатынасымыздың негізі – осы гуманитарлық сала. Әрине, екі тараптың да мүддесіне сай салалар аз емес. Біз, шын мәнінде, өзара ынтымақтастық пен одақтастықтың жаңа деңгейіне көтеріліп жатырмыз, – деді Әзербайжан Президенті.Ильхам Әлиев бүгін екіжақты қарым-қатынастар бойынша ауқымды мәселелер көтерілгенін және халықаралық мәселелер жөнінде жан-жақты келіссөздер жүргізілгенін айтты. Келіссөздердің қорытындысы бойынша, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Бірлескен мәлімдемеге және Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесін құру туралы Хаттамаға қол қойды. Шағын және кеңейтілген құрамда өткен екіжақты келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы өз сөзінде шақыруын қабыл алып, Астанаға ресми сапармен келгені үшін Әзербайжан Президентіне ризашылығын білдірді.
– Бүгінгі сапардың маңызы ерекше. Екі ел арасындағы байланыстар өзара сенімге және қолдауға негізделген. Яғни, екіжақты ықпалдастықты одан әрі нығайтуға мол мүмкіндік бар. Біз бүгін шағын және кеңейтілген құрамда мазмұнды келіссөздер өткіздік. Сауда-экономика, көлік-транзит, энергетика салаларындағы қарым-қатынасты дамыту мәселесін талқыладық. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдетуге қатысты бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік. Осы сапардың нәтижелері Қазақстан мен Әзербайжанның қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін, – деді Президент.Қасым-Жомарт Тоқаев толық форматта өткен келіссөздердің нәтижесін жоғары бағалады. Бұл шаралар екі ел басшыларының екіжақты байланыстарды жан-жақты нығайтуға өзара ниетті екенін тағы да растады. Президенттер ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша пікір алмасып, өңірлік және халықаралық мәселелер жөніндегі ойларын ортаға салды. Сондай-ақ екі елдің өзара қарым-қатынасын одан әрі тереңдетудің перспективалары мен бағыттарын талқылады. Мемлекеттер басшылары өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы жарты миллиардтық межеге жақындағанын ерекше атап өтті. Әйтсе де, сауда-экономикалық серіктестіктің әлеуеті әлі де мол. Тараптар экспорттық-импорттық тауарлар номенклатурасын одан әрі кеңейту үшін пәрменді шаралар қабылдауға уағдаласты.
– Елдеріміздің мүдделі құрылымдарының (Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, сауда-экономикалық миссиялар, Іскерлік кеңес, сауда үйлері) үйлесімді қызметі экономикалық ынтымақтастықты мүлде жаңа деңгейге көтереді. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағытының (орта дәліздің) әлеуетін толық пайдаланудың маңызы зор. Бұл жерде логистикалық қызметтерді жетілдіру, бірыңғай көлік операторларын құру, техникалық және тарифтік шарттарды жаңғырту, әкімшілік кедергілерді жою және тұйық логистикалық циклды қалыптастыру туралы сөз болып отыр. Орта дәлізді дамытудың 2022-2027 жылдарға арналған Жол картасын тиімді жүзеге асырудың да маңызы зор. Біз бұл бағытқа қызығушылықтың артқанын толыққанды пайдалана отырып, оның инфрақұрылымын дамытуға үшінші елдерді тарту маңызды деп ұйғардық. Бұл шаралардың барлығы, сондай-ақ халықаралық серіктестерімізбен арадағы тығыз ынтымақтастық «Шығыс-Батыс» бағыты бойынша жүк жеткізудің тұрақтылығы мен жеделдігіне кепілдік беруге ықпал етеді, – деді Президент.Мемлекет басшысының айтуынша, келіссөздер барысында энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға баса мән берілді. Әлемдік нарықтарға энергия ресурстарын жеткізу ісін одан әрі әртараптандыру – маңызды міндет.
– Қол жеткізген уағдаластықтарымыздың нәтижесінде биыл Әзербайжан арқылы Қазақстан мұнайының бірінші партиясы жөнелтілді. Келесі қадам –жеткізілетін мұнай көлемін ұлғайту және оны ұзақмерзімді әрі тұрақты жеткізу бағытына айналдыру. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, аталған маңызды бастамаларды жеке қолдағаны үшін Әзербайжан Президенті құрметті Ильхам Гейдар оғлу Әлиевке алғыс айтқым келеді. Біз экономикамыздың жаңа «өсім деңгейі» бола алатын серпінді инвестициялық жобаларды іске асыруға арнайы тоқталдық, – деді Мемлекет басшысы.Президенттің айтуынша, өнеркәсіп, тоқыма, агроөнеркәсіп және құрылыс салаларында бірлескен ірі кәсіпорындар ашуға болады. Мемлекеттер басшылары екі елдің үкіметтеріне бірлесіп іске қосу үшін ірі жобаларды анықтауды тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, ақпараттық технология саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың келешегі зор. Қазіргі уақытта Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жобаның стратегиялық маңызын ескере отырып, оны уақтылы іске қосу тапсырылды. Сонымен қатар әзербайжандық серіктестерге мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ IT-стартаптар үшін Қазақстан платформаларын пайдалану ұсынылады.
– Қазақстан мен Әзербайжан түрлі көпжақты құрылымдар аясында өзара табысты ынтымақтастық орнатқан. Көптеген өзекті халықаралық және өңірлік мәселе бойынша екі елдің ұстанымдары ортақ. Осы ретте Қазақстан Әзербайжан мен Армения арасындағы келіспеушіліктерді дәстүрлі түрде дипломатиялық жолмен реттеуді жақтайтынын, сондай-ақ тараптардың бейбітшілік шартын тезірек жасау жөніндегі күш-жігерін құптайтынын атап өткім келеді. Жалпы, өңірде тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін өзара қолдауды жалғастыру және бірлескен шаралар қабылдау қажеттігі туралы пікірлеріміз ортақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Өз кезегінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев құрмет көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, Қазақстанға жасаған ресми сапарының қорытындысына көңілі толатынын жеткізді.
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен Қазақстанда өз үйімде жүргендей сезінемін және жиі келемін. Қазақстан Президентін қоғамның барлық саласын қамтитын реформаларды сәтті жүзеге асыруымен құттықтағым келеді. Сондай-ақ бауырлас елді дамыту ісінде табыс тілеймін. Біздің өңірде бейбітшіліктің сақталуын көздейтін Қазақстанның ұстанымы зор құрметке лайық. Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін, аса маңызды жаһандық мәселелер жөніндегі салмақты ұстанымын ерекше атап өткім келеді. Қазақстан әлемдік қоғамдастықта үлкен құрметке ие. Мен өз тарапымнан Әзербайжанда Сізді құрметтейтін, бағалайтын бауырларыңыз тұрады деп тағы да айтқым келеді. Біз Қазақстанның көрсеткен және көрсетіп келе жатқан тілеулестігі үшін ризашылығымызды білдіреміз. Бауырлас Қазақстан халқына деген туыстық сезімді арттыра беру үшін бәрін жасаймыз, – деді Ильхам Әлиев.Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Әзербайжан Президентінің ресми сапары аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығын аралап көрді. Мемлекеттер басшылары АХҚО-дағы Халықаралық соттың жұмысымен танысты. «Астана» халықаралық қаржы орталығы сотының тіркеушісі және аппарат жетекшісі Кристофер Кэмпбелл-Холт Орталық Азиядағы ағылшын құқығы нормалары мен қағидаттарына негізделген ең алғашқы сот жүйесі туралы баяндады. Ол соттың АХҚО-дағы азаматтық және коммерциялық дауларды шешу үшін ең үздік халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтінін жеткізді.Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Орталықтың Қаржылық қызмет көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің, бизнесті дамыту жөніндегі тобының, «АХҚО-дағы венчурлық қаржыландыру және технологиялық инновацияларды дамыту туралы» Тех Хабының жұмысымен танысты.Сонымен қатар екі ел президенттеріне Экспат орталығының «АХҚО-да тіркелген компанияларды «бір терезе» қағидаты бойынша қолдау қызметі» туралы мәлімет берілді. «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров мемлекеттер басшыларына АХҚО-ның жұмысы туралы баяндады. Іс-шара соңында Әзербайжан Президенті «Астана» халықаралық қаржы орталығының Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.