Өткен аптада әлемжеліде бір балаға бірнеше жасөспірімнің жабылып, аяусыз соққыға жыққан видеосы тарады. Ес-түссіз жатқан баланы асқан қатыгездікпен жабыла ұрып жатқандардың әрекеті көпті шошытты. Кейіннен бұл сұмдық оқиға Қызылорда облысы Қазалы ауданында болғаны анықталды. Жүгенсіз кеткен жастардың жантүршігерлік әрекеттері көптің талқылауына түсіп жатыр. Бірі беймезгіл уақытта көше кезіп жүретін балаларын бақылауда ұстамайтын ата-ананы кінәласа, келесісі мектеп мұғалімдері тарапынан оқушылардың тәртібіне атүсті қарайтынын алға тартады. Тентек тобырлар басын допша тепкілеген бозбала 6 сәуір күні ауыр халде ауруханаға жеткізілгені мәлім болды. Ең сорақысы, алғашқыда жәбірленуші тарапынан жаңбыр суынан тайып құлағаны жайында ақпарат тараған. Дейтұрғанмен, шындыққа жанаспайтын дақпырт көпшіліктің ашу-ызасын туғызды. Видеода бірнеше баланың сұлқ жатқан бозбаланы аяусыз тепкілеп жатқаны анық көрініп тұр. Ендеше, «өздігінен тайып жығылған жеткіншекті аяусыз тепкілейтіндей не түлен түртті?» деген заңды сұрақ қоғамды толғандырады. Қазір құзырлы орындар тарапынан баланың соққыға жығылғаны расталып отыр. Соққыға жығылған жасөспірім аудандағы №70 мектептің 9-сынып оқушысы екені белгілі болды. Ал соққыға жыққан балалар Әйтеке би кентіндегі №266 мектепте оқитын оқушылар болып шықты. Бұл жайында Қызылорда облыстық білім басқармасына хабарласып, мән-жайды анықтауға тырыстық.
«2023 жылғы 6 сәуір күні Қазалы ауданында мектеп оқушылары арасында ұрып-соғу оқиғасы тіркелді. Осы келеңсіз оқиға бойынша анықтау шаралары атқарылуда. Нақты кезеңде бұл жағдай бойынша ҚР қылмыстық кодекстің 293-бабына сәйкес тергеу жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш оқиғаға орай әкімшілік қадағалауды өз деңгейінде үйлестірмеген және кемшіліктерге жол берген Қазалы ауданындағы №266 және №70 мектеп-лицейлерінің директорлары мен тәрбие жөніндегі орынбасарларына қатаң шара қолданылып, қызмет мәселесі қаралатын болады. Осы орайда облыстық білім басқармасының 13 сәуір күні болатын кеңейтілген мәжілісінде Қазалы аудандық білім бөлімінің басшылары мен жауапты мамандарының жауапкершілігі қаралатындығын хабарлаймыз», – деп мәлімдеді бұл жайында Қызылорда облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің жетекшісі Бекбол Қаратайұлы.Жалпы мәліметке сәйкес, 2023 жылдың 6 сәуір күні сағат 16:00 шамасында Қазалы аудандық ауруханасына 2007 жылы туған жасөспірім ауыр жарақатпен, нақты айтқанда, мидың шайқалуы диагнозымен жеткізілген. Аудандық полиция бөлімі тарапынан баладан жауап алу кезінде ол өзінің құлап қалғанын, ешқандай арыз-шағымы жоқ екендігін айтқан. Алайда 7 сәуір күні әлеуметтік желі арқылы тараған Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі Жалаңтөс Баһадүр атындағы саябақта жерде қимылсыз жатқан бозбаланы аяусыз тепкілеп жатқан жасөспірімдердің видеосы көптің жағасын ұстатты. Осыдан кейін жергілікті полиция қызметі мен қылмысты жедел іздестіру бөлімшесі тарапынан шұғыл жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде 7 сәуір күні түнгі 00.00 шамасында Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейдің 5 оқушысы анықталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Осы орайда Қызылорда облыстық полиция департаментінен оқиғаның жай-жапсарын сұрап көрдік.
«Аталған дерек бойынша қосымша тексеру мен әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде, кәмелетке толмаған тұлғаны ұрып-соққандығы анықталды. Қазалы аудандық Полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігімен (бұзақылық) тіркеліп, тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Тергеу барысында жәбірленушіні ұрып-соққан барлық тұлғалардың жеке бастары анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Ол жөнінде әлеуметтік желіге алғашқы ақпаратқа қосымша жариялым шығарылды. Қылмыстық істің маңыздылығына қарай және толыққанды қамтамасыз ету мақсатында іс Қызылорда облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасының өндірісіне алынды. Қазіргі уақытта Қазалы ауданында криминогендік ахуал тұрақты. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстылықтың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері рейдтік жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар Қызылорда облысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында», – делінген Қызылорда облыстық полиция департаментінің бізге берген ресми мәлімдемесінде.Қазіргі уақытта аталған оқиғадан зардап шеккен жасөспірімнің жағдайы қалыпты. Тиісті емдеу шаралары тұрақты жүргізіліп жатса керек. Бұл жайында Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
«Қазалы ауданында болған топтық төбелес салдарынан зардап шеккен жасөспірім бүгінде дәрігердің қатаң бақылауында. Қазіргі уақытта баланың жалпы жағдайы ауыр. Динамикада асқынусыз, жақсарту белгілері байқалады. Есін біледі, сұрақтарға жауап береді. Аздап бас ауруына шағымданады, жалпы әлсіздік басым. Дене қызуы қалыпты. Лабораторлық зерттеулерде айтарлықтай өзгеріс жоқ. Тұрақты түрде көпбейінді облыстық балалар ауруханасының дәрігерлерінен кеңес алынып, еміне коррекция жасалуда. Баланың денсаулығына алаңдаушылық білдіріп жатқан облыс тұрғындарына ризашылығымызды білдіреміз! Осы ретте баланың денсаулығына байланысты әлеуметтік желілерде бірнеше пікірлер айтылуда. Оның ішінде баланың жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр (комада) деген жалған ақпараттар да жеткілікті. Соған орай облыстық денсаулық сақтау басқармасы жалған ақпараттарды таратпауды, тек қана арнайы ресми құзырлы мекемелердің мәліметіне жүгінуді сұрайды», – делінген басқарманың ресми хабарламасында.Жасөспірімдер арасындағы төбелеске байланысты Қызылорда облысы әкімдігінде шұғыл жиын да өткізілді. Жиында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазалы ауданында бұған дейін де жаппай төбелес болғанын, аудан әкімі мен жергілікті полицияның осы жағдайға жол беріп, әрекетсіздік танытқанын қатаң сынға алды. Төбелестің шығу себебін анықтап, шұғыл шара қабылдауды тапсырды.
«Бәріміз де ата-анамыз. Әрбір ата-ана баласының үйге есен-сау оралатынына сенімді болуы керек. Ал полиция мен мектеп бұған қол жеткізе алмай отыр. Қызылорда қаласы мен Қазалы, Жалағаш ауданы бойынша полиция басқармаларының жауапкершілігі қаралсын. Сонымен қатар аталған мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары да осы жағдайға жол бергендері үшін тиісті шараларын алсын», – деді сол жиында облыс әкімі.Қазіргі уақытта жауапты басшыларға қала мен барлық ауданда рейд ұйымдастыру, ата-аналар мен жасөспірімдер арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу тапсырылып отыр. Жалпы соңғы жылдары Сыр өңірінде жасөспірімдер арасында топтық төбелес, құқықбұзушылық фактілері азаймай тұр. Мұның соңы осындай асқан қатыгездікке ұласып бара жатқаны аңғарылады. Қылмысты бүркемелегенмен, балалар арасындағы бассыздықты ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Ендеше тентектерді тезге салатын кез келді.
Бет қатталып жатқанда: Аталмыш мәселеге орай Қызылорда облысы әкімдігінің өңірлік коммуникациялар қызметінде шұғыл брифинг өтті. Брифингте Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшиддин Амитов қылмыстың алдын алуда жауапкершілік танытпағаны үшін 10 жауапты қызмет өкілдеріне шара көрілетінін, сондай-ақ, министрлікке Қазалы аудандық полиция бөлімшесінің басшысын қызметінен босату жөнінде ұсыныс жасалғанын мәлімдеді.
Қызылорда облысы