Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония концерт залында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, дирижер, композитор Әли Алпысбаевтың «Елге арнау» атты шығармашылық концерті өтті. Кешті Жетісу облыстық филармониясы ұйымдастырды. Композитордың туындыларын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мейір Байнеш, Светлана Айтбаева, Арайлым Рахымқызы, «Құрмет» орденінің иегері Жанар Жүсіпова, Мәдениет саласының үздігі Ботагөз Ташимова, Халықаралық және Республикалық байқаулардың лауреаттары Әсем Сембина, Шынар Каримова, Айгерім Аманжолова, Жамиля Далишева, Алтынбек Әбілда сынды өнер майталмандары орындады. Концерттік бағдарлама еліміздегі ең ірі екі оркестрдің сүйемелдеуімен өтті. Соның бірі – еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Айтқали Жайымов жетекшілік ететін қазақ оркестрі болса, екіншісі – дирижер, Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов және Мәдениет саласының үздігі Әділ Бестембековтің басқаруындағы симфониялық оркестр. Бас дирижеры – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Қалқаман Дүйсебаев. Композитордың туындыларын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мейір Байнеш, Светлана Айтбаева, Арайлым Рахымқызы, «Құрмет» орденінің иегері Жанар Жүсіпова, Мәдениет саласының үздігі Ботагөз Ташимова, Халықаралық және Республикалық байқаулардың лауреаттары Әсем Сембина, Шынар Каримова, Айгерім Аманжолова, Жамиля Далишева, Алтынбек Әбілда сынды өнер майталмандары орындады. Концерттік бағдарлама әуелі симфониялық оркестрдің «Алаш елі» шығармасын орындауымен басталды. Әли Алпысбаевтың көптеген шығармасы симфониялық оркестрге лайықталып жазылған. Осылайша, композитор туындылары үлкен сахналарда орындалып, тыңдармандардың ықыласына бөленіп жүр. Бұл шығармалар еліміздегі симфониялық оркестрлердің репертуарлық қорын толықтыруға да үлесін қосып келеді. Әли Алпысбаев халқымыздың ұлттық сазын биік шыңға жетелеумен қатар, мәдени байланыстар делегациясының құрамында Қытай, Түркия, Польша, Үндістан, Корея, Болгария және Ресейдің ірі қалаларында көптеген халықаралық музыкалық форумдар мен фестивальдарға қатысқан. Сонымен қатар еліміздегі академиялық Құрманғазы атындағы, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрлерімен, Астана қаласының оркестрімен дирижер-композитор ретінде отандық ірі концерттік залдарда өнер көрсетті. Жүздеген әннің, бірқатар ірі күй-поэмалардың және қыл қобыз, домбыра, қобыз, фортепиано, виолончель, флейта аспаптарына жазған шығармалардың авторы, сондай-ақ театрларда сахналанған 10-ға жуық қойылымның музыкасын жазды. Әли Алпысбаевтың әндері мен шығармаларынан құралған «Ауылдағы той», «Әнімді сізге арнадым», «Аққұсым» атты жинақ кітаптары жарық көрген. Тіпті, «Ауылдағы той» әнін көпшілік халық әні деп қабылдап кеткен. – Ол әннің авторы – менмін. Ол әнді марқұм Әбен Дәуренбеков екеуіміз бірігіп 80-жылдары жазған едік. Бір күні ол «Әли, екеуіміз бір ән жазайық. Бір бауырым үйленгелі жатыр еді. Сонымен байланыстырсақ қалай?» деп ұсыныс тастады. Алдымен, қайырмасын шығардық. Қалғанын екі-үш күнде жаздық. Бүгінде ол ән қазақ тойларының әнұранына айналды. Ешбір той бұл әнсіз өтпейді, – деп есіне алды дирижер. Осылайша, Әли Алпысбаевтың шығармашылық концерті дәл осы әнмен өрбіді. Одан бөлек, композитордың әкесіне арнап жазған күйі «Әке арманы» орындалды. Оны Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония дирижеры Нұрлан Бекенов шертті. Сондай-ақ «Кең дала» поэмасы оркестрдің сүйемелдеуімен виолончель аспабында орындалды. Орындаған – халықаралық байқаулардың лауреаты Шынар Каримова және кеш иесі Әли Алпысбаев. Аталған шығармалардан бөлек, «Ой толқындары», «Өмір-өзен», «Вокализ», «Біз екеуміз» шығармалары да тыңдармандармен қауышты.