Алматыда айтысқа келген Жүрсін Ерманға көрермен ерекше қошемет көрсетті
Алматыда айтысқа келген Жүрсін Ерманға көрермен ерекше қошемет көрсетті
1,188
оқылды
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Менің пірім – Сүйінбай» атты айтыс өтті. Оқу орны мен «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұйымдастырған, жас ақындар қатысқан VII халықаралық айтысқа ASSYLTAS қоғамдық қоры қаржылай қолдау білдірді. Университеттің 95 жылдығына арналған жыр бәйгесінде Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстаннан келген 40-қа жуық ақын бақ сынады.    width= ASSYLTAS қоғамдық қорының құрылтайшысы, белгілі кәсіпкер Дулат Тұрсынұлы, Абай университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шыңғыс Нұрланов өнердің қоғамда алар орны жастар тәрбиесінде ерекше екенін айтты.  width= Жас ақындардың өнеріне баға беруге көптен бері айтыстың төрінен көрінбей кеткен, ақын Жүрсін Ерман келді. Төл өнермен есімі бірге аталатын айтыстың қаранарын көрермен тік тұрып, қол соғып қарсы алды. Филология ғылымдарының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы, Мәдениет қайраткері, айтыскер ақын Серік Қалиев, айтыскер ақын, Мәжіліс депутаты Ринат Заитов, айтыскер ақын, Ұлытау облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мемлекеттік мекемесінің басшысы Әнуар Омар, айтыскер ақын, Мәдениет саласының үздігі Ахметжан Өзбековтер айтысқа төрелік етті.  width= Қазылардың шешімімен финалға 18 ақын жолдама алды. Айтыс Алатау дәстүрлі өнер театрында жалғасты. Университет ректоры Дархан Біләлов  өнерпаздарды құттықтады. Сахнаға шыққан ақындарға Жүрсін Ерман бата берді.    width= Екі күнге созылған дүбірлі додаға Ғылым және жоғары білім министрі құттықтау хат жолдады.
Министр Саясат Нұрбек: «...Халқымыздың сан ғасырдан келе жатқан қасиетті айтыс өнеріне деген құрметі айрықша. Бұл – кешегі Сүйінбай мен Жамбыл, Біржан мен Сара, Кемпірбай мен Шөже бабаларымыздан қалған асыл өнер. Ұлттық болмысымызды, қазақи құндылығымызды дәріптейтін айтыс өнері тәуелсіз ұрпақтың ұлттық қазынасы деп білемін. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «айтыс өнерінің алтын діңгегіне» балаған Сүйінбай бабамыз атындағы жыр додасының дәстүрлі түрде ұйымдастырылуы, жастардың бойындағы ақындық дарынды дамытып, сурырыпсалма қабілетін шыңдауға, ақындық мектептің қалыптасуына негіз болатын, қазақ руханиятына қосылатын үлкен мұра болары сөзсіз...», – деп жыр додасына қатысқан ақындарға шалқар шабыт тіледі.
Айтыстың толық нұсқасын алдағы уақытта «Домбыра» телеарнасынан тамашалай аласыздар.