Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Менің пірім – Сүйінбай» атты айтыс өтті. Оқу орны мен «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұйымдастырған, жас ақындар қатысқан VII халықаралық айтысқа ASSYLTAS қоғамдық қоры қаржылай қолдау білдірді.
Университеттің 95 жылдығына арналған жыр бәйгесінде Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстаннан келген 40-қа жуық ақын бақ сынады.
Министр Саясат Нұрбек: «...Халқымыздың сан ғасырдан келе жатқан қасиетті айтыс өнеріне деген құрметі айрықша. Бұл – кешегі Сүйінбай мен Жамбыл, Біржан мен Сара, Кемпірбай мен Шөже бабаларымыздан қалған асыл өнер. Ұлттық болмысымызды, қазақи құндылығымызды дәріптейтін айтыс өнері тәуелсіз ұрпақтың ұлттық қазынасы деп білемін. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «айтыс өнерінің алтын діңгегіне» балаған Сүйінбай бабамыз атындағы жыр додасының дәстүрлі түрде ұйымдастырылуы, жастардың бойындағы ақындық дарынды дамытып, сурырыпсалма қабілетін шыңдауға, ақындық мектептің қалыптасуына негіз болатын, қазақ руханиятына қосылатын үлкен мұра болары сөзсіз...», – деп жыр додасына қатысқан ақындарға шалқар шабыт тіледі.Айтыстың толық нұсқасын алдағы уақытта «Домбыра» телеарнасынан тамашалай аласыздар.