Президент жанындағы ҚСЗИ (KAZISS) төртінші жыл қатарынан «Әлемдегі жетекші аналитикалық орталықтар» жаһандық рейтингіне енген бірден-бір қазақстандық аналитикалық орталық атанды. 2019 жылдың 31 қаңтарында Пенсильвания университетінің жаһандық ғылыми-сараптамалық орталықтарының Global Go To Think Tank Index Report атты жыл сайынғы рейтингі жарияланды. Рейтинг профессор Джеймс МакГэннің басшылығымен «Аналитикалық орталықтар және азаматтық қоғам» бағдарламасы аясында құрастырылды. Биылғы жылы америкалық университет 2018 жылғы 8 162 сараптамалық орталықтың қызметіне талдау жасаған. Оның 31-і – Қазақстанға тиесілі. Өткен жылы рейтингте 28 қазақстандық Think Tank болды. 2018 жылдың соңында «Әлемдегі жетекші сарапшылық орталықтар (АҚШ зерттеу орталықтарын қоспағанда)» жаһандық рейтингінде ҚСЗИ әлемнің 8 162 орталығының арасында 142-орынды иеленді. 2016 жылға дейін Қазақстан Президентінің жанындағы ҚСЗИ белгілі санаттар мен бағыттар бойынша жаһандық рейтингке енгізілді. 2015 жылдың қорытындысы бойынша 2016 жылы ол әлемдегі ең мықты 150 аналитикалық орталықтың тізіміне еніп, алғаш рет 6 846 жаһандық ғылыми орталық арасында 147-орынды иеленді. Соңғы үш жылда рейтингке қатысатын аналитикалық орталықтар саны 1 316-ға жетті. ҚСЗИ тағы да Пенсильвания университетінің Global Go To Think Tank Index Report негізгі рейтингіне енген жалғыз қазақстандық орталық болып отыр. Соған қоса, рейтингте 55 түрлі номинация бар. Олар өз кезегінде 4 негізгі топқа біріктіріледі. «Орталық Азиядағы жетекші аналитикалық орталықтар» тобында Президент жанындағы ҚСЗИ Экономикалық және әлеуметтік даму орталығынан (Әзірбайжан) кейін екінші орынды иемденді. Айта кетейік, «Орталық Азиядағы жетекші аналитикалық орталықтар» тобына Қазақстанның ең көп аналитикалық орталығы енді. Жалпы алғанда, Пенсильвания университетінің Global Go To Think Tank Index Report рейтингте қазақстандық аналитикалық орталықтар саны жыл сайын артып келеді. Рейтинг бағаланатын аналитикалық орталықтарға экономикалық және саяси зерттеулер саласындағы 4 мыңнан астам журналист, саясаткер және сарапшының қатысуымен жүргізілетін зерттеу нәтижелері бойынша құрастырылады. Қорытынды кезеңінде беделді сарапшылар тобы рейтингке қатысып, олардың пікірлері негізінде қорытынды баға анықталады. Рейтингті құрастыру үшін географиялық орналасуы, қызметтік және ұйымдық бағыты, ғылыми және талдамалық жұмыстың сапасы мен беделі, брифингтер мен ресми кездесулердің саны, сондай-ақ аналитикалық орталықтың бірнеше номинацияға негізделген арнайы жетістіктері есепке алынады. Пенсильвания университетінің жіктеу рейтингіне сәйкес Кавказ елдері (Әзірбайжан, Армения, Грузия) және Ауғанстан Орталық Азия елдерінің тобына жатады. Абылайхан ЖҰМАШ