Алғыс айту күніне орай Qazaqstan концерт залында «Қазақ радиолары» серіктестігі «Мың алғыс» қайырымдылық кешін өткізді. Кеште мейірімділікті, қайырымдылықты, өмірге деген құштарлықты насихаттай отырып, ауыр дертке шалдыққан жандардың еміне қаржы жинауға атсалысты. Мәселен, мидың қатерлі ісігіне шалдыққан Самат Ақбергеновке көмек көрсетілді. Ал «Харекет» қайырымдылық қоры 3 отбасыға баспана кілтін табыстады. Олардың бірі – Қарағанды қаласы, екеуі Ақмола облысына берілді. Жалпы, «Мың алғыс» радиохабары мен қайырымдылық кеші аясында мұқтаж жандарға 85 630 000 теңге көлемінде көмек көрсетілді. «Бармысың, бауырым?» бағдарламасы эфирге шыққалы 800 хат-қоңырау түсіп, 130 адам табысқан. Соның арасында Шешенстанның Грозный қаласында тұратын Мариям Рамазанқызы 56 жылдан соң туған әпкесі Наталья Метельскаямен табысты. Сол секілді Мұхит Марасулов пен Балтабай Ақжанов 1982-1984 жылдары Германияда әскери борышын бірге өтеген екен. Міне, солар 36 жылдан кейін кездесті. Өздерінің ағайын-туғанын, жақынын тапқан біраз жандар да осы кешке келіп, ризашылығын білдірді. Қайырымдылық концертіне Майра Мұхамедқызы, Құрмаш Махан, Мирас пен Құралай, Әлішер Каримов, Қарақат Әбілдина, Өмірқұл Айниязов, Алтынай Жорабаева сияқты эстрада жұлдыздары, «Ұлттық ұлан» сарбаздары, Art Music квартеті қатысып, өнерін көрсетті. Назгүл ЕРЖАНҚЫЗЫ