Елордада Бұқар жыраудың 355 жылдығына орай «Алаш аманаты» атты көрме өтеді

Елордада Бұқар жыраудың 355 жылдығына орай «Алаш аманаты» атты көрме өтеді

Астана қаласындағы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдығына орай «Алаш аманаты» атты көрме өтеді. 13 сәуір күні өтетін іс-шараны Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ұйымдастырды. Ертіс-Баян өңірі – өнерге де, мәдениетке де бай өлке. Соңғы жылдары Павлодар облысы аумағынан Алаш ардақтыларына қатысты тың деректер, қолжазбалар, көне кітаптар үсті-үстіне табылып жатыр. Тұлғалардың шығармашылық өмірінен сыр шертетін көптеген құнды жәдігер бүгінде Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қорына алынып, аймақ халқының рухани және мәдени олжасына айналып үлгерді. Кезіндегі Алаш өкіметінің құрылуына, ұлт руханиятының қайта өрлеуіне атсалысқан қаншама ардақтыларымыздың Ертістің Павлодар жерінде ізі қалды. Сондай-ақ Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жеке заттары, Абай Құнанбайұлының 1909 жылы Санкт-Петербургте басылып шыққан тұңғыш кітабы, Ахмет Байтұрсыновтың араб  әрпімен жарық көрген «Маса» және «Қырық мысал» жинақтары, күрескер ақын Мәди Бәпиұлының Құраны көрмеге тұңғыш рет қойылады. Биылғы жылғы мерейтой иелерінің жеке заттары мен қолжазбалары да көрмеден орын алады.