Қазақстанда онлайн қызмет көрсету көрсеткіші көп елден көш ілгері. Бүгін eGov порталының құрылғанына – 17 жыл! Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 17 жыл бұрын біз цифрландыру жолына бет бұрып, электронды үкіметті құру жолында ауқымды жұмыс атқарылғанын айтты. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде орасан зор жетістіктерге қол жеткіздік деп айтуға толық негіз бар. «Осыдан 17 жыл бұрын мемлекеттік қызметті санаулы минуттарда, тіпті үйден шықпай-ақ алуға болатынын елестету қиын болатын. Ал бүгін осы мақсаттарға іс жүзінде қол жеткізіп отырмыз. Қазір қазақстандықтар eGov.kz порталында автоматтандырылған қызметтердің 92%-ын ала алады. Бұл – жеке және заңды тұлғаларға арналған 627 қызмет және сервис түрлері. Күн сайын электрондық үкіметтің қызметтерін 295 мыңнан астам адам пайдаланады. Былтыр электронды үкіметті дамыту бойынша БҰҰ рейтингінде 28-орынды, сондай-ақ онлайн сервистерді дамыту бойынша 8-орынды иелендік. Алдағы уақытта біз үздік 20 елдің қатарына енуді көздеп отырмыз. Жыл сайын портал заман талабына сай одан әрі жетілдірілу үстінде, бұл бағыттағы жұмыстарға өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, барын салып жүрген мамандар зор үлес қосып келеді», – деді Бағдат Мусин. Сондай-ақ министр онлайн қызмет сапасын дамыту бағытында үздіксіз жұмыс жүргізіп келе жатқан «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мамандарына алғыс айтты.