Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтті, – деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Жиында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы ғылым мен технологияның дамуына байланысты әлемде болып жатқан өзгерістерге тоқталды.
«Біз, ең алдымен, жұмыстың негізгі бағдары мен басымдықтарын айқындап алуымыз керек. Қазір әлемде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Геосаясат, экономика және қоғамдық қатынастар бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерге тап болды. Ғылым мен технология өте қарқынды дамуда. Ғылым саласы қаржы айналымы миллиардтаған долларды құрайтын алып индустрияға айналды. Технологиялық ірі корпорациялардың құны триллион долларға жетті. Нейрожелі және жасанды интеллект революциялық үдерістерге бастау болып жатыр. Соған сәйкес мүлде бөлек, жаңа өмір салты қалыптасуда. Оның пайдалы жақтарымен қатар зор қатер туғызуы мүмкін зиянды тұстары да бар. Жасанды интеллектіге байланысты, тіпті, Илон Масктің өзі алаңдаушылық білдіріп, оның дамуын әзірше тоқтату керек деп айтқан екен. Өйткені жасанды интеллект бүкіл адамзатқа үлкен қауіп төндіруі мүмкін деп ескерткен. Энергетика, медицина, био және гендік инженерия саласында іргелі жаңалықтар ашылды. Оның бәрі адамзат өміріне түбегейлі өзгерістер әкеле бастады», – деді Президент.Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев алдымызға қол жеткізе алмайтын тым асқақ мақсаттар қоймай, алайда ғылыми жетістіктерге жету үшін бар күш-жігерімізді салуымыз қажетін атап өтті.
«Әлем қауымдастығы бірлесіп шешімін табуға тиіс аса күрделі мәселелер бар. Жаһандық жылыну үдерісін бәсеңдету, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау және індеттің салдарын жою айрықша маңызды. Бір сөзбен айтсақ, заман өте жылдам өзгеріп жатыр. Біз осы өзгеріске бейімделуіміз керек. Әйтпесе, өркениет даңғылынан қалып қоюымыз мүмкін. Түпкі мақсатымыз – көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын елдердің қатарында болу. Бұл мақсат, әрине, өте күрделі, оны жақсы түсінуіміз керек. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Яғни, ғылыми дамудың соңында қалмай, осы прогресті анықтайтын мемлекеттердің қатарында болу – негізгі міндет. Бәлкім, бұл міндет тым күрделі көрінер. Бірақ біз алдымызға осындай мақсат қоюымыз керек. Оған еліміздің ғылыми әлеуеті жетеді. Бұл міндеттің оңай емес екенін түсінемін. Алайда біз оны сөзсіз орындауға тырысуымыз қажет. Жалпы, біз алдымызға қол жеткізе алмайтын тым асқақ мақсаттар қоймауымыз керек, бірақ ғылыми жетістіктерге жету үшін бар күш-жігерімізді салуымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы.