Еліміздегі ең үлкен кен орны неге толық өндірістік қуатына шыға алмай отыр? Осыған дейін оның үдемелі режимге көшу жоспары бірнеше мәрте кейінге қалдырылып келді. Оның үстіне, енді халықаралық арбитраж соты қосылды. Ол қаншаға созылатыны тағы белгісіз. Өнім бөлісуде әу баста Қазақстанға 2 пайыздық үлес берген инвесторлар оны бұзғысы келмейді. Қалай болғанда да «Қашағандағы» қазақ мұнайы құйрық-жалын сипатпай тұр.
Сот – алғашқы да ақырғы инстанция
Сонымен, Қазақстан Үкіметі елдегі ең ірі Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын игеріп отырған компанияларды халықаралық арбитраж сотына берді. Осы мақсатта биыл наурызда Женевада және Стокгольмде бұл істі қадағалайтын өкіл тағайындады. Біздің елдің атынан олармен әуелгіде осы мақсатта арнайы құрылған «PSA» ЖШС соттасатын болады. Еліміз халықаралық операторларды тендер рәсімдерін бұзды және мердігерлер жұмысын толық орындамады деп айыптап отыр. Мәселен, осы жұмыстардың есебінен Қашағанда 13 миллиард доллардың, Қарашығанақта 3,5 миллиард доллардың шығыны шегеріліп тасталған. Талап 2010-2019 жылдар аралығын қамтиды. Неге екені белгісіз, Үкімет бұл ақпаратты жасырын ұстауға тырысқаны байқалады. Шынын айтқанда, хабарды бүкіл әлем Bloomberg-тен естіді. Кешегінің өзінде су жаңа Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «көп ақпарат айта алмаймын, жалғыз ғана айтарым, мұнда Қазақстан халқының мүддесі көзделген» деп қана тыйылды. Ал сарапшылар Қазақстан бұл әрекетімен мұнай компанияларының тендер жүйесін өзгертіп, ел экономикасына мұнайдан түсетін табысты арттырғысы келеді деп отыр. Яки, басты мақсатымыз – өнімді бөлу туралы келісімдерге өзгерістер енгізу. Егер осыған қол жеткізетін болсақ, онда өз мұнайымыздан өзімізге көп үлес бұйырады. Әзірге Қашағаннан небәрі 2 пайыз пайда көріп отыр екенбіз. Бұл - теңізге тамған тамшыдай ғана. «Қара алтынның» 98 пайызы шетел асып жатыр деген сөз. Ендеше арбитражға берудегі бір мақсат – осындағы үлесті арттыру.
«Президент осыдан екі жыл бұрын «Қашаған кен орнын ірі ауқымдағы игеру жоспарын, яки дамыту тұжырымдамасын беріңдер» деп айтқан болатын. Инвесторлар оны әлі күнге дейін берген жоқ. Ал былтыр маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаев өнімді бөлісу келісіміне (ӨБК) «түзетулер» енгізу керек деп нақты мәлім етті. Міне, осы талаптарға халықаралық кен өндірушілер құлақ аспай отырған соң еліміз сотқа жүгінуге мәжбүр болды. Бұл тұста инвесторларды да түсінуге болады. Олар осы уақытқа дейін бұл жобаға 55 млрд доллар көлемінде қаржы құйған болса, бұл ақшасын әлі кері қайтарып алған жоқ. Сондықтан да ӨБК-ні тағы да 20 жылға созуға талаптанып отыр. «Егер қандай да болмасын кепілдік берсеңіздер, біз жоспарды да, тұжырымдаманы да ұсынамыз», – дейді олар. Бірақ Қазақстан мұнымен келіспей отыр. Біздің тарап «әуелі жасаңыздар, сосын барып көреміз» деген ұстанымда. Ендеше бұл мәселе қалай шешілетінін уақыт көрсетеді. Менің ойымша, 70-те 30 пайыз жеңіске жетуге мүмкіндігіміз бар сияқты», – дейді Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов.
Оның айтуынша, Қашаған кен орнын игеру стратегиясы бірнеше кезеңнен тұрады. Оның бірінші кезеңі аяқталған кезде, яки 2030 жылға қарай тәулігіне 57 мың тонна мұнай өндірілуге тиіс екен. Екінші кезеңде бұл көрсеткіш 2036 жылы 88 мың тоннаға, 2042 жылы 114 мың тоннаға жетуі керек. Ал үшінші кезең – 2055 жылы тәулігіне 139 мың тонна мұнай өндіруге тиіс болатынбыз. Бірақ түрлі себеппен кен орны бірінші кезеңнен-ақ толық қуатына шыға алмай келеді. Соның бірі – жоспардан тыс шығындар. Мәселен, теңіз таяздап кеткен соң оның түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу үшін инвесторлар былтыр өз қалтасынан 280 миллион доллар шығын шығарды. Тағы бір мысал: Қашағанды 2013 жылы зорға іске қосқанда, екі айдан кейін құбырларынан газ кетіп, апаттың салдарын жою үшін оны тоқтатуға мәжбүр болды. Сол кезде айыппұлдан бөлек, құбырларын қайта ауыстырғаны үшін инвесторлардың 3 млрд доллар қаржысы кетті. Өстіп-өстіп жинақтай келгенде арбитражда айтылған 13 млрд доллар шығып тұр. Міне, олар осындай жоспардан тыс шығындарын Қазақстан мұнайынан өндіріп алғысы келеді. Бірақ еліміз оған көнбей отыр. Халықаралық арбитраж дегеніміз, тараптар келісімге келе алмаса жүгінетін ақырғы инстанция.
Экономикадан бөлек экология да уайым
Қалай дегенде де, еліміз осынау әділетсіз келісімді бұзуға батыл кірісе бастағаны аңғарылады. Әзірге осы аталып отырған 16,5 миллиард долларды өндіріп алсақ та аз ақша емес. Одан бөлек, Атырау облыстық Экология департаменті талап етіп отырған 5,1 миллиард доллар айыппұл тағы бар. Мұндай айыппұлды Қазақстан инвесторларға сақтау қоймасында 700 тоннаның орнына 1 700 тонна күкірт сақтағаны үшін және тағы да басқа заң талаптарын бұзғаны үшін салып отыр.
«6 наурыз күні біздің департамент «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (NCOC) компаниясының қызметіне тексеру жүргізіп, қоршаған ортаны ластап отырғанын анықтады. Нақтырақ айтқанда, олардың күкіртті сақтау талаптарын бұзып отыр. «Болашақ» МКҚК-нің қойма алаңдарында 1 млн тоннадан астам күкірт жинақталған. Бұл біріншіден, нормативтен екі есе көп. Екіншіден, келісілген жобалық құжаттары және экологиялық рұқсаты жоқ, пайдаланылған сілтіні қалпына келтіруге арналған күкірт қышқылы уақытша алаңда сақталған. Осылайша, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары толық көлемде орындалмай отыр. Оған қоса, тиісті тазартудан өтпеген ағынды сулар буландырғыш тоғанға ағызылып жатыр. Мұнда мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысында көзделген талаптар орындалмай отыр. Одан бөлек, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі уәкілетті органның келісімінсіз шлам аулағышты қайта бейіндеу жүзеге асырылған және тазартылмаған шикі газды алау етіп жағу экологиялық рұқсатсыз жүзеге асырылған. ТКЖО объектісінің булану сыйымдылықтарында өз бетінше эмиссиялар жүзеге асырылған», – дейді Атырау облыстық Экология департаментінің басшысы Әлібек Мұратұлы.
Жоғарыда көрсетілген фактілер бойынша NCOC компаниясына қатысты ҚР ӘҚБтК 324-бабының 1-бөлігі, 325-бабының 1-бөлігі, 326-бабының 1-бөлігі, 328-бабының 1-бөлігі, 331-бабының 3-бөлігі, 332-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалып, 5,1 миллиард доллар айыппұл салынған. Оны өндіру Экология департаменті солтүстік Каспий жобасы операторын сотқа берген. Қазір компанияның келіп түскен өтінішхаты негізінде қозғалған материалдар Атырау қаласының әкімшілік сотының қарауында жатыр.
Шығыны көп жобаның түсімі аз
Расында да, Қашаған дегеніміз – инвесторлар үшін шығыны көп, табысы аз жоба болып шықты. Өйткені Каспий теңізі аймағының экологиялық сезімталдығы мен ауа райының қаталдығына, жобаның техникалық күрделігі мен өндіріс қауіпсіздігіне қойылатын жоғары талаптарға байланысты Қашаған кен орнын кезең-кезеңмен игеру қажеттілігі туындап отыр. Әуелгіде Солтүстік Каспий жобасы болып басталған халықаралық әріптестік бойынша 1997 жылы қарашада Қазақстан Республикасы мен халықаралық консорциум арасында Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісімге (СКӨБК) қол қойылған екен. Консорциум атынан жоба операторы ретінде «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясы әрекет етеді. Оның құрамына 16,88%-дық үлеспен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ Қашаған Б.В.), 16,81%-дық үлеспен ENI S.p.A. (Agip Caspian Sea B.V.), Exxon Mobil Corporation (ExxonMobil Kazakhstan Inc.), Royal Dutch Shell plc. (Shell Kazakhstan Development B.V.), Total S.A., 8,33%-дық үлеспен CNPC (CNPC Kazakhstan B.V.), 7,56%-дық үлеспен NPEX Corporation (INPEX North Caspian Sea) кіреді. 2000 жылы СКӨБК шеңберінде аса ірі «Қашаған» кен орны ашылған. Одан бөлек, Солтүстік Каспий жобасының шеңберінде 2002 жылы ашылған «Қаламқас-теңіз», 2003 жылы ашылған «Ақтоты», «Қайраң» және «Оңтүстік Батыс Қашаған» кен орындары бар. Сарапшылардың бағалауынша, Атыраудан 80 шақырым жерде Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан дүниежүзіндегі ірі мұнай және газ кен орнында 4,5 млрд тонна мұнай қоры бар екен. Десе де, бұл мұнайдың Қазақстанға пайдасы аз болып отыр.
«Мен Қазақстан ірі мұнай-газ келісімшарттарындағы өз позициясын қатаңдата түсуі керек екенін бұған дейін де айтқанмын. Өйткені олардың өзіндік құны төмен, сондықтан да Қашағаннан басқалары ендігісі шығындарын ақтап алды. Біздегі ТШО, Қарашығанақ, Қашаған сынды үш ірі кен орындарына елімізде өндірілетін мұнайдың 65 пайызы, газдың 85 пайызы тиесілі. Сондықтан да ондағы біздің мардымсыз үлеске қарап, ел қазынасы сыртқа кетіп жатыр деп батыл айтуға болады. Қазақстанның халықаралық арбитражға жүгінгені қуанарлық әрі құптарлық бастама», – дейді сарапшы Олжас Байділдинов.
Алпауыттардан үлесті арттыруға деген талпынысымыздың да тағы бір себебі бар. Өйткені елімізде жыл сайын мұнай өндіру көлемі азайып келеді. Негізі, 2025 жылы 104 млн тонна мұнай өндіреміз деген батыл жоспарымыз болған. Бірақ ол арман адыра қалды. 2022 жылы бұл көрсеткіш 84,2 млн тонна болған екен. Оның 64,3 млн-ы экспортқа кеткен. Осы экспорттың 85 пайызы үш алпауытқа тиесілді. Теңізшевройл – 26,6 млн тонна, Қашаған – 16,2 млн тонна, Қарашығанақ – 10,3 млн тонна. Ішкі нарықты көп ретте «ҚазМұнайГаз» бен Қытайдың CNPC компаниясы қамтып отырғанын атай кеткен жөн. Сонда Қашаған өндіріп отырған 16 млн тонна мұнайдың қазақстандықтар 2 пайыз ғана қызығын көріп отыр. Әрине, Ұлттық қорға түсіп жатқан салық түсімдері бөлек.
«Өнімді бөлу келісімінде кіріс екіге бөлінеді. Сost oil – өтем үшін алынатын шикі мұнай және Profit oil – табыс ретіндегі шикі мұнай. Бұл жерде 80 де 20 пайыз деген формула қолданылады. Мұнайдан түскен ақшаның 80 пайызын бірден инвестор өтемақы ретінде алып кетеді, яки Сost oil. Қалған 20% - «Profit oil». Осы табыс ретіндегі шикі мұнайдың өзінде де 90%-ы инвестордікі. Сонда 20 пайызы Profit oil мұнайдың 10 пайызы дегеніміз осы бәрі шулап жүрген 2 пайыз. Әуелгідегі келісім осылай болды. Ал болашақта инвесторлар өз қаражатын қайтарған жағдайда Қазақстанның үлесі өседі. Ол үшін инвесторлар Libor ставкасына қосымша 2,5 есе мұнай алуы керек. Бұл дегеніміз – 3 млрд баррель. Оны ертерек алып қойса, келісім аяқталады. Сондықтан да оларға өндіріс қуатын арттырмағаны тиімді. Дәл қазіргі қарқынмен NCOC бұл 3 млрд-тық триггерді 2041 жылға дейін созғанды жөн көріп отыр», – дейді мұнай сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов.
Бұл жерде мәселе осы «болашақта» болып отыр. Еліміздің есебі бойынша, бұл көлемді 2027 жылға дейін алуға болады. Ол үшін инвесторлар қосымша қаржы құйып, игеру кезеңдерін тездетуі тиісті. Өйткені әуелі 2006 жылы іске қосылып, көп ұзамай апат болып, одан кейін 2008 және 2013 жылдары да өндірістің дәл осылай істен шыға бергені үшін Қазақстан кінәлі емес. Соңғы рет Қашаған былтыр жазда тағы да тоқтады. Өндірілген мұнайды газ бен күкірттен тазалап, экспортқа тасымалдау үшін дайындайтын «Болашақ» кешенді қондырғысында тағы да ақау шыққан. Бұлай қашанғы жалғасатыны белгісіз. Белгілісі – экономикамыздың драйвері болады деп мақтаған Қашағанымыздың аты айтып тұрғандай, бұлтара қашып, ырыққа көнбей тұрғаны. Бәлкім, әуелде «көтере алмайтын шоқпарды, белімізге байламау» керек пе еді?! Тіпті, өнім бөлісу келісіміне мұқият болғанымыз жөн еді. Ендеше аман-есен арбитражда жеңіске жетіп, бес-алты жылда Қашағанның қанау қақпанынан құтылар болсақ, ӨБК-ні экономикамызға мүлдем жолатпай, бас тартқанымыз жөн секілді.
Н.ҚОСАЙ