Жаңғыру жолындағы Қазақстан және театр

Қазір мемлекет қарауындағы кәсіби театрларымыздың ұзын саны 60-қа жуық

Бүгінде еліміз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен Қазақстан қоғамын жаңғырта құру идеясын жүзеге асыруға кірісті. Бұл аса жауапты міндет мәдени-рухани дамуымызға, оның ішінде, театр өнерін өркендетуге де тікелей қатысты. Қазір мемлекет қарауындағы кәсіби театрларымыздың ұзын саны 60-қа жуық. Олардың басым көпшілігі – қазақ театрлары. Орыс театрлары да баршылық. Қуыршақ театрлары да көбейді. Ұйғыр, өзбек, неміс, кәріс театрлары да бар. Мұндай алуан тілде сөйлейтін көп театры бар мемлекет жер жүзінде өте сирек.

Бұл ретте біз үшін, әсіресе, қазақ театрларының орны ерекше. Өйт­кені қазақ халқының бүгінгі заманға ұлт ретінде аман-есен жетуіне театр­ларымыз үлкен үлес қосты. Нақ­тырақ айтқанда, өткен ғасыр­дың елуінші жылдарынан бастап ежелгі атамекенінде отырған қазақтар төтенше қиындықтарға душар болды. Қазақтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі ескіліктің қалдығы деп ба­ғаланды. Қазақ тілі шеттетілді. Өт­кен тарихымыз, атақты тұлғала­рымыз елеусіз қалды.

Осындай қиын кезеңде қазақ­тың ұлттық мүддесін қорғаған – әдебиет пен өнеріміз, оның ішінде, әсіресе, театр болды. Қазақтың ежел­гі тарихы, салт-дәстүрі, әдет-ғұр­пы сол алмағайып уақытта қазақ театрларының сахналарынан жар­қырап көрінді, қазақтың сұлу да әсем ана тілі актерлардың үнімен құлпырып естілді. Соған орай, жұртшылықтың театрға деген ынта-ықыласы, құрметі мен қызығушы­лығы өте жоғары болды. Театрдағы әрбір қойылымға көрермендер ағылып келетін. Ал жаз шыға бүкіл театрлар Қазақстан мен көршілес республикалардың қазақтар тұра­тын алыс ауылдарына дейін аралап, айлап гастрольдік сапарда жүріп, күніне бір, тіпті, екі спектакльге дейін көрсететін.

Бір сөзбен айтқанда, қазақ театр­ларының ол кездегі халық ара­сындағы абырой-беделі өте жоғары еді. Сөйтіп, театрлар халықты да ри­за ететін, өздері де билетті көп өт­кізіп, пайданы мол табатын. Со­ның нәтижесінде театрлар еліміздегі ең бай ұйымдардың бірі болды. Оның шет жағасын Ғ.Мүсірепов атындағы театрда жұмыс істеген жылдары өзіміз де көрдік.

Қазіргі театр: мақтану да жақсы, ойлану да керек!

Театрларымыздың халық ара­сын­дағы осы абырой-беделі қазіргі кезде қандай? Бұл мәселе көтерілсе, театр басшыларының басым көп­шілігі неше түрлі әдемі сөздермен мақтана бастайды. Олардың ай­туынша, театрдың мемлекет салып берген ғимараттары керемет! Онда жаңадан сахналанып жатқан спек­такльдердің бәрі шетінен бірінен-бірі өткен тамаша! Бұған дәлел ре­тінде өздерінің қандай театр фес­тивальдеріне қатысып, қандай жүл­де алғандарын аса ризашы­лық­пен тізіп айтып та қояды.

Әрине, мұның бәрі өте дұрыс. Дегенмен, театр үшін ең маңызды­сы – жақсы ғимарат та, фестиваль­дерге қатысып бәйге алу да емес. Керісінше, театр үшін ең маңызды көрсеткіш – көрермен. Яғни, әр спектакльге халық залды толтыра қаптап келіп, қойылымды ерекше сезіммен қызыға көріп, жаны шат­тана әсерленіп, шымылдық жабыл­ғаннан кейін риза болып қайтса –театр үшін ең үлкен мақтаныш осы. Пьесаның авторы, қойылымның режиссері мен актерлері үшін де ең басты сыйлық – көрерменнің осын­дай ризашылығы. Дүниежүзіндегі барлық театрларда әрбір жаңа қо­йылымның көркемдік дәрежесі ту­ра осындай шарт-талаппен бағаланады.

Міне, осы тұрғыдан келгенде бүгінгі қазақ театрларының жағдайы соншалықты мақтанарлықтай емес. Бұл бір жағынан таңғаларлық жағ­дай. Өйткені соңғы отыз жылда Қазақстанда қазақтардың саны ба­рынша артты. Қазақ тілінің қол­даныс аясы кеңейіп, қазақ мектеп­тері де көбейді. Осындай жағдайда қазақ театрларының көрермен­дерінің қатары да әлдеқайда ұлғаюға тиіс еді. Бірақ шын мәнінде жағдай керісінше болып тұр. Рас, соңғы уақытта Астана мен Алматы театр­ларында көрермен біршама көбей­гені байқалады. Бірақ баяғы біз көр­гендегідей әр спектакльге өз ынта-ықыласымен қаптап келетін халықтың қарасы бүгін барынша сирегені анық. Көрермендердің ба­сым көпшілігі – арнайы ұйымдасты­рылып әкелінетін мектеп оқушы­лары мен студенттер. Әскери бөлім­дердің сарбаздары мен курсант­тарын шұбыртып әкелетін жағдай да кездеседі.

Жоғарыда айтқанымыздай, бұ­рын театрлар көрермендерді кө­бейту үшін Қазақстан мен көршілес республикалардың алыс ауылда­рына дейін гастрольдік сапармен айлап аралайтын болса, қазір ол да мүлдем ұмытылған.

Егер біз айтып отырған бұл жағдайға сенбесеңіз, әр театрға жылына қанша қаржы бөлінді, әр жаңа қойылымды дайындауға қанша ақша жұмсалды, ол қойылым сахналанғаннан кейін қанша билет сатылып, қанша көрермен келді, одан қанша пайда түсті, қанша зиян болды – осының бәрін нақтылап есептеу керек. Сондай жағдайда, біз­дің айтып отырғанымыздың дау­сыз шындық екендігіне оп-оңай көз жеткізуге болады.

Көрермен неге азайды?

Міне, бұл айтылған жағдайлар қазақ театрлары үшін бүгінгі таң­дағы ең күрделі мәселе – көрер­мендер екендігін дәлелдейді. Ал сонда халқымыздың өз театрынан сырт айналуының себебі неде? Бәлкім театр билеттерінің құны өте қымбат шығар? Жоқ, олай деуге мүлдем болмайды. Біздегі мемлекет қарауындағы театрларда билет бағасы көбіне 1 мың теңгеден бас­талып, 2-3 мың теңгенің төңі­ре­гінде. Ал басқа мәдениет пен өнер ұжым­дарының билеті бұдан әл­деқайда қымбат. Жекеменшік театр­ларда да осындай. Әнші­ле­ріміздің концерт­терінің бағасы тіптен аспандап тұ­рады. Бірақ ха­лық солардың бәріне ағылып, та­ласып-тармасып барады. Ал олар­мен салыстырғанда бағасы су тегін қазақ театрларын жұрт­шылық он­ша керек етпейді.

Ал сонда көрермендердің аза­юының себебі неде? Өкінішке қа­рай, бұл мәселеге ешкім де көңіл бөлмейді, көрермендер неге азайды дегенді жан-жақты талдап, оны реттеу жөнінде ешқандай сөз бол­майды.

Біздің ойымызша, көрермен­дер­дің азаюының ең басты себебі – театр репертуарында көрермен­дерді қызықтырмайтын сапасыз пьесалардың көбеюінде. Мысалы, соңғы уақытта драматургиялық шығарманы көркемдік сапасымен емес, тақырыбының маңызды­лы­ғына қарап бағалау жиі байқалады. Яғни, пьесаның кейіпкері неғұрлым атақты тұлға болса, онда шығарма соғұрлым керемет деп есептеледі. Сөйтіп, ол пьеса театрда қойылып, әлгі атақты кейіпкерлер сахнаға шығып, кезек-кезек ұзынсонар ше­жіре айтуға кіріседі. Немесе, кө­рер­мендерге неше түрлі ақыл айтып, жөн үйретеді.

Ал шындап келгенде, пьеса де­ген мүлдем басқа дүние емес пе?!. Ондағы ең басты шарт – кейіпкерлер арасында қым-қиғаш тартыстың, шым-шытырақ оқиғаның болуы. Және ол оқиғалар көрерменнің көз алдында сәт сайын сан құбылып, өзгеріп отыруы керек. Көрермен сахнадан сондай тартымды оқи­ға­ларды көріп, жанын тебірентер сөздерді естігенде ғана әсерленеді. Қызығады. Әйтпесе, ешқандай тар­тымды оқиғасы жоқ, басынан ая­ғына дейін бос қызыл сөзден тұра­тын спектакльден әбден жалығып, соңына дейін әрең шыдайды. Со­сын театрды енді қайтып көрместей болып безініп кетеді.

 Ал театрдағылар болса, мұның себебін іздеп, жіберілген кемшілік­терді қайталамаудың орнына «өнерді түсінбейді» деп халықтың өзін кінәлайды. Немесе «Жақсы пье­са жоқ, жалпы, бізде дұрыс дра­матург болмай тұр» деген сыңайдағы әңгіме айтылады. Сосын біраз уақыт өткенде өздері пьеса жазып, нағыз драматургия осындай болуы керек деп сахнаға шығарады.

Драматургиядан хабары шамалы кездейсоқ біреулердің ешқандай са­раптаудан өтпеген сапасыз пье­саларын тамыр-таныстықпен неме­се басқа да күмәнді мақсатпен ре­пертуарға қосатын жағдайлар да кездеседі.

Жаңа пьесаны кім қабылдайды?!

Осыған орай, мына мәселені айта кету керек. Бұрын Қазақ­тан­да­ғы театрларға қойылатын пьеса­лар бір орталықтан яғни Мәдениет ми­нистрлігі жанындағы репертуар­лық-редакциялық бөлім арқылы қабыл­данатын. Ол бөлімде тұрақты штатта жұмыс істейтін бірнеше қызметкер бар еді. Бұдан тыс дра­матургиялық шығарманың қыр-сырын жетік білетін мамандардан құралған, штаттан тыс сарапшылар тобы бол­ды. Бұл сарапшылар ре­пер­туар­лық-редакциялық бөлімге түскен әрбір жаңа пьесаны аса жа­уапкершілік­пен мұқият оқып, шы­ғарма сахнаға қоюға жарай ма, жоқ па, жетістігі қандай, кемшілігі неде дегенге жаз­баша түрде пікір білдіретін.

Міне, осы жазбаша пікірлер­лердің негізінде репертуарлық-редакциялық бөлім әр пьесаны жекелей қарастырып, қабылдау не қабылдамау туралы шешім шыға­ратын. Содан кейін авторға тиісті қа­ламақы төленіп, ал театр басшы­лары қабылданған пьесалармен танысып, ұнағандарын өздерінің репертуарларына қосатын. Яғни театрға жаңа пьеса қабылдауда тамыр-таныстық, басқа да күмәнді мәселелер мүлдем болмайтын.

Бірақ кейін мұның бәрі бір сәтте жойылды. Енді әр театр жаңа пье­саны өзі қабылдайтын болды. Және ол қабылданған дүниенің көркемдік сапасы қандай, көрерменге ұсынуға жарай ма, жоқ па, қаламақы қанша төленеді деген мәселелер ресми түрде мүлдем белгіленген жоқ. Соның нәтижесінде әркім өз ойына келгенін істейтін «керемет» жағдай қалыптасты.

Рас, әрегідік драмалық шығар­ма­ларға ресми түрде аздап бәйге жарияланып тұрады. Мысалы, өт­кен жолы «Айбоз» атты сыйлық жа­рияланып, оған 40-қа жуық дра­матург қатысып, нәтижесінде жал­ғыз-ақ адамға бәйге берілді. Дра­малық шығармаларға жылына басқа да бір-екі конкурс жарияланып, үш-төрт адам азын-аулақ бәйге алады. Және ол жеңімпаз пьесалар­дың басым көпшілігін ешкім керек етпейді. Керек еткенде де бұл бірен-сараң пьесалар Қазақстандағы 60-қа жуық театрдың қайссына жетеді?

Бір сөзбен айтқанда, әр театр жаңадан қандай пьеса қабыл­дайды, оны өзі шешеді. Ал неге бұлай деген сұрақ туса, «Біз­дегі «Мәдениет туралы» заң­да репертуарға пьеса таң­дауына еркіндік бе­рілген, оған ешкім аралас­пауға тиіс» деп шыға ке­леді. Ал таңдап қойған спектакль­дері сәтсіз шы­ғып, кө­рермен келмей, мемлекеттің ақшасы босқа кетсе, оған да ешкім жауап бермейді. Егер біреу-міреу бұл кемшілік туралы мәселе көтер­се, «Бізде Көркемдік кеңес бар, бә­рін сол шешеді; пьесаны сол қабыл­дай­ды» деген «әдемі» сылтау айтылады.

Ал шындап келгенде, ол Ке­ңестің мүшелері – директордың бұйрығымен бекітілетін театр қызметкерлері. Сондықтан да олар басшыларына қарсы шықпайды, кемшіліктерді көрсе де көрмеген болып, жайына жүре береді.

Қаламақы қалай төленеді?

Театрларда қабылданған пье­са­ларға қаламақы төлеудің ресми түрде белгіленген нақты мөлшері де жоқ. Айталық, театр көңілі түссе, бір пьесаның авторына бірнеше миллион теңге төлейді. Ал көңілі қаламаса, дәл осындай басқа пье­саның авторынан төрт-бес жүз мың теңгемен құтылады. Тіпті, кейде пьесаның авторын адам ғұрлы көрмей, бір тиын да бермейді.

Театр басшылары кездейсоқ бі­реулермен келісіп, оларға шала дүм­білез пьеса жаздыртып, қалама­қы­сын бөлісіп алады деген әңгі­менің етек алғанын да жасыруға болмайды.

Осының салдарынан бүгінде пьеса жазып, сахнаға қойдыру – қолында мүмкіндігі бар кез-келген адамның еріккенде айналысатын ермегіне айналған.

Жаңа спектакль қоюға қаржы бөлудегі «тәсіл» де осыған ұқсас. Және бір таңғаларлығы, бір спек­тальді дайындауға неге соншама аз, ал екінші спектакльге неге кері­сінше өте көп қаржы бөлінеді дегенді ешкім де сұрамайды.

Мұндай «рахат» өмір өркениетті елдердегі театрларда ешқашан да болмайды! Өйткені оларда кез-кел­ген театр ең алдымен көрерменнің спектакльге келуінен түсетін пайда арқылы күн көреді. Бүкіл жағдайы да, алатын жалақысы да соған ті­келей байланысты реттеледі. Ал мемлекеттен, басқа жерден бөліне­тін қаржының жұмсалуы қатаң бақылауда болады. Берілген әрбір тиынның қайтарылымы міндетті түрде талап етіледі.

Реформа жасалмаса, ештеңе де өзгермейді!

 Ал сонда жоғарыда айтылған кемшіліктердің себебі неде?!.

 Оның басты себебі – театрларды басқару жүйесіндегі олқылықтарда жатыр. Қазір еліміздегі мемлекет қа­рауындағы театрлар керекті бүкіл қар­­жыны, еңбекақы мен басқа да қа­­жетттіліктің бәрін мемлекеттен ала­ды, ғимараттарын жөндеу мен бас­қа да шығындарын мемлекет көтереді.

Міне, бүкіл шаруасы мен күн­кө­рісін мемлекеттің мойнына жүктеген театрлар өздерінің ең басты міндеті – шығармашылық жұмыс жөніне мемлекеттің алдында ешқандай есеп бермейді; репер­туар­лық саясатты қалай жүргізеді; жаңадан қандай пьеса қояды – оны өздері біледі.

Біздегі театрлардың репертурын реттеп, жаңа қойылымдардың көр­кемдік сапасын бағалап, жұмсалған қаржыны қадағалап отыруға Мә­дениет және спорт министрлігінің де шамасы жетпейді. Өйткені театр­лардың басым көпшілігі облыстық, қалалық әкімшіліктерге бағынады.

Ал жергілікті әкімшіліктер өз­деріне қарасты театрлардың репер­туа­рын қадағалап, жаңадан сахна­ланған қойылымдардың көркемдік сапасына баға беріп отыруға жет­кілікті көңіл бөлмейді. Және оларда мұндай сараптау жұмыстарын са­палы жүргізе алатын арнайы маман­дар да жоқ.

Егер жағдай осы қалпымен кете берсе, театр өнері бірте-бірте тоқы­рап, құлдырауға ұрынуы мүмкін. Соңғы уақытта театрдың шынайы жанашыр қайраткерлері бұл жөнін­де айтып та, жазып та жүр. Мысалы, Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың қазіргі директоры Айболат Жаудыр «Егемен Қазақстан» газе­тінде «Халің қалай, театрым?!» және «Тағы да театр туралы» атты тақы­рыптармен екі көлемді проблемалық мақала жариялады. Сондай-ақ осы «Егемен Қазақстан» газетінің биыл­ғы жылғы 10 наурыз күнгі санында еліміздің ең белгілі театр сыншы­лары Бақыт Нұрпейіс, Аманкелді Мұқан, Зухра Исламбаева, Меруерт Жақсылықова, Сәуле Қабдиева, Анар Еркебай «Елдегі театрлардың жағдайы қалай?» деген тақырыппен дөңгелек үстел өткізіп, ұлттық сахна өнерінің өзекті мәселелерін жан-жақты талқылады. Танымал театр сыншысы Айзат Қадырәлиева «Ай­қын» газетінің 25.02. 2023 ж. санын­да қазақ театрларының өзекті мә­селелері туралы «Биік талап қойып, зор міндет артпайды» дейтін көлемді мақала жариялады. Театрларымыз туралы мұндай проблемалық мақалалар ақпарат құралдарында бұған дейін де сан рет айтылып та, жазылып та келеді. Бірақ оларды назарға алып, елеп-ескеріп жатқан әзірге ешкім байқалмай тұр.

Демек, театр жұмысын ұйымдас­тыруға реформа жасау қалай да керек. Қазір еліміздегі әлеуметтік-экономикалық сала мен саяси басқару жүйесінің бәрінде алуан түрлі жаңартулар жүруде. Ғылым-білім жөнінде де көптеген рефор­ма­лар қолға алынуда. Тек театрлардың жұмысын басқару мен үйлестіру баяғы 1990 жылдардағыдан өзгер­меген. Яғни театрлардың жұмысын бүгінгі нарық заманына бейімдеу барынша кенже қалған.

Не істеу керек?

Ал сонда мұндай реформа қан­дай жолмен, қайтіп жасалуы керек? Бұл үшін Мәдениет және спорт министрлігі тиісті ресми орындар­мен бірлесе отырып, қолданыстағы заң-ережелерге сәйкес төмендегідей мәселелерді нақты қолға алуы керек:

1. Мәдениет және спорт ми­нистрлігі өркениетті елдерде театр­лардағы ұйымдастыру жұмыстары қалай жүргізіледі, тек үкіметке алақан жайып отырмай, қаржы­лан­дыруды өздері қалай шешеді, жемқорлықты қайтіп болдырмайды, жарнамалық-продюсерлік жұмысты қалай жүргізіп, көрермендермен қа­рым-қатынасты қандай тәсіл­дер­мен нығайтады дегендерді мұқият зерттеп, олардың өзімізге керек тиімділерін пайдалау қажет.

2. Мәдениет және спорт ми­нистрлігі еліміздегі мемлекет қара­уындағы барлық театрлардағы кадр мәселесін шешуге, олардың репер­туарлық саясатын бақылауға, жаңа қойылымдарының көркемдік са­пасына баға беруге құқылы болуға тиіс. Соған орай, Министрлік тиісті орындармен келісе отырып, осы жөнінде заңды түрде нақты Ереже жасап, қолданысқа енгізуі қажет.

3. Мәдениет және спорт минис­трлігі мен басқа да тиісті орындар бірлесе отырып, театрлардағы түрлі жемқорлықтың орын алу мүмкіндігі мен себептерін жан-жақты анықтап, соның нәтижесінде алдағы уақытта мұндай келеңсіз жағдайларды болдырмаудың нақты жолдарын қарастыруы қажет.

4. Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан театрлары үшін ең басты дерт – репертуарға кездейсоқ, са­пасыз пьесаларды қабылдаудан туы­н­­дап отыр. Бұл дерттен арылу­дың бірден-бір жолы – жаңа пье­саларды қабылдап, қаламақы тө­леу­ді Мәдениет және спорт министрлігі арқылы бір орталықтан жүзеге асыру. Соған орай, Министрліктің жанындағы бұрынғы  репертуарлық-редакциялық бөлімді қайта қалпына келтіріп, жаңа пьесаларды қабылдау мен қаламақы төлеуді бір орта­лықтан жүргізу қажет.

Бұған заңдылық тұрғыда қазір толық мүмкіндік бар. Яғни, 2017 жы­­лы «Мәдениет туралы» заң «Әлеу­­меттік маңызды әдебиетті са­тып алу мен тарату туралы» баппен толық­тырылды. Соған сәйкес, Мә­дениет және спорт министрлігі «Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және та­рату» атты бағ­дарлама жасап бекітті. Осы бағ­дар­лама бойынша жаңадан жазы­лып, қабылданған шығарма­лар­ды сатып алуға мол қаржы төленеді.

Мәдениет және спорт министр­лігі «Мәдениет туралы» заңның осы бабына сүйене отырып, «Театрларға арналған әлеуметтік маңызы бар әдебиетті сатып алу мен тарату» жө­нінде жаңадан Ереже жасап, бекітуі керек. Сосын осы Ережеге сәйкес министрліктің жанындағы репер­туарлық-редакциялық бөлім жаңа­дан жазылған пьесаларды қабылдап, сертификат беріп, авторларына тиіс­ті қаламақы төлеп отырады. Ал театрлар осы қабылданған пье­са­лардың ұнағандарын өздері таңдап алады.

Яғни, бұл жерде театрлардың өз репертуарына пьеса таңдауына еш­кім де араласпайды, заң да бұзыл­майды. Ресейден бастап, өркениетті елдердің көбінде театрларға жаңа пьеса қабылдау осындай жолмен жүзеге асырылады.

Әрине, театр репертуарына пье­са қабылдауда еркіндікке әбден үйреніп, пайда тауып отырғандарға бұл ұсыныс онша ұнай қоймайды. Бірақ шынайы жанашырлықпен кі­ріссек, бұл кедергіні жеңуге болады.

5. Бүгінгі театрлардағы ең күр­де­лі мәселелердің бірі – драма­тург­тың яғни пьеса авторларының құ­қын қор­ғау болып тұр. Заң бойынша әр спектакльдің билет сатуынан түскен қаржының белгілі бөлігі автордың есепшотына аударылуы керек. Бұ­рын бұл жұмысты театрлар мен Ав­торлар қоғамы бірлесе отырып, мүл­тіксіз жүзеге асыратын. Қазір мұ­­ның бәрі келмеске кеткен. Спек­такльден авторға берілетін қаламақы Авторлар қоғамындағы жемқор­лар­дың қалтасына кетіп жатыр. Және бұрын Авторлар қоғамы біреу ғана болса, қазір олар барынша көбейген.

Мәдениет және спорт министр­лігі тиісті мекемелермен бірлесіп, осы мәселені реттеуді қолға алуы қажет. Бұл ретте шет мемлекеттердегі Авторлар қоғамының жұмыстары­нан да үлгі алу керек. Мысалы, Ре­сейде Авторлар қоғамы көп, бірақ олардың тек біреуіне ғана театр­лар­дан ақша жинауға рұқсат (лицензия) берілген. Бізде де осындай жаңалық енгізу керек шығар.

Дегенмен, ең бастысы алдағы уақытта театрларда билет қалай сатылуда, одан қанша қаржы түсті, авторға тиісті қаламақы қалай аударылды деген мәселе қатаң бақылау мен есепте болуы керек.

Сөз соңында бір мәселені ерек­ше айта кеткім келеді. Драматург ретінде еліміздегі театрларға менің жеке өзімнің ешқандай өкпе-ре­нішім жоқ. Өйткені жазған пьеса­ларымның бәрі республикамыздағы қазақ театрларының барлығында сан рет сахналанды. Орыс, ұйғыр тетр­ларында да қойылды. Менің драма­тург болып қалыптасуыма Ра­йымбек Сейтметов, Хұсейін Әмір-Темір бастаған аға буын ре­жиссерлер үлкен ықпал етті. Нұр­қа­нат Жақыпбаев, Әубәкір Рахи­мов, Болат Ұзақов, Оңталап Нұрма­ханов сынды өзіммен замандас көптеген режиссерлермен үнемі тығыз байланыста болдым. Дунай Еспаев, Ержан Қауланов, Дәурен Серғазин, Мейрам Хаби­буллин және басқа да қазіргі жас режис­сер­лер соңғы уақытта біраз шығарма­ларымды сахналады. Сон­дықтан да театрлардың бәріне ри­замын. Бірақ мәңгілік ештеңе жоқ қой. Заман өзгереді. Өмірге жаңа ұрпақ келеді. Соған орай, театр­ларымыз да көштен қалмай, үнемі халықтың көңілінен шығып, кө­рермендерін көбейтіп, жаңа дең­гей­ге көтеріле беруі керек. Мен жоға­рыда айтылғандардың бәрін сол үшін жазып отырмын.

 Яғни, қазақ театрлары да жаңа Қазақстанмен бірге жаңа биіктерден көрінсе екен деймін. Ал бұл үмітім­нің қаншалықты жүзеге асарын алдағы уақыт көрсетеді.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,

жазушы-драматург