Алып лайнердің ақырғы сәті

1912 жылы сәуірдің 14-інен 15-іне қараған түні әйгілі «Титаник» кемесі апатқа ұшыраған еді

 

Тұп-тура 111 жыл бұрын, 1912 жылы сәуірдің 14-інен 15-іне қараған түні әйгілі «Титаник» кемесі апатқа ұшыраған еді. Саутгемптоннан Нью-Йоркқа бет алған алып лайнердің ақырғы сәттері қалай өтті, ол жөніндегі аңыздардың ақиқаты қайсы, аттас фильмдегі кейіпкерлердің хикаясы шын мәнінде болған ба? Біз осыған шолу жасап көрдік. 

Мұзтауға соққан мезет

«Титаник» трагедияға ұшырар ал­дын­дағы соңғы сағаттар тып-тыныш өтіп жатқан-ды: жоғарғы палубада ор­кестр әдемі әуездерді бірінен соң бірін құйқылжытса, бірінші класс жолау­шы­лары емін-еркін шампанын ішіп, ашық ас­пан астында серуен құрып жүрген. Ауа райы да бұл күні тосын мінез көр­сет­педі. Ымырт үйіріле, сағат 23:39 ша­­­­масында екі матрос кеме бағы­тын­да­ғы айсбергті байқап, хабар береді. Офицер Уильям Мэрдок сол заматта-ақ руль­ді солға бұруға бұйырады. Бірақ сал­мағы ауыр кеменің басын ә дегеннен бұру мүмкін емес еді: шамамен жарты ми­нут­тан соң ғана «Титаниктің» тұмсы­ғы солға қарай жылжиды. Бұл амал ке­­­менің айсбергпен бетпе-бет соғы­суы­нан құтқарғанымен, лайнер көп ұзамай оның су астындағы бөлігіне соқтығады. Соққы шамамен тоғыз секундқа со­зыл­ған екен. Соның кесірінен кеменің ва­­­­терсызықтан төмен алты тұсы тесі­ле­ді. Ел арасында кең тараған аңыздағы­дай, мұзтау лайнердің түбін тіліп жі­бер­меген. Шын мәнінде, қатты қысымнан кеме қаптамасының бұрандалары жа­ры­лып, болат жабындары майысып, ара­сында саңылаулар пайда болған. Сол ар­қылы су ішке құйылған. Деректерге сүйен­сек, судың кіру жылдамдығы се­кун­дына 7 тоннадай болыпты.

Жоғарғы палубадағы жолау­шылардың көпшілігі бастап­қы­да еш қауіпті аңғармаған. Мей­рам­ха­нада тіскебасар тасып, әрлі-берлі жү­гіріп жүрген стюарттар үстел үстіндегі қа­сық-шанышқылардың әлсіз ғана сың­ғырын естіген. Жолаушылардың кей­бірі санаулы секундқа созылған бо­лар-болмас соққы мен дірілді ғана сез­ген. Ал төменгі палубадағыларға соқ­қы­­ның әсері әлдеқайда қаттырақ бай­қалған: мұндағы жолаушылар гүрс ет­кен жайсыз дыбысты анық естіген.

Жақын маңдағылардан жәрдем күту

Тұп-тура түнгі 12-де кеме мін­бе­сі­не «Титаникті» құрастырған То­мас Эндрюс келеді. Ол болған оқи­ға­ны саралап, кемені тексеріп шыққан соң жиналғандардың бәріне лайнердің суға кететінін жеткізеді. Аз уақыттан соң кеме қисая бастайды. Лайнердің 62 жас­тағы капитаны Эдвард Смит шлюп­терді дайындап, эвакуациялау үшін жолаушыларды шақырады.

Ал радистерге бұл кезде жақын маң­дағы кемелерге SOS сигналын таратуға бұй­рық беріледі. «Титаник» толық бат­қанға дейін екі сағат бойы олар осы іс­пен айналысады. Көмек сұрау сиг­налын бірнеше кеме қабылдайды, бірақ олардың бәрі-дерлік «Титаниктен» тым алыста еді. Сағат 00:25-те суыт хабарды апат аймағынан 93 шақырым қашық­тық­тағы «Карпатия» кемесі ала салысы­мен, оның капитаны Артур Рострон бағытты осында бұрады. Олардың асық­қаны сонша, сол түні «Карпатия» ең үлкен жылдамдықпен – сағатына 32 ша­қырым жүзген. Бұл үшін кемеде тоқ­пен істейтін барлық құрылғы мен жылу жүйесі өшіріліпті.

«Титаникке» «Карпатиядан» жақы­ны­рақ жерде (небәрі 18,5 шақырым жер­де) тағы бір кеме «Калифорниэн» бар еді. Теориялық тұрғыдан, ол кө­мек­ке жетіп үлгеретін де... Бірақ «Кали­фор­ниэн» мұз қоршауында болғандықтан, оның капитаны кемені тоқтатып, таңер­тең ғана қайта қозғалуға бел буған екен. Бұл – бір. Екіншіден, апат болар­дан аз ғана минут бұрын (сағат 23:30 ша­м­асында) «Титаниктің» радисі Фил­липс пен «Калифорниэннің» радисі Эванс өзара байланысып, диалогтың ең соңында Филлипс одан эфирді боса­туын дөрекі түрде сұраған (өйткені Фил­липс бұл уақытта Рейс мүйісіне сиг­­нал жіберіп жатқан). Бұдан соң Эванс радиожайды тоқтан ажыратып, ұйқы­ға кеткен. Сол себепті «Титаниктің» апат кезіндегі алғашқы сигналын «Ка­лифорниэн» қабылдай алмаған.

Бұған қоса, «Титаникте» апаттық белгі беретін қызыл зы­мы­ран­дар болмаған. Кеменің суға бат­пай­тынына сенімді болғандықтан, оны алу бірде-бірінің ойына келмеген. Сон­­­­дықтан әдеттегі ақ түсті зымыран­дар­ды атады. Жақын маңдағы «Кали­форниэн» офи­церлері ақ зымырандарды шы­ны­мен көрген, бірақ оны қандай да бір мерекелік отшашу деп ойлап, аса мән бермеген.

Көрер жарығы бар 706 жан

Сағат түнгі 1 жарым шамасында ке­ме қызметкерлері жолаушы­лар­ды шлюптерге жайғастыра бастайды. Бәріне орын жетпейтіні бірден-ақ бел­гілі болған еді. Бортта барлығы 1 178 адам­ды сыйғызатын 20 шлюп болған. Капитан Смиттің бұйрығы бойынша, шлюптерге әйелдер мен балаларды ғана отырғызу керек болған. Мұны ес­тіген кей еркектер әйел болып киінген де­ген деректер бар.

Шамамен 02:20-да «Титаник» то­лық­тай су түбіне кетеді. Ке­ме­нің үлкендігі сонша, 160 минут бойы батқан.

Сол түні мұхит суының темпера­тура­сы 2°С (теңіз суында тұз мөл­шері көп болғандықтан, мұндай тем­пературада ол қатпайды) болған. Су бе­тіне шыққан адамдар орташа есеппен жар­ты сағат ішінде суықтан қаза тапқан. Шлюптерде болғандардың көбі біразға дейін олардың жан түршіктірерлік ай­қайын естігендерін айтқан.

Сағат таңғы 4-ке қарай көмекке «Кар­патия» жетеді. Бұл кеме 706 адамды бортына алып, Нью-Йоркке ба­ғыт алады. Аман қалғандардың 492-cі кеме жолаушылары болса, 214-і экипаж мү­шелері болған.

Ал апат кезінде қаза тапқандардың са­ны 1 400 бен 1 517 адамның арасында де­седі: «Титаникте» билетсіз жолауш­ы­лар­дың көп болғаны себепті нақты цифр­ды айту қиын. Бірінші класты каю­та жолаушыларының 60 пайызы, екін­ші класты каютадағылардың 44 пайы­зы, үшінші класты каютада­ғы­лар­дың 25 пайызы аман қалған.

Күйеуін қимай,

қайыққа отырмаған

Джеймс Кэмеронның «Титаник» фильмінде су біртіндеп кеменің ішін баса бастаған сәтте каютадағы ке­реуетте құшақтасып, өлім сағатын бірге кү­тіп жататын ерлі-зайыптылар бәрінің есінде шығар?! Олардың прототиптері – Ида мен Исидора Штраустар. Ида күйеуі­нен ажырағысы келмей, қайыққа оты­рудан бас тартқан жалғыз жолаушы бо­лыпты.

Бұл ерлі-зайыптылардың Еуро­па­дағы демалыстан үйлеріне – Нью-Йоркқа қайтып бара жатқан беті екен. Екеуі де 19 ғасырдың 60-жыл­да­рын­да Германиядан шамалас уақытта қо­ныс аударыпты. Бас қосқан сәттен бас­тап ғашық жұп отағасының ісса­пар­лап кеткен кезінде ғана екіге бөлінеді екен. Бір аптаға қоштасқанның өзінде де бір-біріне хат жазып тұрған деседі. Олардың жеті баласы болыпты.

«Титаник» апатқа ұшыраған сәтте Ида өздерінің күтушісі Эллин Бердке қайық­тағы орны мен елтірі пальтосын берген. Екеуі де күтушінің Солтүстік Ат­лан­тиканың сұп-суық сол түнінен аман шығуына көмектескен.

«Менің арғы атам (Исидора – авт.) жұ­байы Иданың өмірін аман сақтау үшін онымен бірге қайыққа отыратын түр танытқан. Жұбайының қалып бара жат­қанын түсінген Ида кемеге секіріп мі­ніп, өз орнын күтушісіне берген», – деп еске алған екен марқұм ерлі-зайып­тының шөбересі.

Фильмде олар кереуетте құшақ­тасып жатып суға батады. Ал өмірде Штраустар палубадағы креслода отырып, қайықтағыларға жайбарақат қол бұлғаған күйі ажал құшқан екен.

Аман қалуына алкоголь көмектескен

Аман қалған 704 адамның бірі Чар­льз Джоуин «Титаниктің» аспазы бол­ған. Ол жолаушыларды шлюптерге отыр­­ғызуға көмектескен соң каютасына барып, көл-көсір виски ішеді. Кеме батқанда, Чарльз су бетіне шығады. Кейін оны үш сағаттан соң құтқарушылар тапқан. Оның мұздай судан аман қалуына ағзасындағы алкоголь көмектескен.

Кеме апатынан аман қалғандар­дың енді бірі Дороти Гибсон бір айдан соң осы трагедия жайында фильм тү­сіреді, өзі де онда кейіпкерлердің бі­рін сомдайды. Фильм шынайы шығуы үшін апат кезінде үстінде болған көй­ле­гін киген екен.

Лайнерде болған жалғыз жапон Ма­сабуми Хосоно өзге ер адам­дард­ың шлюптерге отырып жатқанын көріп, өзі де қайыққа ұмтылады. Кеме­нің өзге жолаушылары Арчибальд Грей­си мен теңізші Эдвард Булли оны қайық­қа жасырынып барып, тіпті, әйел­дің киімінде отырды деп айыптаған. Хо­соно мырза Жапонияға 1912 жылдың мау­сымында оралады. Отанындағылар оны нағыз самурай секілді өлімді қас­қайып тұрып қарсы алмағаны үшін жаз­ғырып, тіпті, жұмыстан да қуады. Бір­шама уақыт өткенде қайтадан қыз­мет­ке қабылданғанымен, ол 1939 жылы 69 жасқа жетпестен өмірден озады.

«Титаниктегілердің»

соңғы асы

Су түбінде жатқан «Титаник» 73 жыл өткенде ғана табылады. 1985 жылы бір топ сүңгуір 4 000 метр те­рең­дікте шөккен кеменің үш бөлікке бө­лінгенін анықтайды. Лайнердің бөл­шек­тері 1,6 шақырым радиусқа шашыл­ған екен. Олардың арасында мыстан жа­сал­ған қасық-шанышқылар, ашыл­маған ша­рап бөтелкелері, кофеге ар­нал­ған шы­ныаяқтар, есік тұтқалары, кан­­делябр­лар, керамика қуыршақтар да бар.

Кейінірек лайнердің бөліктеріне заңды құқығы бар RMS Titanic ком­паниясы бірнеше экспедиция жүр­гізіп, су түбінен 6 000-дай затты шығара­ды. Бұл дүниелердің кейбірі аукцион­дар­да сатылса, енді бірі музейлерде қойыл­ған.

Сондай артефактілердің бірін мен Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласындағы (лайнер осы қа­лада жасалған) Titanic музейіне барғанда суретке түсіріп алған болатынмын. Қа­быр­ғадағы шыны қорапшаның ішінде «Ти­таникте» ұсынылған соңғы астың мәзірі ілулі тұр (суретте). Сол күні жо­лау­шыларға кам­бала филесі, норвег анчоусы, қуы­рыл­ған майшабақ, шұжық және рост­биф, ал тіскебасар тәтті ретінде алма бе­зесін берген екен...

Трагедияны

қазақ газеті де жазған

Айтпақшы, Орал қаласынан шығып тұр­ған «Қазақстан» газетінің 1912 жыл­ғы 24 сәуір күнгі №11 санында «Тита­ник» кемесінің апатқа ұшырағаны жө­нін­де заметка басылған екен. Төте жазу­­мен берілген материалдың мәтіні мы­­­надай:

Деңізде болған уақиға

Үлкен деңіздерде жер-жерден ағыб бөлек-бөлек мұз келіб жи­на­лыб бұлт бен таласыб бір үлкен тау бо­лыб тұрады. Оны «Мұз тауы» деб атай­ды. Егер сол мұз тауна деңіздегі пара­ходлар соғылса, параходты екі ай­рыб су түбіне жібереді.

Осы сәуір басында Американың «Титаник» деген бір парахоты бір үлкен деңіздегі мұз тауына соғылыб, һәләк болды. Үстінде екі мыңнан артық кісі бар екен. Сонан тек сегіз жүзден аз ғана артығырақ кісі аман қалған. Бас­қасы су түбіне кеткен. Құтұлған кісілер кемедегі запас қайықға мініп құтұлған. Оған бәрі сыймайтын болғансын елу қатын балаларды мінгізген. Сонсын сый­ғанша еркектер мінген. Бір-бір қа­тындар еріменен не болсам да бірге бо­ламын деб қайықға мінбей суға бат­қан шамасы ері қайықға міналмайтын болған.

Жоғарыда баяндаған ерлі-зайыпты Ида мен Исидора Штраустардың хикаясы осылайша біздің баспасөзде де көрініс тауыпты.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ