Асқар Мамырбаев: Құрылысқа да жаңа көзқарас қажет

Оңтүстік өлкеге кеңінен танылған сәулетші Шымкент қаласы үшін шырылдап, оның дамуы мен көркеюіне бір кісідей үлес қосып жүрген жан

Асқар Мамырбаев – ҚР құрметті сәулетшісі, «Шымкент қаласы сәулетшілер қауымдастығы» қоғамының төрағасы. Оңтүстік өлкеге кеңінен танылған сәулетші Шымкент қаласы үшін шырылдап, оның дамуы мен көркеюіне бір кісідей үлес қосып жүрген жан. Біз айтар ойы, өзіндік пікірі бар азаматпен сұхбаттастық.

– Асқар Смайылұлы, Шымкент қаласы Қазақстанның үшінші ме­гаполис атанғанына биыл 5 жыл то­лады. Осынау жылдар ішінде қа­ла­мызда жүргізіліп жатқан құрылыс жұ­мыстары, жалпы даму барысы кө­ңіліңізден шығып жүр ме?

– Шымкент қаласының байырғы тұрғыны ретінде қаланы жақсы кө­ре­мін. Ал қызмет баспалдағым сәу­лет­шілік-құрылыспен тікелей бай­ланысты болғандықтан шаһардың әрбір бейнесі, келбеті мен үшін ыстық. Мұндағы көп­теген дүниелер өз қо­лым­нан шыққан. Сондықтан дәл қа­зіргі қаладағы әрбір өзгеріске, құры­лысқа ерекше мән беріп қарап оты­рамын. Иә, соңғы жылдары жүріп жат­қан құры­лыстарға, жұмыс­тарға кө­ңілімнің тол­майтыны рас. Шым­­кентте қазір қала құрылысы кеңе­сі жоқ. Қысқартылған. Орнына жер ко­мис­сиясын құрған. Сәулетшілер ода­ғының қалалық бөлім­шесін басқа­рамын, Сәулетшілер ода­ғының вице-прези­дентімін. Бірақ осы комиссияға мені лайықты деп таппады. Неге екенін қала әкімі түсіндірер, қа­жет деп тапса. Өкпе жоқ, наз бар. Қала­ның Бас жос­па­рын да талқылауға бел­сенді қатыс­тық. Біраз сын, ескерт­пе­лерімізді айт­тық, ұсыныс енгіздік. «Ескеріледі» деді жобалау­шылар. Оған да уақыт төреші. Жасаған жобала­рым­ның ішінде жаңа темір жол вокзалы да бар. Бозарық ау­мағына ұсынғанбыз. Жаңа бас жоспарда Те­мірлан тасжо­лы­ның Шұбарсу ау­ма­ғына бел­гіленіпті. Жолаушыларға ың­ғай­сыз, шет дедік. Ол да өтпеді.

Бірақ әкімдер келеді, кетеді. Біз осы қаланың тұрғыны ретінде қолдан кел­генше қаламыздың көркейіп, тұрғын­дарға жайлы да әсем болуы үшін ең­бектене береміз.

– Иә, Асанбай Асқаровтың ізі қал­ған атшабар орнының тұрғын үй құ­рылысына берілгеніне де, қаладағы ескерткіштердің жөн-жосықсыз салын­ғанына да қатты қынжылыс білдірдіңіз...

– Иә, иппадром бойынша талай зиялы қауым шырылдадық. Бірақ сөзіміз зая кетті. Қазір иппадромның орнына әйгілі BI Group қарқынды құрылыс жүргізуде. Қолданыстағы Бас жоспарға сәйкес, бұл жер рекреациялық (көпшілік демалыс) аймағы деп дә­лелдей алмай қойдық. Бекітуге дайын­далып жатқан қаланың Бас жоспарында тұрғын үй аймағы деп көрсетілген. Құрылыс компаниясына саябақ ортасы­нан үй салып, сату өте тиімді екенін ескерсек, билік пен ақшаға бас жос­пар­ды да өзгертуге болатынына көз жетті. Саябақтардан тапшылық көріп отыр­ған Шымкент үшін бұл өзекті мәселе деп есептейміз.

Ал Шымкент қаласында соңғы жылдары орнатылған ескерткіштер туралы өз пікірімді білдіру – азаматтық және кәсіпқой сәулетші ретінде тікелей борышым деп білемін. Қырық жылдық шығармашылық өмірімде қаламызда, басқа да өңірлерде орнатылған ондаған ескерткіштің сәулеттік жобаларын жасадым. Бағасын халық берер, де­генмен ескерткіш орнатудың өзіндік ережелері мен канондары бар. Ең бас­тысы, қандай ескерткіш қайда орна­ласуы керек, қоршаған ортаның табиғи бөлігіндей сіңісіп кете ме, соған айы­рықша көңіл бөлу қажет. Бұл мәселе жеке орындаушы мен әкімнің ғана шешімімен емес, көп талқысынан өтіп, арнайы комиссияның ұсынысына сәйкес қала әкімі немесе мәслихаттың шешімімен жүзеге асырылады. Ор­наласу орнын қаланың бас сәулетшісі бекітеді, өйткені қала бас жоспарын тікелей қадағалаушы және өзгеріс­тер енгізуге жауапты адам сол. Шым­кентте соңғы жылдары пайда болған ескерткіштерде осы тәртіп ескеріл­геніне күмәнім бар. Өйткені қала әкімі жанындағы сәулетшілер кеңесі жо­йылған. Ескерткіштерді орнату жө­нінде комиссия құрылғанын естіме­дім. Нәтижесінде, жалпы халық­тың көңілінен шыға бермейтін дү­ниелер көбеюде. Мемлекет қайраткері Ө.Жә­нібековке, Алаш көсемдеріне ор­на­тылған ескерткіштерді құптаймын. Өте дұрыс, тарихымыз үшін де, бола­ша­ғымыз үшін де. Алайда белгілі мем­лекет қайраткерлеріне ескерткіш қою­дың өз ерекшеліктері болуы тиіс. Әдетте саябақтар мен гүлзарларға өнер адам­дарының ескерткіштері орнаты­лады. Бір немесе бір жарым натурада, тұ­ғырсыз немесе орындықта қойып жа­тамыз. Ал ел басқарған, мемлекет қай­раткерлері, қолбасшылардың мү­сіндері үлкен алаңдар мен көшелердің көрнекті жерлеріне, тұғырға орнатылуы тиіс деп есептеймін. Қалай болғанда да, жобалау жұмыстары көппен, әсіресе тиісті мамандармен ақылдасып барып шешілсе дұрыс болады.

– Шымкент қаласында көлік кеп­телісін шешу мақсатында жола­йрықтар салу жұмыстары әлі күнге дейін жалға­сып жатыр. Жолайрықтар қаланың кептелісін шеше ала ма?

– Жолайрықтар жолдың қиы­лысына ғана салынады. Ол қаладағы кептелісті шешпейді. Ең басты мәсе­ле көшенің бойын қалаға шы­ғып кеткенше реттеу керек. Оңайлау, тиімділеу жолын қа­растыру керек. Сол жолда кеп­те­лістің шамадан тыс көбейіп кетпеуі­не назар аударылуы тиіс. Мысалы Бәйдібек би көшесі кемі 6 жо­лақты болуы керек еді, ол қазір 4 жолақты ғана. Сонымен бірге парал­лельді көшелер салуды қолға алу қажет болған. Жо­лай­рық­тардың біреуіне 8 млрд, тағы біреуіне 3 млрд теңге жұмсалды. Соның ор­нына па­раллельді көше салып қоюға болар еді.

– Соңғы кездері аралас құ­рылыс бойынша жиі-жиі айтып жүрсіз. Жалпы сәулетші-құры­лысшы ретінде осы аралас құрылыс туралы түсінікті, оның тиім­ділігін айтып беріңізші.

– Аралас құрылыс дегеніміз – бұл тұрғын үй, сауда-саттық, кеңсе және әлеуметтік, мәдени ғимараттар мен индустриялдық құрылымдардың бір- біріне жақын, жаяу баруға болатындай жерде орналасуы. Басқаша айтқанда, аумақты тек қана бір типтегі құры­лымдармен ғана салу емес. Мұндай мысалдар барлық қалалардың ескі аумақтарын алып қарасақ, жиі кез­деседі. Өйткені бұрынғы кездері ұзақ қашықтыққа тез жету қиындық ту­ғызатын. Себебі бұрын негізінен адам­дар жаяу жүретін. Тіпті, жұмыс орын­дары да өз тұратын аумақтан алшақ емес еді. Мұның бәрі индустриялық дәуірде өзгеріске ұшырап, автокөлік, тағы басқа тасымалдау құралдары пайда болып, жаппай автокөлікке ауысуға байланысты түпкілікті бөлініске алып келді. Сол кездерден бастап ықша­м­аудандар мен өндірістік, коммерциялық аумақтар пайда болды. Адамдар та­ңер­тең жаппай жұмыс орындарына, кешке қарай үйлеріне асығатын көші-қон бас­талды. Осының салдарынан өткен ғасырдың соңына таман ірі қалаларда көшелер ав­токөлікке толды. Кейбір қалалар индус­триясыздандыру тәсіліне көшіп, қала­ны қандай да бір аймақтарға бөлу жақ­сы идея еместігіне көз жет­кізді. Алайда көптеген сарап­шылардың ау­мақ құрылыстарын тек қана бір мақ­сат­қа, мәселен тұрғын үй құры­лысы үшін ғана берілуі дұрыс емес екендігін шегелеп айтса да, соңғы кезге дейін бұл үрдіс жал­ғасып келеді. Бұл үрдіс Шымкент қаласында айқын басымдыққа ие екендігін қазіргі құрылыстар барысынан бай­қауға болады. Мұндай құрылыс үрдісінен АҚШ өткен ға­сыр­­дың 90-жыл­дары бас тартып, құрылыс жоба­лау­шы­лары қауым­дас­тығы аралас құрылыстың пай­дасы ба­­сымырақ екен­дігін мойындады.

Аралас құрылыстың тиім­дігі ал­дымен адамдардың барлық нысанға қолжетімдігін арттырады. Бұл өз ке­зегінде қоғамдық көлікке салмақ сал­майды және ав­токөлікті жаппай қол­дануды қажет етпейді. Есесіне, жаяу жүргіншілер және велосипед инфрақұ­рылымы дамиды. Екіншіден, бұл жеке кә­сіпкерліктің дамуына жол ашады. Өзіңіз ойлаңыз, оларға клиенттерді шақырып, әуре болудың керегі жоқ, өйткені олар жақын маңда жасайды. Ол тұрғындардың өзіне де ыңғайлы, қыс­қа­сы өмір сүруге қолайлы аймақ қа­лып­тасады. Әрине, бұл теорияны құп­тамайтындар да кездеседі. Көптеген құрылыс салушылар үйренген тәсілден ауытқысы келмейді. Сатып алушылар да сол баяғы үрдістен ауытқымай, сондай ықшам аудандардан үй сатып ала береді. Өйткені таңдау жоқ. Оған мысал ретінде Шымкент қаласының солтүстік аумағынан жаппай салынып жатқан тұрғын үй кешендері мысал бола алады...

– Мұндай құрылыс құрылысшы­ларға тиімді ме?

– Құрылысшыларға бір ық­шамау­данда тұрғын үйлер, қо­ғамдық сауда орталықтары мен кеңселерді жоба­лаудан гөрі, бір мақсаттағы, бірегей типтегі үйлерді арзан және тез жо­балап салу – тиімдірек. Біз­де, өкінішке қарай, мем­ле­кет ке­ңес дәуірінде қалыптасқан құ­ры­лыс стандарттарынан арыл­ғысы жоқ, құрылыс салушылар да, көпжылдық дәстүрді өзгер­туге құмбыл емес, өйткені үй­­лерді онсыз да сатып алушы­лар аз емес қой. Ме­ніңше, мұн­дай құ­­ры­лыстардың дәу­рені жа­қын жылдары келмеске кетеді. Өйт­кені біз де жалпы дүние­жүзілік құрылыс индустриясы мен адамзат дамуының бір бөл­шегіміз және нарық­тық эко­номика талабы да өзгеріп отырады.

Қалалар үшін жекелеген ықшамау­дандардың тиімділігі шамалы. Бұл осы салада жұмыс атқаратын көптеген жо­балаушылар мен құрылысшылар тара­пынан дәлелденген нәрсе. Мұны қалай реттеуге болады? Қала аумағының едә­уір бөлігін ықшамаудандар алып жатқаны белгілі. Олардың көшелерін қайта құру арқылы ештеңе өзгерте алмаймыз. Өйткені олар қоғамдық кеңістікке жатпайды. Жаппай абаттан­дыру арқылы да ешқандай нәтижеге жету мүмкін емес, тек бюджет қаража­тын аямай жұмсағаны болмаса. Сонда не істеу керек? Әрине, құрылысты ойланып, сапалы, жобаларға сәйкес салуы керек.

Барлық қалаларда дерлік, қолда­ныстағы аумақтардың ішінде өндірістік аумақ деген бағалы ресурстар бар. Мысалы, Шымкенттің қорғасын зауы­ты, пресс автоматтар зауыты аумақтары сияқты. Бұлар көп жағдайда ықшам аудандарды бөліп жатады. Соларды жаңғыртып, «аралас стилде» қайта құру – қаланы біртұтас ете отырып, сол аумақтарды тек қана тұрғын үйлерге берсек, көшелерге адамдар мен бизнес қайта оралатын болады. Бұл жерде жобалау барысында қателік жіберіп алмау маңызды. Бірақ бұл тұтас бір ықшамауданның мәселесін шеше алмайды. Тек бастамаға түрткі болуы мүмкін. Егер бүкіл ықшамауданды тұ­тастай қарайтын болсақ, мұны шешудің бірнеше жолы бар.

– Өзіңіз сәулетші-құрылысшы ре­тінде мұны шешудің қандай жолы бар деп айта аласыз?

– Бұзып, қайта құру. Біздің эконо­микалық жағдайымызда және әр пәтер жекеменшіктің қолында тұрған кезде мұны іске асыру жоққа тән нәрсе. Өте ұзақ, өте қиын, өте қымбат. Бұл батыс ел­дерінде оңайлау болуы мүмкін, өйт­кені панелдік үйлерді әлеуметтік пәтер ретінде берген немесе тұтастай бір үйдің иесі – бір адам. Бізде бәрі мүлікті жариялау арқылы жекешелендірген. Сондықтан қағазбастылықтың өзі бір­неше жыл уақыт алып, жаппай бұзып, қайта құру экономикалық тұрғыда өте қиын. Ашығын айтуымыз керек, ағым­дағы құрылыстың дұрыстығына мем­лекеттік деңгейде баға беріліп жатқаны шамалы. Ал аумақтардағы шенеуніктер қисық, қыңыр, өткен ғасырдағы үрдіспен жүйесіз құрылыстарды салуға жол беруі арқылы, өздеріне ор қазып жатқандығына сенгісі келмейді.

Іс жүзінде әрқашан ықшамау­дан­дарда құрылыс салуға болатын алаң­қай­лар қалып отырады. Ол жерге көпқабат­ты құрылыстар емес, сауда, кеңсе ғи­мараттарын жапсарлатып салу артықтық етпейді. Бұлар ЖОО корпус­тары немесе қандай да бір бизнес-инкубаторлар болуы мүмкін. Бұларды қаладағы көп­теген автогараждар есе­бінен салуға болады. Бұл қаланы ық­шам етіп, аумақтарды жалғауға, сондай-ақ тұрғын аудандарға тіршілік беруге септігін тигізеді. Бірақ сізге, ешкімге қажеті жоқ бос аумақтарды немесе не істесең оны істе, тек менің аулама тиіс­пе деп, – жан-тәнімен қорғайтын жер­гілікті тұрғын­дарға түсініктеме жұмыс­тарын жүргізіп, келісімге келуге тура келеді.

Мұндай мысалдар батыс елдерінде тәжірибеден өткен. Ірі панельді үйлерді сақтай отырып, қайта құру және қо­сымша ғимараттар салу іске асырылған. Негізгі мақсат – орамдық құрылым жа­сау. Ескі аумақтағы жаңа архитек­ту­ра­лық құрылымдар қолданыстағы біркелкі үйлерді әртүрлендіріп, жабық аулада классикалық үлгіге қайта жа­сақталып, абаттандырылады. Жаңа үй­лердің биік­тігі қолданыстағы үйлер­ден аспайтын, күн сәулесін көле­гей­лемейтіндей етіп құрылады. Тәжірибе көрсеткендей, адам­дар қалыптасқан панельді үйлерден гөрі, сол аудандарда орналасқан жаңа үйлерден пәтер сатып алуға құмар. Сондықтан бұл аумақтарды қайта құ­рылымдауға инвесторлар тартудың да оңтайлы жолы болып табылады.

Қорыта айтқанда, қалалар мен ық­шам аудандарды сақтап қалудың негізгі және тиімді жолы – өндіріс аумақтарды жаңғырту мен қолданыстағы тұрғын ау­мақтарды ара-тұра тығыздау. Бола­шақ­та қала орталығында орналасқан аз қабатты тұрғын үйлерді бұзып, орамдық стилде 5-6 қабатты етіп қайта құру эко­номикалық тұрғыда тиімді, эстетикалық тұрғыда қала статусына сай болары даусыз.

Керісінше, инвесторлардың мұндай жерлерге емес, әдемі саябақты жерлерге көзі түседі. Ал билік осыны үйлестіруі керек. Инвестор келгенде қаланың ескі аумағындағы аз қабатты әбден тозығы жеткен үйлерді көрсетіп, олардың тұрғындармен келісуіне мүмкіндік жасауы тиіс.

– Сәулетшілік те шығармашылық жұмыс. Сіздің жұртшылық орындап жүрген кейбір әндердің авторы екеніңізді естіп қаламыз...

–Иә, өлең жазумен шабыт келгенде ғана айналысамын. Бүгінде жергілікті әншілердің орындауында айтылып жүрген 20-дан аса әнім бар. Ал менің сөзіме жазылған 30 шақты ән бар. Бір жылдары шығармашылық кеш те өткізгенмін. Ән жазу қызығушылық ғана, оған арнайы уақыт бөлмеймін.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы