Мал өрісі неден тарылды?

Табиғаты тамылжыған Көкше өңірінде де жайылым жер тарылып барады

Табиғаты тамылжыған Көкше өңірінде де жайылым жер тарылып барады. Мұндағы алуан түрлі шөптер де жойылып кеткен. Осыдан барып атакәсіпке ден қойған ауылдағы ағайынның жағдайы тіптен қиындай түскен. Жайылым жерінің қоры жөнінен әлемде 2-орында тұрған тоғызыншы территорияда туындаған бұл мәселенің себеп-салдары тереңде жатса керек.

Еліміздегі табиғи жайылымның ау­мағы 182 миллион гектарды құрайды. Бүгінде оның 100 миллион гектардан астамы сор мен сортаң басып, тақыр­ланып кеткен екен. Егістік алқаптардың құнарын арттыруға аз-маз назар ауда­рылғанымен, жайылым жерлердің жағдайы алаңдатарлық күйге түскен.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы ғылым және технологиялар Ұлттық кеңесінің алғашқы отырысында ауыл шаруа­шылығы өндірісін дамытуда ғылыми сараптамадан өткізу мәселесіне көңіл бөлуге шақырды. Расында да, қазір ғылым мен өндірістің арасы мүлде ажырап кеткенге ұқсайды. Жайылым жерлердің тұтастай деградацияға ұшырауының бір себебі осы. Мәселен, 1991 жылы сор мен сортаң күйге түсіп, деградацияға ұшыраған жердің көлемі 15 миллион гектар болса, оның көлемі бүгінде 25 миллион гектардан асып жығылады.

Ақмола облысында 5 миллион гектар жайылым бар. Соның өзінде жайылым жер жетіспейді. Ауылдағы көнекөз қариялар­дың айтуынша, Көкше даласында осыған дейін өскен шөптің ондаған түрі түп-тамырымен жоғалып кеткен.

 Биология ғылымының докторы, ауыл шаруашылығы ғылымдары академия­сының академигі Әбілжан Құсайынов жайылым жерлердің жетіспеушілігінің әрі деградацияға ұшырауының ғылыми түрде негізделген бірнеше себебін атады. Ғалым­ның айтуынша, қазір флораға залал-зар­дабын тигізетін шөптің түрлері көбейген.

– Қазір геоботаникалық зерттеу жүр­гізілмейді. Жайылымдағы шөптің түрлері, мал басының саны, жердің құнарлылығы бәрі түгел есептелуі керек. Мал жайылатын алқап та шаруашылықтар мен ауылдарда нақты көлемде белгіленгені жөн. Мәселен, 1998 жылы Сейфуллин ауылында гео­бота­ника­лық зерттеу жүргіздім. Нәтижесінде, жердің 30 пайызы деградацияға ұшыра­ғанын анықтадым. Осыған дейін өскен ар­пабас, жоңышқа, қойбетеге, бозот, би­дайық, еркекшөп сияқты шөптер азайып, тіпті мүлде құрып кеткен. Оның орнын жусан сияқты зиянды шөптер басқан. Топырақ сортаңданып барады. Тұзы шыққан топырақ жаңбыр жауса иленіп, мал тұяғымен езіледі.

Қазір малды тоқымдай жерге иіріп баға береді. Бұрын ата-бабаларымыз жыл мезгіліне қарай көктеу, күзеу, жайлау, қыстауға көшіп-қонып жүрген. Қазір оған мүмкіндік жоқ. Жайылым жерлер алпауыт латифундистердің қолында. Бұрын бір гектар жерден 15 центнерге дейін шөп жиналса, қазір дәл сол жерден жиналатын шөптің көлемі 5-6 центнерден аспайтын болды. Топырақтың құнарлылығы төмен­деп кетті, – дейді Әбілжан Құсайынов.

Ғалымның айтуынша, жайылым жерлердің деградациясына Кеңес Одағы кезіндегі тәжірибелік стансалардың да азаюы кері ықпал еткен көрінеді. Мәселен, Кеңес кезінде еліміз бойынша 60 тә­жірибелік станса болса, қазір олардың 11-і ғана қалған. Мұндай стансаларда шөптің түрлі сұрыбы өсірілетін. Олардың жеке құзы­рында ғана 4 миллион гектар жер болған. Ал қазір небарі 180 мың гектарда ғана жер тәжірибелік стансалар қалыпты.

– Қазір көпжылдық шөптер егілмейді. Азын-аулақ өсімдік шаруашылықтары болмаса, астық өсірумен айналысатын шаруашылықтар мүлдем шөп екпейді. Топырақтың беткі қабатын қопсытса да өнімділік 2-3 есе артатын еді. Сондай-ақ фосфор, азот сияқты минералды тыңайт­қыштар себілсе де жайылымның құнары
5 есеге дейін артатын еді, – дейді Әбілжан Тоқанұлы.

Тыңайтқыштар демекші, ғалым жайылым жерлерді оңай және арзанға тыңайтқыштармен өңдеудің жолдарын жеткізді. Оның айтуынша, қазір Қара­ған­ды, Екібастұз сияқты қалаларда мил­лиондаған тоннасымен үйіліп жатқан кәдімгі көмірдің жайылым жерлердің қал­пына келтіріп, тозған жерлердің топырағының құнарын арттыруға ықпал ете алады. Осылайша, бір жағынан жергі­лікті жерлердегі экологиялық мәселені шешіп, екіншіден деградацияға ұшыраған миллиондаған гектар жайылымдарды қайта көгалдандырылмақ. Ал Ақмола облысында Степногорск тау-кен-хи­мия­лық комбинатынан шыққан фосфогипсті пайдалануға әбден болады. Заводской кентінде фосфогипстің 9 миллион тоннасы жиналып қалған көрінеді. Оны жайылым­мен бірге егістік жерлерге де қолдануға болады. Бағасы да суперфосфатқа қара­ғанда әлдеқайда арзанырақ.

Ғалым Әлімжан Тоқанұлы сынақ ре­тін­де Ақкөл ауданындағы «Еңбек» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің 240 гектар жеріне фосфогипс сеуіп, бұрын арпа егілген аумаққа көпжылдық шөп егілгенін айтады. Нәтижесі жаман емес. Алғашқы жылдың өзінде өнім көлемі бұрынғыға қарағанда 50 пайызға артқан. Сондай-ақ «Ұмай жер» компаниясы Зеренді ауданында егіс алқабына тыңайтқыштың дәл осы түрі себіпкен екен. Алынған өнім көлемі бұрынғыға қарағанда 25 пайызға артық болыпты.

Ғалымның пікірінше, ауыл шаруа­шылығы саласындағы мекемелер мен ведомстволардың да құзыреті дұрыс бөлінбеген. Осыдан барып саланың дамуы кенжелеп қалған.

– Қазір гипроземді апарып Халыққа қызмет көрсету орталығына қосты. Ал онда топырақтанушылар, картографтар қызмет етеді. Оны ХҚКО-дан алып Экология және табиғи ресурстар министрлігіне бағыныш­ты ету керек. Кеңес Одағында 1 гектар жерді алу үшін Министрлер кеңесінің қаулысы қажет болатын. Ал қазір кез келген аудан әкімі қол қойып-ақ жерді оңды-солды бере салады. Ауыл шаруа­шылы­ғы басқармалары әкімдіктерге қарайды. Сондықтан жер мәселесін шешу үшін олар әкімдікке қарамай тікелей министрлікке бағынышты еткен жөн, – дейді Әбілжан Құсайынов. Расында да, жүйрік аттың тұяғы тозған, ұшқан құстың қанаты талатын сайын дала жерімізді талан-таражға салып, жайылым­дары­мыз­дың тұтастай тақырланып, деградацияға ұшырап, экологиялық жағдай ушығып жатқанын ескерсек, ғалымның айтқан уәжі толықтай жөн деуге негіз бар. Бірақ естір құлақ табылып, жауапты органдар жөнге келтірілсе, ғылым мен өндіріс тізе қосып әрекет етсе құба-құп. Бірақ, әрине бұл мәселенің өзектілігін ескеріп, оған құлақ салатын жан табыла қояр ма екен?!

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы