Елдің айтып жүргені қай Жалаңтөс?

Бұған дейін «Соқыр қорымы» аталып келген Қарағанды қаласы маңындағы қорым енді Жалаңтөс батырдың атымен атала бастады

Бұған дейін «Соқыр қорымы» аталып келген Қарағанды қаласы маңындағы қорым енді Жалаңтөс батырдың атымен атала бастады. Ел ә дегеннен «Бұл қай Жалаңтөс?» деп таңдана қарады. Осы орайда мұрағат­тар­ды ақтарып, өт­кенге үңілген өл­кетанушылар, тарихшылармен шынында бұл қорымның қай Жалаңтөстікі екенін анықтауға тырысқан едік.

Жылдар бойы «Соқыр қорымы» де­ген атпен белгілі болған бұл қа­бірстанның нақты кімдікі екені айтыл­май келгені кеңестік саясаттың ықпалы болса керек.

«Тарихта аты аталатын бірнеше Жалаңтөс бар. Бірі қалмақ пен қазақ арасындағы Ор­бұлақ шайқасында 20 мың қолмен ке­ліп қатысқан Самарқанд билеушісі. Екін­шісі – атақты тарихшы-ғалым Әлкей Мар­ғұлан айтып кеткен Жалаңтөс. Үшін­ші­сі – Орта жүз Арғын тайпасының қара­ке­сек руының Сарым бұтағынан шыққан ба­тыр. Ел ішінде «Шақадан туған Қа­ра­менде бидей еді, Құлықтан туған Жа­лаң­төс батырдай еді» деген нақыл сөз бар. Жа­лаңтөс батырдың әкесінің аты – Жан­сары. Оны жеңгелері Құлық деп атап кет­кен. Кейін қалың елге Құлық атымен жайыл­ған ол ағайынға мейірімді, елге бе­делді, шаруақор адам болыпты. Оның ата­мекені – Қарағанды облысы Ақтоғай ау­данындағы Қызыларай тауының күн­гейіндегі Қаратал өзенінің бойы», – дейді өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан.

Жалаңтөс батырдың қазақ пен қал­мақ жасақтарының арасында бол­ған Бұланты-Білеуті, Қарасүйір, Аңы­ра­қай, Сарыбел, Түркістан, Ташкент, Қар­қаралы, Баянауыл, Құланды, Аягөз, Ұлы­тау маңындағы шайқастардың орта­сын­да болып, ерен ерліктер көрсеткені зерт­теушілердің деректерінде келтірілген.

Жалаңтөстің «Соқыр батыр» ата­нуы туралы деректерде қал­мақ­тар­­дың Қарағанды маңында орналасқан қа­малын бұзып, осы өңірді жаудан толық азат ету кезімен байланыстырады.

Бір ұрыста қалмақтың батыры Жа­лаң­төс батырға қарсы шығады. Екеуі бір түс алысып, ақыры суы бар жал­ғыз талдың қасына келгенде қалмақтың ба­тырын мертіктіріп жығып кетеді. Жау­ды жеңіп, әрі қарай қуып тастап, қайта ора­лып, жалғыз тал өскен судың басына тая­ғанда батырдың көзіне жебе келіп қа­да­лады.

Жанындағылардың бәрі жиналып абыр­жып, не істерін білмей тұр­ғанда Жалаңтөс батыр: «Мына оқты жұ­лып алыңдар!» деп айқай салады. Бірде-бір адамның батылы бармайды. Осыны көрген батыр жебені өзі қос қолдап тұрып суы­рып алады. Батыр көздің орнын таңып бай­лап, судың басына келсе жанындағы жі­гіттер мертіккен қалмақ батырын қа­сын­дағы қарындасымен бірге ат құйры­ғы­на байлап, өлтіреміз деп батырдан рұқ­сат алу­ды күтіп тұр екен.

Мертіккен қалмақ батырының қа­рындасы: «Сауға! Сауға! Сау­ға!» деп батырдың алдына келіп: «Әкем тұ­қымсыз қалады ғой, мынау жалғыз ағам еді, адам болу-болмауы екіталай, жа­ра­қа­тыңыздың құнына мен жарасам ала ке­тіп, ағамды өлтіре көрмеңіздер», – дейді. Содан сабырға келіп, мертіккен қалмақ ба­тырын сол араға тастап, қызды алып ел­ге қайтады.

«Осы шайқаста жеңіске жеткен батыр ағып түскен көзінің құнына өзіне садақ ат­қан қалмақ батырының жалғыз қарын­да­сын және екі құла айғырын алып қай­та­ды. Сол құла айғырларға байланысты «Құ­­­­лайғыр» деген жер атауы сақталып қалған. Ал жаңағы қалмақ батырының жал­ғыз қарындасы батыр бабамыздың үшін­ші әйелі болып босағасын аттайды. Ол анамыздың аты – Ақсұлу. Мен осы ана­мыздан тарадым. Жалпы, Жалаңтөс ба­тыр үш әйел алған адам. Біріншісі То­-бы­қ­­ты Жуантаяқ Шортан дегеннің қызы, есі­мі – Жібек. Екіншісі – Қаздауысты Қа­зыбек бидің қызы Маңқан, үшіншісі – жоғарыда айтып өткен қалмақ батыры-ның жалғыз қарындасы Ақсұлу.

Жалаңтөс батырдың үш әйелінен тараған ұрпақтың өзі бұл күнде үш рулы елге айналды. Атадан балаға жет­кен қымбат мұраның бірі шежіре дейтін бол­сақ, Жалаңтөс батырдың ұрпақтары ту­ралы да біздің қолымызда үлкен ата­ла­ры­мыздың айтуымен жеткен шежіре нұс­қалары бар. Ол шежіреге сүйенсек, Жа­лаң­төс батырдың Жібектен – Алтай, Әжі­бай, Толыбай, Маңқаннан – Бәйгел, Беріс­тен, Бөлтей, Сәрке, Ақсұлудан – Есет, Естай, Рүстем, Бабатай, Көбен деген ұл­дары және Санат, Шәйра есімді екі қызы болған. Он екі ұлынан ұрпақтар өрбіген. Естайдан атақты Сабота шешен ту­ған. Жалаңтөс батыр екі қызының біреуін керейден шыққан ер Жәнібекке ұзат­қан. Ең өкініштісі – бізге ер Жәні­бек­ке байланысты көптеген дерек жетпей қал­ды. Кеңес дәуірінде үлкен аталарымыз ол кісілердің атын атауға қорықты, за­ман­ның қаһарынан қаймығып, көптеген әң­­гіменің сырын аша алмай кетті» деп жа­­­­­зады Жалаңтөс батырдың ұрпағы Қуан­дық Сәденов.

Ал бұл қорымның шыға берісінде Со­қыр өзені ағып жатыр. Өзеннің атауы да сол ерлікті паш етеді. «Бұқар жырау ау­да­ны­ның тарихы» атты монографиялық ең­бекте Жалаңтөс батыр бастаған шайқас – Сарыарқаның құтты өңірі Қарағанды маңында, Нұра жақта болғаны айтылады. Қанды арпалыс кезінде батырдың көзіне жебе қадалғанда да айқас тоқтамаған. Жау садағы тиіп, азат етілген жердің өзен суы «Со­қыр» деп айтылған екен.

Жері үшін, елі үшін жауға қарсы шауып, ерлігімен батыр атанған Жа­лаңтөс батырдың есімі халыққа қайт­қалы көп болған жоқ. Дегенмен ел болып көтерген мәселе орнын тауып, Соқыр қоры­мының Жалаңтөс батырдың атымен қай­та аталғаны дәтке қуат. Десе де, өске­лең ұрпақ біліп жүру үшін Қарағанды об­лысындағы аты дүбәра «Красная поляна», «Южный» (бір қызығы, «Құлай­ғыр» стансасы осы «Южный» кентінде ор­наласқан), «Долинка» сияқты елді ме­кендердің біріне батыр аты, Қарағанды қаласында көше берілсе, батыр ескерткіші де елдіктің, ерліктің үлгісіндей болып тұр­са орынды болар еді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы