Биллидің рөлін сомдау үшін жындыханаға бардық

Астаналық театрсүйер қауым Жанат Оспановты жақсы таниды

Астаналық театрсүйер қауым Жанат Оспановты жақсы таниды. Себебі ол – сахнадағы шынайылығымен әр жүрекке жол таба білген актер. Оның рөлдері де бір-біріне ұқсамайды. Бірде есі ауысқан жындының образын сомдаса, енді бірде қатыгез орыс офицерін, даналық жолына түскен бозбаланы ойнайды. Дегенмен сахнада шашасына шаң жуытпаған актер өмірде тұйық. Көп жерге ашылып сұхбат бермейді, киноға да жиі түспейді. Біз Жанат Оспановпен тілдесіп көрдік.

– Өнер жолына қалай келдіңіз? Бала күніңізде кім болуды армандадыңыз?

– Мен Алматы облысы Талғар ауданы Алмалық ауылында дүниеге келдім. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезде актер боламын деп армандаған емеспін. Тіпті, қоғамдық жұмыстарға қатысуға ынтам да болмайтын. Тентектеу болғандықтан, жоғары сыныптарда сабақтан қашып кететін болдым. Сынып жетекшіміз кешке анамнан сүт алуға келгенде үнемі мен туралы шағымдарын айтатын. Осы қылығым үшін үйдегілер «10-11 сыныпты оқымайсың, тех­никалық мамандандырылған мектепке түсіп, қолыңа сертификат ал» деді. Сол кезде үлкен ағам архи­тектураның колледжін бітіріп, Т.Жүргенов атындағы академияға тапсырып жатты. Үйдегілер «ініңе оқу қарай сал» деп ескерткен болатын. Содан кешке ағам келіп, «Ж.Елебеков атындағы Алматы эстрада-цирк өнері колледжі бар екен. Сол жаққа барып көр» деді. Бірақ мен ән айта алмаймын. Отбасымыз­дағылардың ешқайсы­сының өнерге қатысы жоқ. Сондықтан колледждің цирк бөліміне тапсырып көремін деп шештім. 1-2 күннен кейін әкем мені колледжге апарды. Ол кісі құжаттар жайлы сұрауға кеткен кезде, мен дәліз бойындағы колледж мақта­ныш­тары­ның портреттерін қарап шық­тым. Дә­ліз соңындағы кабинетте талапкерлер актерлік бөлімге тапсырып жатыр екен. Мен сол есікке таяған кезде, ішінен Майса апай шығып: «Келесі сен бе? Жүр» деп кіргізіп алды. Мені қандай күш итермелегенін білмеймін, тәуекел етіп кабинетке кіріп кеттім. Ол кезде ұялшақ болатынмын. Емтиханды халық әртісі Бәйтен Омаров пен бо­ла­шақ кураторы­мыз Майса апай қабылдап отыр екен. Сол кезде сахнаға бірінші рет шықтым. Өзімді таныс­тырып, комиссияның сұрақтарына жауап бердім. «Жүре берейінші. Мен негізі цирк бөліміне келіп едім» дедім. Бәйтен ағай «Жоқ. Бір өлең оқы» деді. Ойыма «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан....» деген Абайдың өлеңінің жол­дары келді. Соның төрт шумағын оқып бердім. Сосын «Биле» деді. Мен «Билей алмаймын» дедім. «Дискотекада қалай билейсің, солай биле» деді. Осы жерден тезірек құтылып, шығып кетсем екен деп тез-тез айтқандарын істедім. Сосын қағазға мысал, этюд, проза не екенін түсіндіріп жазып берді. Осыларды дайындап келуіме екі күн берді. Өз бетімше ізденіп, айтқандарын жаттадым. Шығармашылық емтиханды осылай тапсырып шықтым. Шектік бал жинаппын. Бірақ сынақ нәтижесіне сенбей, екі рет барып бағамды қарадым. Осылайша, оқуға түсіп, Бәйтен Омаровтың тобында 3 жыл оқыдым. Бітіргеннен кейін қазіргі «Жас сахна» театрын аштық. Ол кезде «Ата Бәйтен», «Бәйтен театры» деп аталатын. Бітір­геннен кейін Т.Жүргенов академиясына тапсырамын деп жүргенмін. Бірақ ағай «Астанаға барыңдар. Ол жақта жаңа театр ашылды» деп бізді осы жаққа жіберді. Қ.Қуанышбаев театрына жұмысқа тұрамыз деп өз-өзімізге сенімді болып келдік. Бірақ театрдың көркемдік жетекшісі Бекболат Құрман­ғожаев аға «Сендер оқыңдар. Колледж­дің дипломы­мен жалақыларың да аз болады. Уақытты суытпай пайдаланың­дар» деді. Ол кезде Шабыт музыкалық академия болатын. Шығармашылық емтихан тапсырып, Лейло-Бекназар Ха­нин­ганың тобында төрт жыл оқы­дық.

– Қай рөліңіз жаныңызға жақын? Не себепті?

– Шыны керек, мен рөлдерімнің ешқайсысын бөліп-жара алмаймын. «Маған бәрі бірдей» деп айту жаттанды жауап болып көрінетін де шығар. Әрине, арасында «әттеген-ай» деген, көңілімнен шықпаған рөлдерім болды. Ал жаныма жақын 5-6 рөлім болған шығар. Ол – «Жұт» спектакліндегі Ахмет, «Абайдағы» Әбіш, «7+1-дегі» Билли, «Сәкен Сұңқардағы» Игорь, «Қорғансыздың күніндегі» Жарық. Көп деп те айта алмаймын. Әр рөлім өзінше жақын.

– Театр сізді өзгертті ме? Осыдан он жыл бұрынғы Жанат пен қазіргі Жанатты салыстыра аласыз ба?

– Иә, өзгертті. Мен театрға 2009 жылы келдім. Содан бері көзқарасым, ойым өзгерді. Бірақ студент кездегі Жанат қазір басқа адам болып кетті деп айта алмаймын. Бәрібір де сенің алған білімің мен тәрбиең өзгеріссіз қалады. Студенттік кездегі жастық жалын қазіргі Жанатта жоқ. Театрдың тыныс-тіршілігін көргеннен кейін бәрібір басыласың. Әр оқиғаны ойың мен түйсігіңнен өткізіп бағалайсың. Оған оқу бітіргеннен кейін бір жыл әскери борышымды өтеп келгенім де әсер еткен шығар.

– Көп актерлер әскерге барудан қаша­ды. Ал сіздің Отан алдындағы бо­ры­шыңызды өтеуіңізге не түрткі болды?

– Қ.Қуанышбаев театры кастинг жариялап, 3-4 курс студенттерінің арасынан бізді таңдап алды. Оқу мен жұ­мысты қатар алып жүрдім. Бітірген­нен кейін мені театрға толық штатқа алатын болды. Бірақ штатқа кіру үшін Алматы­дағы тұрғылықты жері бо­йынша тіркеуім­нен шығып, күзде Аста­надағы халыққа қызмет көрсету орта­лығына бардым. Ал олар әскери тіркеуімді сұрады. Әскери бөлімшеге барған кезде қолыма шақыру қағазын ұстатты. Мен «оқуымды енді бітірдім, жұмысқа тұрайын деп жатырмын» десем де олар тыңдамады. Сонымен, театр басшылығы әскери бөлімшеге хат жазып, алып қалатын болды. Бірақ әскери бөлімше ол ұсыныспен келіспепті. Осылайша, заң алдында жауапкершілігімді орындайын деп әскерге баруға келістім. Медициналық комиссиядан да өттім. Талдықорғанға жіберді. Сол кезде біраз адам: «Өнерден суып қаласың. Әртістерге армияға барып қажет емес. Сен келген кезде қатарлас­тарың алға озып кетеді» деп айтып жатты. Екіұдай сезіммен әскерге бардым. Талдықорғанда ант қабылдап, қалған сегіз айымды Таразда өткіздім. Әскердегі өмір мен қоғамдағы өмірді салыстыру қиын. Әскерде тәртіп, тазалық бар. Ешкім басыңнан сипап еркелетпейді. Бірақ мен әскерге барғаныма өкінбеймін. Әскерден келген соң театрым да құшақ жая қарсы алды. Қазір менен «әскерге қайта барасың ба?» деп сұраса, мен тағы барар едім. Себебі менің қалыптасуыма сол жыл үлкен үлес қосты. Әрбір ер адам қару-жарақты ұстап көруі керек деп ойлаймын.

– Режиссер сізге рөліңізді бекітіп бер­ген­нен кейін, ары қарай қалай дайын­даласыз?

– Өз рөліңді зерттеп, ізденіп, сол рөл­мен ауыра бастайсың. Егер немқұрайлы қара­саң, рөлің де төмен деңгейде шығады. Кейбір рөлдер жазылған кезде қызық ойнауға ыңғайлы етіп жазылады. Ал кейбір рөлдер актердің ізденісін талап етеді. Өйткені драматургиялық жағынан ашылмаған рөлдер болады. Жалпы, кез келген рөлге дайындықпен келемін. Кейбір рөл оң жамбасыңнан келеді, оны актер  өзі де сезеді. Ал тағы бір рөлдер уақыт өте келе ашылады. Рөлді толық зерттегеннен кейін, қосымша характер қосасың. Образдың сыртқы формасын танып қана қоймай, ішкі дүниесін зерттеу керек.

– «7+1» спектаклінде Биллидің рөлін сомдадыңыз. Өмірде Билли сияқты адамдар көп. Сіздің ойыңызша, Биллидің образы ашылды ма?

– «Сәкен Сұңқардағы» Игорь рөлін ойнау маған қиынға соқты. Өйткені ол образ маған жат еді. Бірақ соңында бәрібір жағымсыз кейіпкерді көрсетуім керек болды. «Сәкен Сұңқарда» ойнау үшін бұрынғы әскери фильмдерді көп зерттей бастадым. Әскери адамның образын сырттай емес, іштей ашуға тырыстым. Ал Биллиді ойнау одан да қиын болды. Себебі «7+1» танымал шығарма, киносы да бар. Режиссер «фильмін қараңдар» деді. Бірақ сенесіз бе мен әлі «7+1»-дің киносын көрген жоқпын. Өйткені мен кейіпкерімді кинодан көшіріп аламын ба деп қорықтым. Бастапқыда біз жынды адамның сырт бейнесін ойнай бастадық. Спектакль бәрімізге қиын болды. Мен де образыма бірнәрсенің жетпей тұрғанын ойлап, қатты уайымдадым. Тіпті, тыныш ұйықтай алмайтынмын. Осы рөлге дайындала­мын деп арықтап та кеттім. Адам психикасына байланысты кітаптарды оқып, спектакльдерді, ғылыми фильм­дерді қарадым. «7+1» қойылымына қатысатын актерлер рұқсат алып, жындыханаға бардық. Ол жақтың атмосферасы мен адамдары маған қатты әсер етті. Бұл рөлді қалай ойна­уым керек екенін сол кезде түсіндім. Ол жақтағы жандарды ауырады деп айта алмайсың. Біздің актерлерді танып, амандасты да. Бірақ сөйлесіп отырып сол жандардың көзіне қарасаң, бәрін түсінесің. Биллидің образы пьесада кекештеніп сөйлейді деп жазылған. Мен кекештенудің се­беп­­терін қарай бастадым. Сөйтсем, оның өзі ғылым екен. Бір ай образға дайын­даламын деп кекештеніп сөйлеп жүріп, өмірде де кекештеніп кеттім. Басқа қойылымдарда ойнап жатқанда немесе күнделікті дастарқан басында отыр­ғанд­а сөйлей алмай, қайта-қайта тұ­тығып қала­тын болдым. Бұл әдетімнен өзім қорқып, дер кезінде тоқтаттым. Биллидің рөлі 100 пайыз ашылды деп айта алмай­мын. Мен білетін жетпей тұрған тұстары бар. Бірақ бір әттеген-ай дейтінім, ол спектакль қазір жиі қойылмай жүр.

– Менің ойымша, «7+1» спектаклін­дегі көтерілетін мәселе жындыханада емес. Сол жын­ды­хананың қазіргі қо­ғамдағы адамдар­дың миында болғанында ғой. Келісесіз бе?

– Иә, мен де солай ойлаймын. Бұл спек­такльдегі кейіпкерлердің әрқай­сысы біздің қоғамымызда өмір сүріп жүр.

– Киноға көп түспейсіз. Неге?

– Астанада кино өте аз түсіріледі. Өйткені Астана түсірілімге қолайлы қала емес. Кино индустриясы негізінен Алматыда қатты дамыған. Біздің буын әу баста театрға келген кезде «Театрға адал болыңдар. Театрды сүйіп, жұмыс істеңдер» деген сөзді көп естідік. Содан да шығар сахнаға адалмыз. Алматыға барып, түсірілімнің қызған ортасында жүретін кезімізде біз театрда жүрдік. Спектакль болмаса да театрға дайын­дыққа келетінбіз. Осында қонатынбыз. Жан дүниемізді, ең бір жалынды шақтарымызды театрға арнадық. Мен бұған еш өкінбеймін. Қазіргі жастардың бойында мұндай адалдық жоқ. Мүмкін заман өзгерген шығар. Киноға түсу үшін 2-3 ай Алматыға бару керек. Сол жақта режиссерлердің көзіне түсіп, жүру керек. Ауылдағы ағайындар «Қашан сені кино­дан көреміз?» деп жиі сұрайды. Олар біздің сфераны дұрыс түсінбейді. Актер деген тек телеарнада жүреді деп ойлайды. Әр нәрсенің өз уа­қыты бар. Мүмкін ол уақыт әлі кел­меген шығар. Ал қазір мен театрдамын.

– Театрдан бос уақытта немен ай­налысасыз?

– Кітап оқуға жиі көңіл бөлуге тырысамын. Бос уақытымда балық аулауға барамын. Көлдің жағасында отырып, ойланғанды ұнатамын. Ме­талл детекторы арқылы ескі монеталар іздейтін әдетім де бар. Кезінде ата-бабаларымыз тұрып кеткен қоныстарға да барамыз. Табиғат аясында бір қолы­ма металл детектор, екінші қолыма күрек алып жүрген кезде демаламын. 1800, 1700 жылғы монеталарды альбо­мы­ма жинаймын. Бұл хоббиімнің пайда болғанына 6 жылдай болды.

– Өмірлік жарыңызды да театрда кез­дестіріпсіз. Сол жайлы айтып беріңіз­ші?

– Алтынгүлді бұрыннан танитын­мын. Лейло апайдың тобына бізден кейін түсті. Университет қабырғасында оқып жүрген кезінде байқамаппын. Кейін театрға жұмысқа кірген кезде де тек әріптес ретінде араласатынбыз. Бір күні ішімде Алтынгүлге деген сезім пайда болды. Содан бастап бір жылдай жақын сөйлесіп, араластық. Екеуміз де өнер адамы болғандықтан, үйдегі әңгіме де театр жайлы. Бір-біріміздің рөл­дері­мізді талқылап отырамыз. Қазір бала­мызды тәрбиелеу жайлы жиі сөй­лесеміз. Әке болу да мамандық екен.

– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Нақты мынау менің ұстанымым деп айта алмаймын. Себебі заман өзгеріп жатыр, адам да өзгереді. Бірақ ата-анаңның берген тәрбиесі өмірлік ұстаным болып қалады. Кейбіреулер «өмірлік ұстанымым – шынайы болу» дейді де өтірік айтудан ұялмайды. Өйткені оның алған тәрбиесі сондай. Ата-анам мені адал болуға үйретті. Сондықтан мен өмірлік, өнердегі сұрақтарды адал шешуге тырысамын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Көктем ҚАРҚЫН