Көлгінов: Қызылордада «Ауыл аманатын» жүзеге асыруға 3 миллиард теңге қарастырылған

Арал ауданы Сексеуіл ауылында 40 төсектік аурухана құрылысын салу жоспарланған.

Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында апатты жағдайдағы ауыл мектептері мен денсаулық сақтау нысандарында болып, жастармен, сондай-ақ ауыл тұрғындарымен «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысу мәселелері бойынша кездесу өткізді.

Президент тапсырмаларын орындау аясында білім беру, денсаулық сақтау және жұмыспен қамту мәселелері ерекше бақылауда. Мектеп тапшылығы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мен «Білім беруді қолдау» қорының көмегімен шешілетін болады. Соның нәтижесінде үш жыл ішінде өңірде 30-дан астам білім беру нысанын салу межеленген. 

Қызылорда облысында медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін биыл облыстық қан орталығы мен мамандандырылған емханасы бар 300 орындық (онкологиялық бөлімшесі бар) көпсалалы аурухана, Арал ауданы Сексеуіл ауылында 40 төсектік аурухана құрылысын салу жоспарланған. 

 

Жастарды жұмыспен қамту – Қызылорда облысындағы өзекті мәселелердің бірі. Жастар ресурстық орталығында өткен кездесуде мемлекет ұсынған мүмкіндіктер туралы айтылды. Атап айтқанда, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу барысында жалақыны субсидиялайтын «Бірінші жұмыс орны» және оқу процесінде еңбек тәжірибесін жинауға көмектесетін «Жастар практикасы» жобалары іске қосылды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 5-7 жылдан аспайтын мерзімге, жылдық 2,5%-дан бастап, икемді шарттармен 5 млн теңгеге дейін несиелер беру арқылы жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдайды. Қызылорда облысында 2023 жылы осындай жобаларды іске асыруға 1,2 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта 7 өтінім мақұлданды. Бизнесті дамытудың тағы бір тәсілі – халықтың әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған топтары үшін өтеусіз грант табыстау.

А. Көлгінов жастармен белсенді жұмыс жүргізу, жастарға бағытталған қолдаудың барлық тетіктері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажеттігіне тоқталды.

 

«Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жастар мәселелерін шешудің пәрменді тетіктері енгізілді: жастарды оқыту, жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға көмектесу, тұрғын үй сатып алуына жәрдемдесу және т. б. Көбінесе жастар өздеріне берілген мұндай мүмкіндіктер туралы білмейді. Ақпараттандырудың, кері байланыс орнатудың барлық тәсілдерін қолдану қажет. Өйткені жастарды қолдауға қаражат қарастырылып, толық көлемде бөлінетін болады», — деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары. 

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға бағытталған. Оны Қызылорда облысында жүзеге асыруға 2023 жылы 3 млрд теңге қарастырылған. 

Премьер-министрдің орынбасары Қызылорда қаласына қарасты Баймұрат батыр ауылы тұрғындарымен кездесіп, бағдарламаның шарттарына тоқталды.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарына өз бизнесін бастауға немесе бұрыннан бар бизнесті дамытуға мүмкіндік береді. Ол үшін жеңілдікпен несие мөлшерлемесі енгізілді, бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде. Ауыл тұрғындарынан талап етілетін басты нәрсе – бастама көтеру мен жұмыс істеуге деген ұмтылыс. Ауылда жайлы өмір сүру үшін жағдай жасалуда: мектептер, ауруханалар, жолдар, инженерлік инфрақұрылым салынуда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы – ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсартудың тағы бір қадамы», — деп атап өтті Үкімет басшысының орынбасары.