"15 градусқа дейін аяз болады": 18-20 сәуірге арналған ауа райы болжамы жарияланды

18-20 сәуірде еліміздің солтүстігінде, орталығында, шығысында түнде ауа температурасы 7-15 аязға дейін төмендейді.

«Қазгидромет» РМК мамандары 18-20 сәуірге арналған ауа райы болжамын жариялады. 

 

Синоптиктер болжамынша, атмосфералық фронтальды бөлімдердің өтуіне байланысты алдағы күндері елдің басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады.

Еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын болады. Шығыста 18 сәуірде қар жауады, оңтүстік-шығыста 18-19 сәуірде жауын-шашын болады (жаңбыр, қар).

«Скандинавия аудандарынан солтүстік-батыс антициклоны енуінің әсерінен 18-20 сәуірде еліміздің солтүстігінде, орталығында, шығысында түнде ауа температурасы 7-15 аязға дейін төмендейді, батыста, оңтүстік-батыста, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста түнгі уақытта аяз сақталады, ал күндізгі температура біртіндеп жоғарылай бастайды», – делінген хабарламада.

Республика бойынша жел күшейіп, тұман түседі, оңтүстік аймақтарда шаңды дауыл тұрып, найзағай ойнайды. Солтүстік, солтүстік-батыс, орталық және шығыста – көктайғақ болып, жаяу бұрқасын болады.