«Қолөнершілер орталығы» Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы шеңберінде іске асырылуда. Аталмыш Жолдауда ҚР Үкіметіне өнердің дарынды өкілдерін, оның ішінде суретшілер мен мүсіншілерді қолдау жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу тапсырылған болатын. Орталық отандық қолөнерді қолдауға, сауда аймағын құруға, сондай-ақ сәндік-қолданбалы өнер саласындағы музей маркетингі мен менеджментін дамытуға бағытталған.
Ал «Палеонтология» залы тарихқа дейінгі кезеңдегі Қазақстанның жануарлар әлемінің алуан түрлілігі мен байлығын насихаттауға, сондай-ақ әртүрлі геологиялық дәуірлерде өмір сүрген омыртқалы тіршілік иелерінің эволюциясын көрсетуге арналған. Онда тираннозавр, үш саусақты гиппарион жылқысы, үлкен мүйізді бұғы, алып мүйізтұмсық (индрикотерий), мамонт секілді ежелгі тарихқа дейінгі кезең жануарларының және Қазақстан аумағында палеонтологтар мен геологтар тапқан басқа да тіршілік иелерінің қаңқалары жинақталды. Экспозицияда жалпы саны 263 экспонат ұсынылып отыр.
– Динозаврлар кезеңінен келе жатқан Ұлы Даладағы тіршілік пен мәдениетті осы көрмеден тамашалауға болады. Мұндағы археологиялық мұраны отандық академиктер 30 жыл бойы жинаған. Көрме залы балаларға қызықты заманауи форматта жасалып отыр, – дейді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.
Көрменің хронологиясы б.з.д. IV мыңжылдықтан XIX ғасырдың ортасына дейінгі кезеңді қамтиды. Бұл қазақ дала өркениетінің өз мәдени кодын қалыптастыра отырып, үдемелі дамып келе жатқан уақыт. Экспозицияның негізін Қазақстан Республикасының бірқатар музейлерінің қорларынан алынған шынайы сирек жәдігерлер құрайды, өйткені Қазақстан тарихының барлық негізгі дәуірлері таныстырылатын болды.
К.ҚАРҚЫН