Аталған мәселені Партиялық бақылау комиссиясының өкілдері, филиал жанындағы Мемлекеттік басқару және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері және аудан әкімінің жауапты орынбасары мен түрлі мекеме басшылары назарға алды. Атап айтқанда, Мәдімар көшесі бойымен өтетін мемлекеттік меншіктегі тозығы жеткен жалпы ұзындығы 3 шақырымды құрайтын «Көктал-2» су арығынан Мәдімар көшесі бойындағы 5 тұрғын үйге қауіп төніп тұрмағанын алдын ала тексеру бойынша топ құрылып, ол зерделеу жұмыстарын жүргізді. Кездесуге шаруа қожалық басшылары мен Мәдімар көшесі тұрғындары да қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Т.Жамалов аталған «Көктал-2» су каналымен ауылға қарасты 200 гектарға жуық егіс алқабына су баратынын және де канал суын тоқтату мүмкін емес екені туралы айтып өтті. «Көктал-2» каналы 2022 жылы әкімдік теңгеріміне өткен, 2023 жылы жалпы аудан бойынша 16 каналға жобалық-сметалық құжаттары рәсімделгеннен кейін 2024 жылы күрделі жөндеу жұмыстары рет-ретімен басталмақ.
Комиссия және кеңес мүшелері тұрғын үйлердің қауіпсіздігі үшін 2024 жылды күтпей, каналға жөндеу жұмыстарын жүргізгенге дейін оның ернеуіне 270 метр ұзындықта арнайы құрылыс целлофанын төсеп, құм қаптармен қорған жасауды ұсынды. Аталған мәселе толық шешімін тапқанға дейін партияның бақылауында болады.
Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ