Кинотанушы мұрасы дәріптеледі

Қазақ ұлттық өнер университетінде 20-21 сәуір күндері «Бауыржан Нөгербек мұрасы: теория, сын және кинопедагогика» атты еліміздегі кәсіби кинотанудың негізін қалаған кинотанушы, профессор, өнертану кан­дидаты, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Бауыржан Рамазанұлының 75 жылдығына арналған Халықаралық форум өтеді.

Форум Қазақ ұлттық өнер университетінің 25 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып отыр. Іс-шара аясында профессор Бауыржан Нөгербек мұраларының бүгінгі кино индустрия мен кинотану саласындағы маңызы туралы мәселелер қарастырылады. Отандық және шетелдік кинотанушылар мен кинематографистер қатысатын ғылыми-тәжірибелік конферен­ция өтеді. 

Сондай-ақ аталмыш форум аясында қазақ киносының белгілі шеберлері – кинорежиссерлер Дәрежан Өмірбаев пен Болат Қалымбетовтің фильмдері көрсетіліп, шеберлік дәрістері ұйымдастырылады. Сонымен бірге кинотанушы, өнертану докторы Гүлнар Әбікееваның шеберлік дәрісі жоспарланып отыр. 

К.ҚАРҚЫН